Әлем кубогының алғашқы кезеңі сәтті өтті

Колумбияның Медельин қаласында көркем жүзуден Әлем кубогының алғашқы кезеңі өтті. Қарағанды облысының спортшылары маусымды жоғары деңгейде бастап, 14 медаль еншіледі: бес алтын, алты күміс және үш қола.

Карина Магрупова, Ксения Макарова, Ясмин Туякова, Даяна Жаманшалова және Наргиза Болатова 189,9 ұпай жинап, топтық еркін бағдарламада бірінші орынға ие болды. Күміс жүлде Колумбия құрамасына (155,9 ұпай), қола медаль Бразилия командасына (131,7 ұпай) бұйырды.

Дәл осы спортшылар (Даяна Жаманшалованы қоспағанда) және Қарағанды облысының тағы бір өкілі – Виктор Друзин акробатикалық бағдарламада (162,9) екінші орын алды.

Сондай-ақ Виктор Друзин мен Наргиза Болатова микс-дуэттер арасындағы еркін бағдарламада қола медаль жеңіп алды.

Бұдан бөлек, Виктор Друзин жеке орындаудағы техникалық бағдарламада да қола жүлдегер атанды.

Медельин – Колумбиядағы халқының саны жөнінен екінші қала. Ол 1616 жылы негізі қаланған. Бұрын Вилья-де-Нуэстра-Сеньора-де-ла-Канделария-де-Медельин деп аталған. Қазіргі таңда қала «Мәңгілік көктем қаласы», «Таулар астанасы» және «Гүлдер қаласы» деген атаулармен белгілі. Дәл осы шаһарда қарағандылық спортшылар алдағы маусымға сенімді әрі жарқын қадам жасады.

Клуб мұндай көшпелі кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттаудың және кәсіби бағдар берудің маңызды құралы ретінде қарастырылады.

Өмір БАЙБОСЫН