Қарағандыда мәдени мұраны да сатып жібереді. Оған «Ленин» атындағы кинотеатр дәлел бола алады. Жақында мемлекет меншігіне өткен ғимараттың 65 жылдық тарихы бар. Тарихи-мәдени мұраны сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы міндет дейміз. Бірақ сол айтқанымызды орындап жүрміз бе?
Тарихқа көз салсақ. 1960 жылы ашылған ғимарат Қарағандыдағы алғашқы екі залды кең экранды кинотеатр болған. Бұл кинотеатр қаланың мәдени өмірінің орталығына айналып, тұрғындары мен қонақтары жоғары деңгейдегі премьера, фестиваль мен кинофорумдарды көрді. Алайда 1998 жылы нысан тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінен заңсыз шығарылып, кейіннен жекешелендірілген.
Айта кету керек, Қарағанды қаласына қарасты Қазыбек би ауданының прокуратурасы жекешелендірудің заңсыздығын сотта дәлелдеу үшін ұзақ және күрделі жұмыс жүргізді. Сот бірнеше айға созылды. Заң бұзушылықтар туралы ұсынылған дәлелдердің арқасында сот кинотеатрды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады.
Сот дәлелдегеніндей «Ленин» кинотеатры 1998 жылы тарихи-мәдени мұра мәртебесін алды. Алайда бір жылдан кейін ғимарат республиканың тарихи мұрасы тізімінен шығарылды. Көп ұзамай кинотеатр жеке меншікке өтіп, кейін бірнеше рет қайта сатылды.
Ғимарат аукционға соңғы рет 2018 жылы қойылған, бірақ тозығы жеткен және жұмыс істемейтін кинотеатр қаланың орталық бөліктерінің бірінде ең жақсы орналасқанына қарамастан, сатып алушыларды қызықтырған жоқ.
Сол жылы прокуратура ғимаратты жекешелендіруге қызығушылық танытып, тендердің заңдылығына сараптама жүргізген.
Қадағалау органының өкілдері сотқа шағым түсіруге негіз болған заң бұзушылықтарды анықтады, бұл туралы сот отырысының бірінде Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуроры Гүлмира Шубаева хабарлады.
– Ленин атындағы кинотеатр тарихи-мәдени ескерткіш. 1999 жылға дейін мемлекет меншігінде болды және жекешелендіруге жатпайды делінді. Алайда, ескерткіштер тізімінен заңсыз шығарылуының салдарынан жекешелендірілді. Кинотеатр кейіннен қайта сатылған кезде жаңа иесі келісімді орындамай, инвестициялық міндеттемелерін толық орындамаған. Сонымен қатар, нысанның толық сомасы мемлекеттік бюджетке төленбеген. Қарыз 317 мың теңгені құраған, – деді Гүлмира Шубаева.
Депутаттар мен қоғам қайраткерлері тарих және мәдениет ескерткішін мемлекет меншігіне қайтаруды жақтады. Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Бақтияр Омархановтың айтуынша, кинотеатрдың өзі де, ғимарат орналасқан саябақтың да мемлекет үшін құндылығы зор.
– Басты мақсат – бұл ғимаратты мемлекет меншігіне қайтару, сонда қандай да бір әлеуметтік нысан болуы керек. Кинотеатр орнында тағы бір көпқабатты үйдің салынып кетпеуі керек, – дейді Бақтияр Омарханов.
Қоғам белсендісі Әйгерім Дәрібаева да Бақтияр Омархановпен келісетінін жеткізді. Ол да тарихи кинотеатрлардың бірі ретінде мемлекеттік меншігінде қалуы керек деген сенімде.
Бір айға созылған сот отырысы ақыры бүкіл аяқталды.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот ғимаратты жекешелендіруді жарамсыз деп таныды.
– «Қарағанды аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен «Паруса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған 1999 жылғы 28 қазандағы №3023 Ленин атындағы кинотеатрды сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын. «Паруса» ЖШС мен «Қазақстан инвестициялық компаниясы» ЖШС арасында жасалған 2001 жылғы 10 мамырдағы №1 жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын. «Қазақстан инвестициялық компаниясы» ЖШС мен «Авангард ЛТД» ЖШС арасында жасалған 2015 жылғы 23 қыркүйектегі No2456 жер учаскесін жеке меншік құқығымен «Ленин» атындағы кинотеатрды сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын. Шешім түпкілікті қабылданған күннен бастап бір ай ішінде шағымдануға болады, – деп хабарлады судья Айнаш Жүнісова.
Кинотеатр – тарих және мәдениет ескерткіші, яғни ол Қазақстан Республикасының айрықша меншігі және жекешелендіруге жатпайды.
Енді ғимарат ресми түрде мемлекетке қайтты. Бақтияр Омарханов оны әрі қарай пайдаланудың бірнеше нұсқасын да сөз етті. Мұнда, мысалы, Жастар үйін ашуға, сондай-ақ зейнеткерлерге бос уақыттарын өткізуге арналған орын ұйымдастыруға болады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ