Кибералаяқтық дерегі кеміді

Кибералаяқтар жеңіл ақша табу үшін ешбір тәсілден тайынбайды. Оны күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп жүрміз. Бұл оқиғалар арагідік халық арасында қоғамдық резонанс тудыратыны да өтірік емес. Мәселен, алаяқ қарағандылық зейнеткерлердің 11,8 млн теңгесін сыпырып алған. Қуанышқа қарай, тәртіп сақшылары алаяқты ізін суытпай қолға түсірді.

Оқиға былай болған, Қарағандының орталық полиция бөліміне үш күнде үш егде жастағы әйелден алаяқтардың құрбаны болғандары туралы арыздар түседі. Алаяқ оларға телефон шалып, психологиялық қысым жасаған. Үлкен кісілердің тез сеніп қалатындығын пайдаланып, ірі көлемде ақша жымқырған. Алдын ала ойластырылған схема бойынша олар жәбірленушіге жақындары туралы жалған ақпарат айтады. Яғни бейтаныс адам ретінде қоңырау шалып, асығыс және асығыстықтан сөзден шатысқандай болып олардың қызы немесе немересі жол апатын жасады деп хабарлайды. Қариян сендіру үшін фонға нешетүрлі дауыстар қойып, жақындарының дауысын шеберлікпен келтірген. Содан кейін алаяқ ақшаны дереу курьер арқылы жіберуді талап етіп, егер жіберсе, жақыны жауапкершіліктен босатынын айтады. Сеніп, оның үстіне үрейленіп қалған қариялар жақындары үшін барлық ақшасын берген. Осылайша келтірілген шығын сомасы 11,8 млн теңгеге жеткен.

Қарияларды тыңдаған тергеу-жедел тобы барлық үш жағдайдағы курьердің сипаттамаларының ұқсастығына бірден назар аударды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер Қарағанды қаласының 23 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Жәбірленушілер оны ақша алып кеткен курьер ретінде таныды. Ал жас жігіт өзінің жасаған ісін мойындап, зейнеткерлерге өзі қоңырау шалып, ақшаны өзі алғанын айтты. Сондай-ақ полиция оның бұрын жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексерді.

Алаяқтар жәбірленушілерге қоңырау шалу үшін заңсыз сим-карталардың пайдаланатыны белгілі. Осы орайда сим-картаны көп алатын немесе жиі алатын тұлғаларды тексеру маңызды. Жақынды қарғандылық полицейлер интернет-алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін қылмыстық әрекеттің жолын кесті. Астана қаласында жүргізілген арнайы операция барысында 20 жастағы елорда тұрғыны ұсталды. Ол заңсыз түрде және көп көлемде сим-карталарды қосып, сатумен айналысқан деген күдікке ілініп отыр.

Тәртіп сақшылары бұл әрекеттің интернет-алаяқтардың қызметіне тікелей қатысы бар болуы мүмкін деп күмәнданған еді.

Тергеу кезінде күдікті әлеуметтік желі арқылы оңай табыс табу туралы ұсыныс алып, қылмыстық схемаға қосылғанын мойындады. Бастапқыда белгісіз адамдар оған жеке аккаунтыңды сат деген. Кейін сим-карталарды заңсыз сатуды ұсынған. Ал жеңіл табысқа қызыққан жас жігіт келісіп, жүзден астам сим-картаны өткізген.

Иә, алаяқтардың құрығына осындай жастар көп түседі. Мәселен, сим-карталарды заңсыз активациялағаны үшін тағы  қарағандылық жасөспірім ұсталды. Киберполиция қызметкерлерінің дерегі бойынша оның жасы кәмелетке тлмаған, яғни 17 жаста.

Жасөспірім әлеуметтік желілердің біріндегі топқа тіркеліп, сол жерде топ модераторынан WhatsApp аккаунттарын сату және сим-карталарды активациялау туралы ұсыныс алған.

Жеңіл табыс табамын деген оймен жасөспірім ұсынысқа келіскен. Бір айға жетпейтін уақыт ішінде өз ұялы телефоны арқылы оннан астам аккаунтты активациялаған.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Киберполиция қызметкерлері аккаунттар мен SIM-карталардың қандай мақсатта пайдаланылғанын анықтап, қылмыстық әрекетті ұйымдастырған және оған қатысы бар тұлғаларды іздестіріп жатыр. Әрине, осы орайда полицейлер мұндай жағдайлар өзге жастарға сабақ болуға тиіс екенін айтады. Яғни жастар «жеңіл жолмен табыс табу» дегеннің болмайтынын, соңында бәрібір заң алдында жауапқа тартылатынын ескертеді.

Сондай-ақ қарағандылық полицейлер қылмысты ашумен қатар, ол қылмыстың алдын алуға күш салып отыр. Бұл бағытта интернет-алаяқтардың жолын кесуге бағытталған жұмыс көп. Киберқылмыспен күрес бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды алдын алу шаралары оң нәтиже бере бастады. Биыл интернет-алаяқтық деректері 271 жағдайға дейін төмендеді.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кибералаяқтарға қарсы ымырасыз күрес жүргізу қажеттігін тұрақты айтып келеді. Осыған орай елде де күрес жұұмыстары күшейді. Қазіргі уақытта облыстың полиция департаменті қала тұрғындарын интернет-алаяқтардан сақтандыру үшін түрлі ақпарат құралдары арқылы ақпараттық кампанияны жүзеге асырып отыр. Бұл орайда WhatsApp-тағы статустар, әлеуметтік желілер барынша пайдаланылып, кинотеатрлардағы және LED-экрандардағы бейнематериалдар, қоғамдық көліктердегі жадынамалар мен QR-кодтар тиімділігін көрсетіп отыр.

– Бүгінде қоғамдық көліктерде мыңнан астам алаяқтық схемалар туралы ақпаратқа қол жеткізуге болатын QR-кодтары бар парақшалар орнатылды. Сонымен қатар автобустар тақырыптық баннерлермен безендірілді, бейнероликтер әлеуметтік желілер мен жолаушылар тасымалдайтын көліктерде көрсетілуде. Киберқылмыстың алдын алуға бағытталған шаралар тек медиакеңістікте емес, білім беру және медициналық мекемелерде де жалғасуда. Мұнда алаяқтық схемалары мен жеке мәліметтерді қорғау жолдары бойынша семинарлар өтуде. Сондай-ақ Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, прокуратура өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды, – дейді Қарағанды қалалық полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.

Алдын алу шаралары ірі кәсіпорындар мен сауда орталықтарын да қамтиды. Банкоматтар маңына полицейлердің арнайы ақпараттық мүсіндері қойылып, алаяқтықтың алдын алу туралы кеңестер берілуде.

Алдын алу жұмысының нақты нәтижелерінің бірі жақында орын алды. Такси жүргізушісі мазасы қашқан жолаушыны полиция бөлімшесіне жеткізді. Полицейлер 60 жастағы жолаушы әйелмен сөйлесу барысында өзін басшылық өкілі ретінде таныстырған белгісіз адамдардың оны өз ықпалына көндіруге тырысқанын анықтады. Әйел олардың шотына 1,5 млн теңге аудару үшін банкке бет алған. Яғни алаяқтар оның есепшоттары «терроризмді қаржыландыруға пайдаланылған» деп сендірген, ақшаны сақтап қалу үшін басқа шотқа ауыстыруды ұсынған. Бұдан кейін полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, әйелге алаяқтармен байланысуды жалғастыруды айтып, олардың жоспарын анықтаған. Алайда өзінің сөзі өтпегенін көрген алаяқ оған қоқан-лоққы жасап, қорқытуға көшкен. «Бұл киберқылмыскерлердің ештеңеден қорықпайтынын, ауқымы қандай үлкен екенін көрсетіп отыр» дейді тәртіп сақшылары.

Осы орайда полицейлер  тұрғындарды барынша мұқият болуға және күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеуге шақырады. Кез келген күмәнді жағдай орын алса, бірден құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Манас АҚСАРЫ