Қазақ баласы үшін жер – тек шаруашылық көзі емес, ол – ар мен намыстың, мемлекеттіліктің символы. «Жер десе, жанын беретін» халықтың басына ХХ ғасырдың басында ауыр күн туды. Патша өкіметінің отарлау саясаты қазақтың атақонысын тартып алып, құнарлы алқаптарды қоныс аударушыларға үлестіруі ұлттың болашағына балта шапқанмен бірдей еді. Дәл осы кезеңде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан жер мәселесін ғылыми және саяси тұрғыдан шешудің жолын іздеді. Рулық жүйенің ерекшеліктері, жайылым мен қыстаудың бөлінісі, жердің тауарға айналу қаупі және бос жатқан жерлерді иелену заңдылықтары – Әлиханның ұлтты сақтап қалу жолындағы күресінің басты бағыттары болды. Бұл мақалада біз Алаш арысының жер саясатындағы ұстанымдары мен сол тұстағы әлеуметтік қайшылықтардың астарын саралаймыз.
Патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатындағы ең басты стратегиялық айласы – «бос жатқан жер» термині болды. Отарлаушы әкімшілік «қазақтар бір жерде тұрақтап отырмайды, демек олардың нақты жер иелігі де, шекарасы да жоқ» деген жаңсақ пікірді желеу етіп, құнарлы алқаптарды мемлекет меншігіне тартып ала бастады. Алайда, Әлихан Бөкейхан бұл саясаттың негізсіздігін 1896-1903 жылдар аралығындағы Ф.А.Щербина экспедициясы аясында жүргізген іргелі зерттеулерімен тас-талқан етті. Әлихан Бөкейхан экспедиция құрамында статистикалық зерттеу тобын басқара отырып, Семей, Ақмола, Торғай облыстарын аралап, қазақ шаруашылығының ішкі құрылымын жіті зерттеді. Ол патша үкіметі алға тартқан «ретсіз көші-қон» туралы жаңсақ пікірге қарсы мынадай ғылыми дәлелдерді ұсынды: Әлихан Павлодар, Қарқаралы, Семей және Омбы уездеріндегі әрбір рудың, атаның ғасырлар бойы қалыптасқан көш жолдары, нақты белгіленген қыстаулары мен жайлауларын картаға түсірді. Ол әрбір төбенің, әрбір құдықтың өз иесі (руы) бар екенін, қазақ қоғамының жүздік-рулық құрылымы жерді пайдаланудың ең басты заңдылығы екенін дәлелдеді.
Экспедиция барысында Әлихан қазақ шаруашылығы үшін бір шаңыраққа қажетті жер мөлшерін есептеп шығарды. Оның есебі бойынша, бір шаңыраққа шамамен 90-192 десятина жер қажет еді. Бұл есеп «артық жер» дегеннің мүлдем жоқ екенін, керісінше, қазақтардың өзіне жер жетпей жатқанын көрсетті. Алаштың көсемі пайымдауы бойынша, көшпелілік – бұл жерді тиімді пайдаланудың экологиялық және экономикалық жүйесі. Ол Адай уезі мен Қарқаралы өңірін зерттей келе, маусымдық көші-қонның жерді тоздырмай, шөптің шығымы мен су көздерін кезекпен пайдаланудың жоғары мәдениеті екенін атап өтті.
Әлихан Бөкейхан жинақталған материалдар негізінде жазған «Қоныстану тарихы», «Қарқаралы уезінің рулық кестелері» еңбектерінде: «Қазақтың жері бос емес. Әрбір рудың өз мекені – қыстау-жайлауы, өзен-суы, құдықтары бар. Бұл жерлер ата-бабадан мұра болып қалған ата жұрт», – деп кесіп айтты. Ол тіпті Ресейден келген қоныс аударушылардың егін шаруашылығымен бейберекет айналысуы жердің құнарын қалай кетіріп жатқанын (мысалы, Алтыбай болысындағы бидай егістігінің қаңбаққа айналуы) нақты мысалдармен көрсетіп, қазақ даласы үшін мал шаруашылығының әлдеқайда тиімді екенін ғылыми негіздеп берді. Осылайша, Әлихан Бөкейхан патша өкіметінің «артық жер» деген желеумен жүргізген отарлау саясатына ғылыми тосқауыл қойды. Ол үшін жер – жай ғана тауар емес, ол – рулық қауымның тұтастығы мен ұлттың өміршеңдігінің кепілі еді.
Ұлт көсемінің жер саясатындағы ең батыл әрі стратегиялық ұстанымы – жерді жеке меншікке беруге және оны сатуға түбегейлі тыйым салу болды. Бұл жай ғана экономикалық шешім емес, ұлттың болашағын сақтап қалудың бірден-бір жолы еді. ХХ ғасырдың басында Ресей империясында жүріп жатқан Столыпиннің аграрлық реформасы жерді жеке иелікке беріп, оны еркін сауда айналымына шығаруды көздеді. Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінің беттерінде бұл реформаның қазақ даласы үшін апатты екенін ашық жазды. Әлихан кедей қазақтардың тығырыққа тірелгенде немесе алданғанда өз үлесін кулактарға (орыс қарашекпенділеріне) немесе жергілікті алпауыт байларға су тегінге сатып жіберетінін болжады. Сатылған жер қайтып қазаққа оралмайды. Нәтижесінде халық өз ата-қонысында жүріп, өзгеге жалданушы (батрак) күйіне түспек. Сондықтан ол: «Жерді сатқан – ата-бабасын сатқанмен тең» деген қатаң қағиданы ұстанды.
Әлихан жерді жекеге бермей, оны реттеудің балама жолы ретінде «Муниципализация» идеясын ұсынды. Бұл жүйе бойынша: жер ешкімнің жеке меншігі болмайды, ол – халықтың ортақ меншігі; жерді басқару құқығы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына (Земствоға) беріледі; әрбір қазақ отбасы немесе руы жерді тек пайдалануға алады, оны сатуға, сыйға тартуға немесе кепілдікке қоюға құқығы болмайды.
Бөкейхан қазақ қоғамының рулық (ұжымдық) сипатын жерді қорғаудың құралы ретінде пайдалануды жөн көрді. Қазақ дәстүрінде жер – жеке тұлғанікі емес, рудың ортақ иелігі. Мал шаруашылығы үшін жердің қоршалмаған, ашық және тұтас болғаны маңызды. Жерді бөліктерге бөліп, шарбақпен қоршап тастау – ғасырлар бойы қалыптасқан көш жолдарын кесіп, көшпелі шаруашылықты тығырыққа тіреумен бірдей. Рулық иелік қауым мүшелерінің бірін-бірі қолдауына, жердің сыртқа кетпеуіне кепіл болды. Әлихан Бөкейхан жерді тауар ретінде қарастыруға үзілді-кесілді қарсы тұру арқылы қазақтың әлеуметтік іргесін сөгілуден сақтап қалды. Ол жер мәселесін ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтеріп, «жер – мемлекеттің негізі» екенін дәлелдеп берді.
Әлихан Бөкейханның жер мәселесіндегі ұстанымы тек құрғақ статистикаға емес, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рулық-шежірелік жүйесіне негізделді. Ол үшін рулық құрылым – жердің нақты иесін анықтайтын басты құрал еді. Жерді пайдаланудың дәстүрлі жүйесі бойынша, зерттеулерде қазақ даласындағы жердің «қыстау, көктеу, жайлау, күзеу» болып бөлінуі – кездейсоқтық емес, табиғатпен үйлескен уақыт пен кеңістік үндестігі екенін көрсетті. Қыстауға Сарыарқаның таулы беткейлері мен ойық жерлерінің таңдалуы (мысалы, Қарқаралы, Қызыларай таулары) – малды бораннан, аяздан қорғаудың амалы. Бұл жерлерде қар аз түсетіндіктен, малдың «тебіндеп» жайылуына мүмкіндік болған. Шекаралық белгілер бойынша, ол әрбір қыстаудың шекарасы табиғи белгілермен (өзен, көл, тау) немесе арнайы қойылған тастармен белгіленгенін, бұл шекараны ру мүшелері ешқашан бұзбағанын жазды.
Әлиханның нақты деректермен жұмыс істеу шеберлігі оның Зайсан уезіндегі Берімбет руынан шыққан Зейнолла Бұтанбайұлының шаруашылығына жасаған есебінен көрінеді. Бұл жерде Әлихан мынадай маңызды қорытындылар жасайды: рулық топтасу – бір ғана «Қайшы-бұлақ» қыстауында 9 үй (Берімбет руы) отырса, жайлауға (№54 жайлау) 1099 шаңырақ (Берімбет, Төлебай, Қайқы, Дәулетбай т.б. рулары) жиналатынын нақтылайды; «артық жер» мифін әшкерелеу – патша шенеуніктері жерді «артық» (излишки) деп тапқысы келгенде, Әлихан математикалық дәлдікпен әр жан басына, әр мал тұяғына қажетті десятинаны есептеп, «Заң жолына салса, мұнда артық жер жоқ» деп дәлелдеп береді; шежіре мен жер байланысы – ол әр рудың шежіресін қаза отырып, олардың қай ғасырдан бері сол жерді мекен еткенін, «ескі жұрттың» тарихын тізбелейді.
Әлихан Бөкейхан қазақ шаруашылығын еуропалық үлгімен (мысалы, Швейцарияның мал шаруашылығымен) салыстыра отырып, қазақ жерінің егінге емес, малға қолайлы екенін (мысалы, Шілікті өлкесі) баса айтты. Оның пікірінше, жерді тартып алып, қазақты отырықшылыққа күштеу – халықты ашаршылыққа итерумен тең. Шежірелік зерттеулері мен жер есебі – патша өкіметінің заңсыздығына қарсы қойылған ғылыми қалқан болды. Ол рулық жүйені сақтау арқылы жерді сақтап қалуды көздеді, өйткені жер иесіз емес – оның иесі ғасырлар бойы сол жерде тер төккен нақты рулар мен аталар еді.
Түйіндей келгенде, Әлихан Бөкейханның жер мәселесі мен рулық қауым төңірегіндегі көзқарастары – жай ғана экономикалық есеп емес, ұлттың өміршеңдігін сақтауға бағытталған стратегиялық бағдарлама. Алаш көсемі патша өкіметі ойлап тапқан «бос жатқан жер» және «ретсіз көші-қон» секілді мифтерді Ф.А.Щербина экспедициясының ғылыми деректерімен тас-талқан етті. Әлихан Бөкейхан үшін рулық жүйе – ескіліктің қалдығы емес, жердің тұтастығын сақтайтын, қазақты бөтеннің талауына бермейтін ұжымдық қорғаныс еді. Оның «Жерді сатқан – ата-бабасын сатқанмен тең» деген қағидасы бүгінгі таңда да Қазақстанның жер саясаты мен ұлттық қауіпсіздігінің алтын діңгегі болып қала бермек. Алаш арысының бұл мұрасы – жер тағдыры ел тағдыры екенін ұғындыратын мәңгілік сабақ.
Фируза БЕРІКҚЫЗЫ,
«Мирас» тарихи-этнографиялық
зерттеу клубының мүшесі
