КИБЕРҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕСТІҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІН ҮЙРЕТТІ

Кейінгі уақытта кибералаяқтардың тарапынан тұрғындарды алдап, қаржысын жымқыру деректері жиілеп тұрғаны жасырын емес. Соған сәйкес оған қарсы күрес те күшейіп жатыр. Алаяқтар да айла-амалдарын жиі өзгертіп, небір түрлі тәсілдерді ойлап табуда. Яғни бұдан шығар қорытынды – олармен күресетін тәртіп сақшыларының да білімін жиі-жиі жетілдіріп отыру қажет-ақ. Облыста осы киберқатерге қатысты жаңа әдістерге оқыту қолға алынды.

Қарағанды облысы полиция департаментінің киберполицейлері алғашқылардың бірі болып әлемдегі ең ірі қауіпсіздік ұйымының тестілеуінен өтті. Бұл ұйымға Еуропа, Солтүстік Америка және Азиядан 57 ел кіреді.

  • Бұл карталаудың мақсаты – киберқылмыспен күреске тартылған қызметкерлердің білім деңгейі мен даярлығын анықтау. Жиналған ақпарат болашақта бүкіл Қазақстан бойынша киберқылмыспен күрес саласында мамандарды даярлау стратегиясын әзірлеуге негіз болады. Ертең Қарағанды ІІМ академиясына баруды жоспарлап отырмыз. Мақсат пен міндет те сол – полиция қызметкерлерін киберқылмыспен күрес бағытында оқытатын профессорлық-оқытушылық құрамның білім мен дағдыларын бағалап, карталау жүргізу, – дейді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің киберқылмыспен күрес бойынша ұлттық үйлестірушісі Михаил Асафов.

Тестілеу Қазақстанның барлық өңірінде жүргізіледі. Алынған нәтижелерді жинақтап, мамандарды оқыту жоспары халықаралық Еуропол стандартына сәйкес жасалады. Бұл стандартта мамандардың 10 деңгейлі біліктілік талаптары бар.

Михаил Асафовтың сөзіне сүйенсек, жаңа стратегия тек ішкі істер органдары қызметкерлеріне ғана емес, прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі сияқты өзге де құқық қорғау органдарына да қатысты болады. Осы орайда спикер Ұлттық қауіпсіздік комитетімен де тығыз жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

Бүгінде Қазақстанда киберқылмыспен күресу үшін антифрод-орталық құрылып, биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Алаяқтық операциялардың алдын алу бойынша банктер, микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейтілген.

Сарапшылардың пікірі бойынша жаңа білім мен тәжірибе құқық қорғау органдарының заманауи киберқауіптерге – криптовалютаны пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға, жасанды интеллект технологияларымен жасалатын алаяқтыққа тиімді қарсы тұруына көмектеседі. Сонымен қатар электрондық дәлелдемелер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қос тарапқа ыңғайлы жолға қоюға жол ашады.

Манас АҚСАРЫ