ӘЛЕМНІҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕСІ АҚАДЫРДА

Жақында Франция елінің астанасы Париж қаласында шеберлер арасында дзюдо күресінен әлем біріншілігі өтті. Жарысқа 6 құрылықтың 65 елінен келген 2328 балуандар күш сынасты. Олардың 1909 ерлер болса, 419 әйел адамдар. Аталған додаға жас санаты М-1 (30-34 жас) бойынша ақадырлық жерлесіміз Қайранбеков Сұңғат Мұратұлы қатысты.

Жерлесіміз жас кезінен балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің күрес үйірмесіне қатысып облыстық, республикалық жарыстарда биік тұғырлардан көрініп жүрген талантты спортшы. Кейін жасы келіп үлкен спортпен қоштасса да, боз кілемде дайындығын тоқтатқан емес. Сол еңбегі бүгінгі таңда да жемісін беріп отыр.

Әлем біріншілігінде итальяндық, екі француз және тағы бір қазақстандық  дзюдошыларымен күш сынасқан Сұңғат жақсы әдіс, айла-тәсілдерін қолданып, қола медальға қол жеткізді.

Ақадыр кентінде жеңімпазды ауыл ақсақалдары, туған-туыстары, дос-жарандары, спорт мектебінің балалары, кент тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды. Әкімдіктің мәжіліс залында өткен кездесуде кент әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Тасырбаева Г.Б. спортшыға құттықтау хаты мен ақшалай сертификатын табыс етті. Құттықтау сөздерін кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шет ауданының Құрметті ардагері Алпысбаев С.А, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бекқожин Қ.Қ., туысқандары атынан Өспен ауылынан келген білікті ұстаз, бірнеше күрес түрлерінен жаттықтырушылық еңбегімен республикамызға танымал болған Абилов Қ.Н. өздерінің жүрекжарды тілектерін арнады.

Қайранбеков Сұңғат Ақадыр кентінде тұрады, кәсіпкерлік саласында еңбек етеді.

Жеңістен жеңіске жете берейік!

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті