Қуалап ұйтқи соққан заман желі,
Қаңғып жүр көкала үйрек содан бері.
Қымқуыт түпсіз, терең кең әлемде,
Пенде жоқ мұны сезер жаман жері.
Н.Айтұлы
Екі ақынның да ұғымында көкала үйрек – сөз киесінің, ақындықтың символы. Несіпбек ақын Кемпірбай заманында үркіп кеткен көкала үйрек ақынның соңында қалған жалғыз тұяғына ғана емес, бүкіл алаш жұртына бұйырмай кетті дейді. Бұдан өткен қасірет болар ма? Иә, естіп отырып күңіренесің…
«Мен шапсам жер танабы қуырылған» – деп жырлаған Кемпірбайдың әр толғауы айырықша бейнелі, өнегелі, өткір наркескендей сөздерден тұрады. Өзінен екі мүшел жас үлкен Шөжеге:
Келіп ем бұл жиынға өктемденіп,
Жүріп ем қу соқырдан секемденіп.
Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп,
Жығылдым екі аяғым көктен келіп, – деуі бір жағынан албырттығы болса, екінші жағынан бет қаратпайтын өктемдігі деп қарау керек. Рас, бұрын да ханның өзіне қасқайып тұрып қарсы айтатын арқалы ақындар болған. Одан кейінгілер күн көсемді мадақтап, орден таққандарына мәз болып, ел көзінен ұмытыла бастады…
Әйтседе шындықты бетке айтып, қаймықпайтын ақындар біржола жойылып кетті деуге болмайды. Осыдан 30 жыл бұрын, әлде одан да бұрын «Сары тентек» атауына ие болған ақын, халықаралық, республикалық ақындар айтыстары фестивальдарының лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы», бард Қуаныш Мақсұтовты қазақ елі білетін болар.
Қарағанды қаласында ОКЖ КММ, «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ-нің қолдауымен, жаңадан ашылған #3 «Өлкетану» кітапханасында «90 жылдыққа – 90 кездесу» жобасы аясында «Дәуірді дүбірлетер дүлдүл ақын» атты әдеби-сазды кездесу кеші өтті. Кеш ақын Кемпірбай Бөгенбайұлының 190 жылдығын қоса қамтығанын айта кету керек.
Кездесу кешіне алаштанушы, әлихантанушы Т.Әміртайұлы мен журналист, жазушы, драматург Е.Балташұлы арнайы шақырылды. Олардан бөлек кітапхана оқырмандары, баспасөз қызметкерлері, құрметті зейнеткерлер, мектеп оқушылары, колледж студенттері қатысты.
Кешті Қуаныш ақын Кемпірбайдың айқайымен ашты. Өте әсерлі шықты. Ұранды ердің әруақ шақырғанындай әсер етті. Жиналған көпшілік есті ән, Кемпірбай мен Әсеттің бақұлдасуын тыңдап көңілдерін көтерді. #14 мектеп оқушыларының дайындап әкелген өнерін тамашалады.
Жаңашыл формада ұйымдастырылған әсерлі кездесу кешінде Т.Әміртайұлы, Е.Балташұлы, С.Келдібаев, ақын Серғазы Қабылдаұлы, Е.Серімов, қолөнерші Қылышбек Құрмантегі, К.Төлеуханова, Ғ.Смағұлова, М.Күзембаев т.б. қатысушылар замандары басқа болғанымен, Кемпірбай ақын мен Қуаныш ақын табиғатының жақындығын, айтыс үндестігінің ұқсастығын баса айтты.
Осы ретте ойланатын жағдай болып қалды. Кештің өнебойындағы әңгіме арқауы Кемпірбай ақынға арналды. Қасиеті көкала үйрегі екендігі бірнеше қайталап айтылды. Бұдан шығатын түйін көкала үйрек алысқа кетпеген екен, маңайымызда ұшып жүріпті. Таңдап жүріп Ақша мен Түйте ұрпақтарының кеудесінен орын теуіпті. Ермек Балташұлы мен Қуаныш Мәжкенұлының қайсарлығы, беттілігі, шындықты тайсалмай айта алатындығының сыры осында болса керек.
Қазақ даласында қаншама көкала үйрек ұшып жүр десеңізші! Қайырын берсін, ұрпақтарымызға жұғысты болсын!
Аңғар СМАҒҰЛ