«Қолөнер – рухани жан серігің» демекші Қарағанды облысында ұлттық құндылықты дәріптеген қолөнершілер саны артып келеді. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан туындылар тек елімізде ғана емес әлемге танылуда.
Тігіншілерді біріктірген «JADIGER»
Қарағанды облысында бүгінде «JADIGER» қолөнершілер қауымдастығы» нәтижелі жұмыс істеуде. Осы қоғамдық бірлестік төрағасы Перизат Құлымбетова жергілікті қолөнерді республикаға, әлемдік аренаға танытуды басты мақсат еткен. Оның құрамында 300-ге тарта тігінші бар. Олардың қолынан шыққан киімдер мен түрлі бұйымдар сауда үйлерінде өткен жәрмеңке мен Достық үйінде өткен форумда көрсетіліп келеді. Орталық үйде отырып, тігінді ермек еткен нәзік жандыларды жан-жақты қолдап, хоббиін табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді.
– Орталық ашылғаннан кейін «Қолөнері – қазақтың төл өнері» атты форум өткіздік. Оған қоғам қайраткерлері, қолөнершілер, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты. Форумда 25 қолөнершінің жұмысы көрсетілді. Кейін сауда үйлерінде жәрмеңкелер өткіздік. 20 қолөнерші өз жұмыстарын көрсетті. Сөйтіп, тігіншілер өз киімдерін сән көрсетілімінде көрсетсек деген ұсыныс білдірді. Бұл көрсетілім бастамасы ғана, – дейді Перизат Қалиханқызы.
«JADIGER» қолөнершілер қауымдастығы» осы бір-екі жылдың ішінде «Табысты болудың жолдары» мен «Отбасы құндылығы» тақырыбындағы кездесу ұйымдастырды. «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына, Қарағанды облысы қолөнершілерінің «Қолөнері – қазақтың төл өнері» атты форумына қатысқан. Түркиядағы жер сілкінісіне қолөнершілер тарапынан да көрпемен және қаржылай көмек жасалды.
Астана күніне орай өткен Орталық саябақтағы «Сырлы көрпе» құрақшылар байқауында да алда жүрді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макронның қатысуымен өткен Саммиттегі «Құрақ көрпе» топтамасын да ұсынды.
Бұл айтылғандар «JADIGER» қауымдастығы ұйымдастырған және қатысқан шаралардың жүзден бірі ғана.
Киіз басып, түрлі бұйым жасап…
Қауымдастықта киіз басып, түрлі бұйым жасап, ата-бабадан келе жатқан ұлттық өнерді дәріптеп жүрген қолөнер шебері, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Қамаш Төлеубаева да бар.
«Киіз басып, ою оюды анамнан үйрендім. Бес жасымда мәшинені қызық көріп, үстелдің шетіне қолымды қойып, іс тігетінмін. Шешем оюды керемет оятын. Алғаш рет қошқар мүйіз оюды көрсетті. Ойғандарымның бәрін қызық көріп, қыстақта отырған үйдің терезесіне жапсырып қоятынмын. 11 жасымда киіз үйге есік сырғам. Шешем бастап қойған киіз есікті алып, сырып, оюын ойып қойғам. Соны көріп шешем таңғалды. Түскиіз жасағанда анам «Ғалам шексіз, су тұйық» деп, оюларды да соған сай оятын», – дейді қолөнерші. Қамаш Төлеубаева сырмақ дайындап, республикалық байқауда Гран -При жеңіп алды.
– Қолөнерді үйренем деп жүргендер бар. Достық үйінде құрылған Қарағанды облысы қолөнершілерінің ассоциациясы қолөнерді дамытуды қолға алды. Шәкірттерім де бар. Соның бірі Гүлпахат Құттыбаева, – дейді Қамаш апай.
Жүн өндеу цехын ашқан Гүлпахат
Жүн – халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алған табиғи шикізат. Оны өңдеу арқылы киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар мен өнер туындылары жасалып, ғасырлар бойы қолданылған. Бүгінде жүнді заманауи технологиялармен қайта өңдеу оның құндылығын арттырып, экологиялық таза өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Осы игі істі мұрат қылып жүргендердің бірі 17 жастағы Гүлпахат Құттыбаева жүн өңдеу цехын іске қосты. Жобаға қажетті жүн түту және киіз басу станоктарын облыс әкімінің бес миллион теңгелік гранты есебінен сатып алған.
– Алғаш рет киіз басумен алты жыл бұрын Достық үйінде өткен шеберлік сабағында таныстым. Маған бұл сабақ өте ұнады және жүнмен жұмыс істеу дағдыларын игере бастадым. Қазір белгілі қолөнерші Қамаш апайдан сабақ алып жатырмын, – дейді Гүлпахат.
Жас қолөнерші қазірдің өзінде жергілікті шеберлер арасында танымалдылыққа ие. Оның жеке клиенттік базасы бар. Қарағандыдағы кафелер мен мейрамханалар интерьерін киізден жасалған кілемдер, көрпелер және суреттермен безендірген. Сонымен қатар, Гүлпахат өткен жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өз жұмыстарын ұсынған. Франция мен Түркиядан келген қонақтар оның бұйымдарын сатып алған.
Гүлпахат цех жұмысына қажетті шикізатты жергілікті фермерлерден сатып алмақ. Ол өз бұйымдарын тек табиғи жүннен дайындайтынын атап өтті.
– Жалпы, әлем бойынша жүннің 10 мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде, альпака, түйе, қой, ешкі жүні аса танымал. Облысымызда шеберлер көбіне қой жүнін қолданады. Жүннің беретін пайдасы көп. Ол ауадағы температураны сақтап тұрады және тазалайды, – дейді жас кәсіпкер.
Қолы қалт еткенде…
Еңбек ете жүріп қолы қалт еткенде қолөнерге ойысатын шеберлер де жетерлік. Мысалы, Абай ауданы, Сәрепті ауылының тұрғыны Шәкәрім атындағы жалпы білім беретін №38 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Балдырған Қабиқызы осындай жан. Әкесі Қаби Мұқаш алтын, күміс бұйымдарынан келістіре алқа, білезік, сырғалар жасаған зергер болыпты. Ал «Алтын алқа» иесі мейірімді асыл анасы Ермекей қазақтың ою-өрнекті қолөнерін дамытқан.
Балдырған ұстаз үйінің бір бөлмесін қолөнер жұмыстарына ыңғайлап алған. Арасында ауыл тұрғындарының тапсырыстарын да орындайды. Ісмер қолөнерші, тәжірибелі үлгілі ұстаз Балдырған аудан, облыстағы өтіп тұратын конкурстар мен фестивалдарға да катысып тұрады.
«Алтын алқа» иесі, тәжірибелі ұстаз Балдырған Қабиқызы: «Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы киімде халқымыздың тарихы, мәдениеті мен жан көркемділігі ерекшеленіп көрініп тұрады. Біз көпшілікке насихаттау арқылы өзіміздің әдепті салтымызды көрсетіп, мақтан етеміз. Ұлттық құндылық дәстүр жалғасы қазақтың колөнері, көне заман тарихымен бірге жасап келе жатқан бай қазынамыз. Ұлттық киімдер барша сәнділігімен, моншақтармен де көмкеріліп бір-біріне ұқсамайтын әсемділігімен, дене сымбатын ашатын үйлесімділігімен ерекше. Ол жай киім емес бүкіл ұлтымыздың бет-бедерін айқындап, ұлан ғасыр тарихын көрсететін, сырлы дүние, – дейді.
Қыш өнерін дамытқан
Қыш өнерінің шебері Гүлжан Әбдіқашева керамика саласында еңбек етіп жүргеніне сегіз жыл. Бұған дейін Түркияда оқып, біліп келгенін Қарағанды қаласында әрі қарай жетілдіруде.
– Түрік елінде әйелдер үй жұмысына қарайды. Ерлері асыраушы. Бір жағынан тіл білмегендіктен маған алғашында қиындау болды. Мамандығым экономист болғандықтан үйде отырып қалдым. Ол жақта да әйелдерге мемлекет тегін курстар оқытады. Үйде отырып тігін тігуді, басқа да іспен шұғылдануды үйретеді. Маған керамикамен жұмысты қалай істеуге болатыны туралы курс бірден ұнады. Курстан кейін Түркияның ең жақсы керамика және фарфор шеберлерінен бірнеше жыл оқыдым. Бірнеше диплом мен сертификаттарым бар. Әлемге әйгілі шебер Хамза Үстүнкаядан шеберлік сабақтарын алдым, – дейді Гүлжан.
Бүгінде ол Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі. Қалада өтетін жәрмеңке мен көрмелерде бұйымдары менмұңдалап тұрады.
Әр шебердің өз стилі болады. Гүлжан болса ашық түсті қалайды Ыдысты ғана емес сәндік алқа, сырғаны қышпен жасаған Гүлжан Қабышқызы сазсырнайды да қолға алған.
– Қазақ ою-өрнегі ежелден көшпелі өмір салтын ұстанған халық мәдениетінің маңызды бөлігі. Бұл – көшпелілердің тұрмыстық заттарын безендіру түрі емес, оның элементтерінде мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдардың ежелгі наным-сенімінің, дүние туралы идеяларының және негізгі құндылықтарының жаңғырығы, – дейді шебер.
Бүгінде Қарағанды қаласына ғана емес елімізге танымал болып қалған шебер жас қолөнершілерді де баптап жүр.
Түйін. Қарағанды қаласында ұлтымыздың қолөнерін паш еткен шеберлер жүздеп саналады. «JADIGER» қолөнершілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестіктің төрағасы Перизат Құлымбетова: «Қарағанды қаласында «Шеберлер үйі» ашылса деген тілегіміз бар. Өйткені, кейінгі ұрпаққа ұлттық қолөнерді мирас қылып қалдыруымыз керек. Шәкірттер де дайындар едік», – дейді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ