Қарағанды облысында ұлттық құндылыққа ден қойылғалы, қолөнер дамып келеді. Қалада ғана емес ауылдық жерлерде де халқымыздың өткенін жаңғырту арқылы табыс тауып отырғандар саны артты.
Қарағанды қаласының өзінде биыл бірнеше қолөнерші жәрмеңкесі өтті. Ауылдық жерлерде де ұйымдастырылуда.
Дәмелі Серікқызы Ақтоғайда қол еңбегін өсіп келе жатқан мектеп оқушыларына үйретуді алдына мақсат етіп қойды. Жастардың өнерге деген ынтасы мен ойлау қабілеттерін дамыту үшін «Қазына» колөнер мектебін ашып, көптеген жақсы жетістікке қол жеткізді.
Қолөнер шебері Дәмелі, облыстағы өтіп жатқан бірталай конкурстар мен әртүрлі фестивалға шебер қолды икемді, ұлттық тәрбиелі талантты балаларды дайындап өнердегі жолдарын ашты. Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөліміне қарасты «Жомарт жандар – жұмылса» қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Шексіз мүмкіндік» атты ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті фестивалдің Алғысхатымен, Ашық Республикалық «Өркен» балалар бейнелеу және сәндік қолданбалы өнері шығармашылығы байқауының «Менің таңғажайып әлемім, ши тоқу» бойынша қызықты жұмыстар ұсынып, «Ұлағат» шығармашылықты дамыту орталығының марапатына ие болды. Сонымен бірге Облыс қолөнершілерінің «Қол өнері – қазақтың төл өнері» облыстық форумының өтуіне белсене қатысып, өнердің дамуына қосқан зор үлесі мен кәсіби қарым-қатынастың қалыптасу жолында сіңірген еңбектері үшін Алғысхатпен марапатталды.
– Жасөспірімдердің қолдары майысып жасайтын, тоқу өнерінің де айшықты, бірнеше түрі бар. Олар: Шұлық тоқу, орамалды кестеле сынды бір-біріне ұқсамайды, асқан шыдамдылықпен жасалынады. Бұл жұмыстардың бір жағынан да оқушылардың есте сақтауы, зейінді ұғымтал болуына көп көмегі де бар, – дейді ол.
«Қолөнер – рухани жан серігің» демекші жыл сайын Қарағанды қаласы қолөнершілерінің Наурыз мейрамына арналған сәндік-қолданбалы өнер көрме-жәрмеңкесі өтіп тұрады. Биыл да үш күн бойы қала тұрғындары мен қонақтар қызықтап көріп, тамашалады. Мерекеге арналған, күнделікті үй тұрмыстарына қажетті заттарды қызықтап сатып алғандар да кездесті.
Абай ауданы, Сәрепті ауылының тұрғыны Шәкәрім атындағы жалпы білім беретін №38 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Балдырған Қабиқызының қолөнерінен шыққан әртүрлі бұйымды біз де көріп, тамашаладық. Аяулы әкесі Қаби Мұқаш алтын, күміс бұйымдарынан келістіре алқа, білезік, сырғалар жасаған зергер болыпты. Ал «Алтын алқа» иесі мейірімді асыл анасы Ермекей қазақтың ою өрнекті қолөнерін дамытқан. Елге сыйлы, абыройлы үлкен шаңырақтың құты болған екен.
Балдырған ұстаз үйінің бір бөлмесін қолөнер жұмыстарына ыңғайлап алған. Ісмер қолөнерші, тәжірибелі үлгілі ұстаз Балдырған аудан, облыстағы өтіп тұратын конкурстар мен фестивалдарға да катысып тұрады.
Облыс қолөнершілерінің «Қол өнері – қазақтың төл өнері» облыстық форумының өтуіне белсене қатысып, әртүрлі ою өрнекпен өрнектелген, көздің жауын алатындай камзол, бешпеттер мен балаларға арналған үкілі тақияларымен ерекшеленді.
«Алтын алқа» иесі, тәжірибелі ұстаз Балдырған Қабиқызы «Өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қағидамен талмай еңбек жасауда.
– Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы киімде халқымыздың тарихы, мәдениеті мен жан көркемділігі ерекшеленіп көрініп тұрады. Біз көпшілікке насихаттау арқылы өзіміздің әдепті салтымызды көрсетіп, мақтан етеміз. Ұлттық құндылық дәстүр жалғасы қазақтың колөнері, көне заман тарихымен бірге жасап келе жатқан бай қазынамыз. Ұлттық киімдер барша сәнділігімен, моншақтармен де көмкеріліп бір-біріне ұқсамайтын әсемділігімен, дене сымбатын ашатын үйлесімділігімен ерекше. Ол жай киім емес бүкіл ұлтымыздың бет-бедерін айқындап, ұлан ғасыр тарихын көрсететін, сырлы дүние. Мектепте мұғалімдерімен бірігіп ұлттық Музей тамаша жабдықталған, – дейді шебер.
Осындай бір жәрмеңкеде қыш күйдірген қазақ қызымен таныстық.
Қыш өнерінің шебері Гүлжан Әбдіқашева керамика саласында еңбек етіп жүргеніне сегіз жыл. Бұған дейін Түркияда оқып, біліп келгенін Қарағанды қаласында әрі қарай жетілдіруде.
– Түрік елінде әйелдер үй жұмысына қарайды. Ерлері асыраушы. Бір жағынан тіл білмегендіктен маған алғашында қиындау болды. Мамандығым экономист болғандықтан үйде отырып қалдым. Ол жақта да әйелдерге мемлекет тегін курстар оқытады. Үйде отырып тігін тігуді, басқа да іспен шұғылдануды үйретеді. Маған керамикамен жұмысты қалай істеуге болатыны туралы курс бірден ұнады. Жолдасым Атилла Ишиксал да қарсы болмады. Оқып, білім алып шықтым. Өзім Қарағандыданмын, дәлірек айтсақ, әсем таулы дала – Қарқаралыданмын. Алғашында 13 жыл бойы Астана және Алматы қалаларындағы лизингтік және қаржылық компанияларда экономист болып жұмыс істедім. Стамбулға керамика арқылы ғашық болдым. Курстан кейін Түркияның ең жақсы керамика және фарфор шеберлерінен бірнеше жыл оқыдым. Бірнеше диплом мен сертификаттарым бар. Әлемге әйгілі шебер Хамза Үстүнкаядан шеберлік сабақтарын алдым, – дейді Гүлжан.
Шеберлік оған жайдан жай келмесе керек. Әкесі де суретші болған екен.
– Мен бұған дейін қыш шебері боламын деген ойлаған да жоқпын. Бірақ, курсты бітіргенде осы өнерге қатты ғашық болдым. Бала кезімде музыка мектебіне, фортепиано сыныбына бардым. Қобыз сыныбы бар болатын, үндері жүрегімді кернеп, қатты ұнататынмын. Әкем Қабыш Әбдіқашев суретші еді, оның шеберханасына бару өте ұнайтын. Ғимараты көне, сондай әдемі болатын. Ол жерде шеберлер сол уақыттағы ұран сөздерді жазатын, Лениннің портретін салатын. Кейін ол туындалар қараңғы бөлмеге жөнелтілді. Олардың орнына үш бидің, батырлар мен ғұламалардың портреттері мен қазақтың ою-өрнегі келді. Ұлттық ою-өрнек соншалықты бай және алуан түрлі, даланың ашық түстерінің көптігін содан көруге болады. Арғы атам да осы Қарқаралыға белгілі ертұрман шебері болған екен, – дейді ол.
Бүгінде ол Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі. Қалада өтетін жәрмеңке мен көрмелерде бұйымдары менмұңдалап тұрады.
Арнайы жалға алып отырған шеберханасы бар.
– Ол жерде пешіміз бар. Әр заттың пішінін жасап алғаннан кейін сегіз сағат 1 000 градуста пеште күйдіремін. Екі күн пешті суытамыз. Туынды боялады. Жылтырап тұруы үшін сырты сырланады. Содан кейін тағы да күйдіреміз.
Кесе жасағанды жақсы көремін. Тапсырыстар да түсіп тұрады. Мейрамхана иелері де маған шығады, кесе, табақ, құмыраларымды қазір біраз жерде қолданып жатыр. Үш түрлі қыш пайдаланамын. Біріншісі ақ. Оны Түрік елінен алдырамын. Қызыл қышты Алматы жақтан жеткіземіз. Сапалы қыш қараймын. Зиянсыз, таза болғанын қалаймын. Шипалы даланың бояуы қызыл балшықпен жұмыс істеп, Жер-Ананың бесігінде жүргендей боласыз, – дейді шебер.
Әр шебердің өз стилі болады. Гүлжан болса ашық түсті қалайды. Оның қолынан шыққан туындылардан даланың иісі шығады. Балшықпен жұмыс істеу Жер мен Судың бастапқы элементтерінің энергияларымен байланысын қалпына келтіріп, бір жағынан тұрақтылық, беріктік, сенімділік, екінші жағынан – эмоционалдылық сезіммен қатар үлкен ресурс беретінін айтады кейіпкеріміз.
«Маған «икат» өрнектері өте ұнайды. Ол – Шығыстың визиттік картасы. Әдемі және онай орындалады, әсіресе фарфорда. Өзіңізді қолөнерші ретінде сезінуге жетелейді» дегенді де қосты ол.
Теміртау шебер Төлеуғазы – декоративтік қолданбалы қол өнер шебері екен.
Төлеуғазы қазіргі уақытта «Qarmet»-те ағаш шебері болып жұмыс істейді. Қолы қалт етсе болды, үйінің ауласындағы ұстаханадан табылады.
Шебер өз жұмысы барысында металдан нақыштама жасайды, бал қарағай ағашы мен қызыл ағашты, тасты, сүйекті, мүйізді өндеп, көркемдейді. Былғарымен қаптайды.
Шебер Қарағанды мен Теміртау қалаларында өтетін көрмелереге де жиі қатысады.
Қолөнер шебері Қылышбек Жұматұлы – республикаға танымал шебер. Әулетіндегі бес ғасырдан бері үзілмей келе жатқан ұсталық өнерді қайта жаңғыртып жүрген ұста-зергер. Ол – қазақ көне ағаш шебері, темір ұстасы, зергер, өрімші, ерші. «Экспо-2017» көрмесінің күміс жүлдегері, республикалық «Алтын сапа» сыйлығының иегері. Бүгінде ол «Атамұра» қолөнер орталығында жастарды ұлттық өнерге үйретуде.
Дегенмен, қолөнершілер «жәрмеңке халықтың көп жүретін жерлерінде өтсе» дейді, өйткені, жабық залда, әрі жарнама аз болса, елде білмей қалып жатады…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ