Бұл ұран адамдарды интернет пен цифрлық құрылғыларды қауіпсіз пайдалануға шақырады. Кибергигиена – жеке ақпаратты қорғаудың, қауіпсіз пароль орнатудың, алаяқтықтан сақтанудың мәдениеті.
Қазіргі заманда интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ цифрлық кеңістікте қауіп те аз емес — онлайн алаяқтар, жалған ақпараттар мен зиянды сілтемелер көбейіп келеді.
Осыған орай, 2025 жылдың қазанында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ «Күміс университет» бағдарламасы негізінде 50 жастан асқан қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамы «Цифрлық сауаттылық және кибергигиена» курсын өтті. Бұл курста цифрлық сауаттылық негіздері, Интернеттегі ақпаратты іздеу және бағалау, әлеуметтік желілердегі қауіпсіз мінез-құлық, онлайн алаяқтықтан сақтану тәсілдері, цифрлық этика және желідегі мәдениет жайлы қажетті ақпараттар берілді. Негізгі мақсаты — қатысушылардың ақпараттық технологияларды қауіпсіз әрі тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыру, интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін арттыру және кибершабуылдардан қорғану жолдарын үйрету.
Негізгі ұсыныстар:
1.Жеке деректеріңді қорға.
– Бөгде адамдарға жеке куәлік, банк мәліметі, пароль сияқты ақпаратты берме.
2.Күдікті сілтемелерге кірме.
– Бейтаныс хаттар мен жарнамаларға сенбе.
3.Әлеуметтік желілерде абай бол.
– Артық ақпарат жариялау өзіңе зиян тигізуі мүмкін.
4.Күрделі пароль орнат.
– Бірдей парольді бірнеше жерде қолданба.
5.Ақпараттың шынайылығын тексер.
– Жалған жаңалықтар мен алаяқтық хабарламалардан сақтан.
Қоғам болып цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырсақ, өзімізді де, болашағымызды да қорғай аламыз.
Кибергигиенаны сақтайық – қауіпсіз қоғам құрайық!
Лайла КҮЛЕЙМЕНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
