Ғұлама ғалымның қанатты қырлары немесе бізге жақын сырларынан…

«Жан-жақтылық», «көп қырлылық» деген ұғымдарды ұлы адамдарға қаратып айтып жатамыз. Расында солай! «Қасым солай болмаса, несі Қасым?!» депті Мұқағали, ақынның талантына таңқалып. Біз іздеген Ебіней ағаның жан-жақтылығы мен сан қырлылығы – оның талант құдіретінде тұр десек, артық айтқандық емес. Ендеше, Бөкетов әлемінде басты орын алатын, ғұлама ғалымның ерекше қыры – әдебиетшілігі мен публицистикасынан сыр тартып көрейік.

Бар ғұмырын ғылымға арнаған Ебіней Арыстанұлы химия мен металлургияның майталман маманы болғанымен, әдебиет пен журналистикаға өмір бойы ғашық болып өтті. Оны ғалымның қанатты сөздерінен-ақ бірден байқауға болады. Құлақ түрелік: «Мен… әдебиетті білмеген ғалымды асыл мәнінде нағыз ғалым болады деп айта алмас едім. Үлкен ғалымдар қашанда мәдениеті жоғары әдебиетке жетік болған» дейді. Мұны бір деңіз. Екінші дәлел: «Сыйлас, сырлас, көмектес…» деп, үнемі айтып жүреді екен. Үкілі үміт шақырар осы үштаған сөз сонау бір замандағы әлемдік қолбасшы Юлий Цезарьдің: «Келдім. Көрдім. Жеңдім!» дейтін әйгілі сөзінен әлдеқайда жоғары тұр. Шындығында, әскер басы Цезарьдің басқыншылық бағыттағы ұр да жық ұранынан гөрі, байсалды Бөкетовтің гуманитарлы көңілі биіктен көрінетіні анық қой!

Ебекеңнің сөз өнеріне ғашықтығын академик Зейнолла Қабдолов: «Бұдан қырық үш жыл бұрын жеті жасар Евнейдің мектеп есігін ашып, алғашқы мұғалімі Августа Устиновнадан дәріс алып, көзі қара тануы-ақ мұң, содан бергі күллі саналы өмірінің өн бойында қызыға оқып, құныға тоқығаны қазақ, орыс, қала берсе, бүкіл дүниежүзінің көркем классикасы.

…Евнейдің қаламгерлік қызметі әзірге шағын, бірақ мәнді: Эмиль Золяның бір топ әңгімелерін, Иван Вазовтың «Бұғауда» романын, Владимир Маяковскийдің «Қандала» пьесасын, Сергей Есениннің «Анна Снегина» поэмасын қазақшаға аударып бастырды. Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов творчествосын тұтас байыптай келе «Оянған өлке» туралы ойлы мақала жазды. Өткен жылы Маяковскийге қайта оралып, оның «Жақсы» поэмасын аударып шықты. Москвадағы орталық журналдарда «Атан қомында туған адам» деген атпен қазіргі қазақ интеллигенциясы жайлы көлемді эссе жариялады. Биыл «Жазушы» баспасынан публицистикалық очерктері мен сын мақалалары жеке жинақ болып жарық көрмек. Бұл күндерде Е.Бөкетов академик Қ.Сәтбаев хақында кітап жазып жүр» деп ғалымның балғын шағынан бастап, әдебиеттегі аудармашылық және публицистикалық еңбектеріне тоқталады да: «Евнейді Евней еткен көркем әдебиет» деген түйін жасайды. Бұл – академиктің академик жайлы тамаша толғанысы (З.Қабдоловтың «Селен мен өлең» атты мақаласынан үзінді).

Ебіней Арыстанұлының өндіріске қосқан зор үлесі көз алдымызға алып та асқар тауды елестетсе, қазақ руханиятына да сондай мол еңбек еткені көптеген деректен көрінеді. 1950 жылдан 1983 жылға дейінгі 30 жылдан аса өндірісте жаңалық ашу, ғылым мен білімде басшылық пен ұйымдастырушылық қызметтерде жүрсе де қаламын қолдан тастамай, қаламгерлікпен және журналистикамен айналысуы – ұлт руханиятына деген жанашырлығы, ел мүддесін жоғары көтеруден туындаған ізгі тілек-ниетінен болса керек. Әдебиеттегі бірнеше көркем шығарманы шебер аудара жүріп, публицистикаға да көп уақытын бөлгені анық. Академиктің сол ерен еңбегін, қарымды қаламгерлігін анықтайтын мақалалар шоғырына көз жіберіп көрейік: «Повести Гоголя на казахском языке» (Казахстанская правда, 1952, 17 апреля), «Грозное оружие» (Казахстанская правда, 1953, 19 июня), «Критика и библиография на страницах журнала «Әдебиет және искусство» (Коммунист Казахстана, 1953. – №9, с. 53-56), «Пьеса о Чокане» (Казахстанская правда, 1954, 15 декабря), тағы басқа да Қазақстандағы орысша басылымдарда жарық көрген әдебиет және өнер жайлы мақалалар Ебіней Арыстанұлының алғашқы публицистикалық қадамы болғандығы анық. Осылай басталған қарлығаш қадамы 1960-1970 жылдары қыран қанатына айналып, шырқау биікке көтерілген. Сол парасатты публицистикаларының бірқатарын атап өтсек: «Замана шырағы» (Лениншіл жас, 1960, 1 қаңтар), «Канада көріністері» (Орталық Қазақстан, 1967, №218-221),  «Аққан жұлдыздан құс жолына дейін» (Орталық Қазақстан, 1969, 3 сәуір), «Қарағанды химиясы және оның болашағы» (Социалистік Қазақстан, 1969, 21 наурыз), «Сыйлас, сырлас, көмектес» (Социалистік Қазақстан, 1969, 11 қазан), «Щедрость земли» (Казахстанская правда, 1969, октябрь), «Ағадан – ақыл, ініден – ілтипат» (Білім және еңбек, 1971, №6), «Қараша үйден Қарағанды университетіне дейін» (Білім және еңбек, 1972, №12), «Өндіріс пен ғылым егіз» (Қазақстан коммунисі, 1972, №4), «Жас замандас келбеті»  (Мәдениет және тұрмыс, 1974, №1), «Пушкин мен Маяковский» (Жалын, 1974, №3), «Университеттік ілім» (Жұлдыз, 1974, №7), «Арманшыл болғанға не жетсін?!» (Білім және еңбек, 1975, №7), «Көркем аударма, қал қалай?», (Лениншіл жас, 1975, 4 шілде), «Алтын босағаны аттағанда» (Жалын, 1976, №4), «Алып адым» (Жұлдыз, 1977, №8), «Көкжиек көңіл күмбезі» (Социалистік Қазақстан, 1977, 5 шілде), «Қара металлургия алыбы» (Орталық Қазақстан, 1977, 21-23 қыркүйек), «Адамзаттың Айтматовы» (Лениншіл жас, 1978, 12 желтоқсан), «Табиғат  тіршілік көзі» (Социалистік Қазақстан, 1973, 31 қазан), «Тұңғыш қазақ академигі» (Орталық Қазақстан, 1979, 12 сәуір), «Тұлпар тұяғының іздері» (Орталық Қазақстан, 1982), «Көмір мен судан: мұнай, бензин, керосин және басқалары» (Зерде, 2000, №2, 3), «Шәкәрім туралы Абзал Қарасартовпен әңгіме» (Жұлдыз, 2000, №11, 69-88 беттер). Бұл шоғыр топтан басқа да еліміздің қазақша, орысша басылымдарында жарық көрген материалдары көп екен.

Өз дәуірінің өзекті мәселелеріне қалам тербеген ғалым-публицистің осынау толқынды туындыларына бөкетовтанушы-ғалым Қойлыбай Асанның «Евней Букетов – публицист» дейтін зерттеу еңбегінде мынандай пайымды пікір айтылған: «Біріншіден, Е.Бөкетов кез келген тақырыпқа қалам сүйкей бермеген сыралғы публицист. Ол тек өз парасат-пайымындағы толғауы жетіп пісіп жетілген дүниелерді ғана ой таразысында екшей отырып, сол мәселе болмысының табиғатын жан-жақты ашып көрсете білген.

Екіншіден, мәселе етіп көтерген кез келген проблемасын, ғылыми негізде тұжырымдай отырып, одан шығудың концепциялық жолдарын қоса ұсынады.

Үшіншіден, публицистикалық  шығармаларының қай-қайсында болмасын дидактикалық әсер, романтикалық сезім сияқты әсіре қызыл мінез жоққа тән. Келелі пікір, ғибратты қағидалары әр ойының мазмұнын айшықтап, көркемдігін арттыра түседі.

Төртіншіден, публицист шығармашылығының мәні қоғамдық қажеттіліктен туындауымен, оқырманның заманға сай рухани қажеттілігін қанағаттандыруымен құнды».

Бұған қарағанда, Ебіней ағамыздың тумысынан журналистік бейімі, публицистік қыры болғанға ұқсайды. Бұл айтып отырғанымыз кезінде мерзімді баспасөзде жарияланған Бөкетов жазбалары. Енді осыған қоса, ғалым-публицисттің қаламгерлік қырын тағы да айғақтайтын біршама кітаптары да бар. Оларға да сәл тоқталсақ: «Атан қомында туған адам» (Алматы: «Жазушы» баспасы, 1975), «Грани творчества» (Алматы: «Жазушы» баспасы, 1977), «Шесть писем другу» (Алматы: «Жалын» баспасы, 1989), «Нефть, уголь и вода в химии и энергетике» (Караганда, 1994), «Святое дело Чокана. Об академике Сатпаеве» (Караганда: «Арко» баспасы, 1994), «Алты хат» (Алматы: «Жалын» баспасы, 1996), «Жас Қаныш» (Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1999), «Сокровенное. Көкейкесті» (Алматы: «Қазақстан» баспасы, 2000), «Детские годы Каныша» (Караганда, 2001). Бұларға тағы екі қыры – аудармашылық пен сыншылдығын қосыңыз. Бөкетов аудармаларының бәрі классикалық деңгейде екендігін жұрттың көбісі растайды. Мысалға, Шекспирдің «Макбеті», Есенин мен Маяковскийдің пьеса ,поэмалары, басқа да орыс және әлемдік классиктердің шығармаларын өз тілімізде өрнектеп, шедевр жасаған.

Бір ғажабы, химия мен металлургиядан қаншама жаңалық ашып, өндіріске енгізгені, жоғары оқу орындарындағы басшылық қызметтер, ұйымдастырушылық іс-әрекеттер, халықпен, студенттермен жұмыс істеу, басқа да түрлі қоғамдық жұмыстармен жүрсе де әдебиет пен журналистиканы қалыс қалдырмай ерен еңбек қылуы – баршамызға үлгі-өнеге болатындай. Осының бәріне қалай уақыт  тапқанына таңқаласың… 1925-1983 жылдар аралығында 58 жыл ғана ғұмыр кешкен ғұлама ғалымның бір сөзінде: «Менен кейін не болатынын білмеймін. Бірақ, мен еккен дәндердің біреуі көктеп шықса да, мен өзімді бақытты  санар едім…» депті. Сонан бері академик ағаның мыңдаған, миллиондаған дәні өсіп-өніп келеді. Бұл күндері жайқалған қаншама егістіктерге, ну ормандарға айналды десек те, өтірік айтқандық емес. Бұған дәлел ретінде, ашылғанына 53 жыл (1972 жылдан бастап) болған Бөкетов атындағы Қарағанды университетін айтсақ та жеткілікті.

Бөкетов әлемін сөз еткенде, Ебіней ағаның ерекше феномен, қайталанбас құбылыс екендігін елдің бәрі айтады, мойындайды. Осындай зор жетістікке жету, биік шыңдарды бағындыру – оның таудай талантына, далаға тән дарынына қатысты дедік. Дегенмен, сол құдіреттің негізі – бала Ебінейдің әдебиетке, көркем кітапқа құштарлығынан басталған секілді. Аудармашылық, сыншылық тәрізді қабілет-қасиетке журналистік-публицистік бейім қосылған. Сол әдебиетшілік әлем мен журналистік жол өз иіріміне тартып, қияға қанат қақтырған. Бөкетовтің гуманитарлық қадамын, бағындырған биігін академик Зейнолла Қабдоловтың  бірауыз лебізінің өзі нақтылап тұрғандай. Зекең айтпақшы, «Ебінейді Ебіней еткен көркем әдебиет» және ерен еңбек екендігі даусыз.

 

***

Биылғы наурыздың 23-ші жұлдызында Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің туғанына – 100 жыл толды. Бір ғасырлық бұл мерейтой – қазақ білімі мен ғылымының, мәдениеті мен әдебиетінің, тарихының, химия мен физикасының, өлке өндірісінің, яғни  көмір мен темірдің тойы десек те болады. Өйткені, осы салалардың бәріне де Ебіней ағаның еңбегі сіңді. Ел үшін ерінбей еңбек еткен, ұлттың келешегі – ұрпақ жолында аянбай тер төккен академик-ғалым, техника ғылымдарының докторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдебиетші, сыншы, аудармашы, жазушы, публицист Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің есім-сойы, қалдырған ізгілікті  іздері, маржандай мол мұрасы, өндіріске қосқан өлшеусіз үлесі Алаш аспанында алтын әріппен жазылып, ұлт тарихында ешқашан өшпестей, ұмытылмастай орын алды.

Ардақты да аяулы, зиялы да жақсы жанның рухы шат болсын!

                                                                                             Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

                                                               Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *