ҰЛАНДЫҚ ЕРЖАН КОНУРОВ – САМБОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!

Ағымдағы жылдың 24–27 қазан аралығында Өзбекстан Республикасының Бухара қаласында самбодан шеберлер арасында Әлем чемпионаты өтті. Бұл дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықтылар жиналып, боз кілемде өзара бақ сынасты.

Осы халықаралық жарыста Қазақстан намысын Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Ержан Конуров абыроймен қорғап, 64 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды иеленді.

Жарыс барысында Ержан Конуров жоғары спорттық дайындық пен мінез көрсетіп, қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңді. Оның табандылығы мен ерік-жігері, сондай-ақ әскери тәртіптен алған шыңдалуы жеңіс жолында үлкен рөл атқарды.

Бұл жеңіс – тек жеке спортшының емес, жалпы Ұлттық ұланның да мерейін үстем еткен жетістік. Ержан Конуровтың бұл табысы еліміздің спорттағы беделін арттырып қана қоймай, жас сарбаздарға үлгі болары анық.

Айта кетейік, қатардағы жауынгер Ержан Конуров спортпен бала кезінен айналысып келеді. Ол бұған дейін де республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болған тәжірибелі спортшы.

Ұлттық ұланның басшылығы чемпионды жоғары нәтижесімен құттықтап, оның еңбегі мен ерік-жігерін ерекше атап өтті.

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі