«Live Duet Agadyr» мега жобасы

Кент әкімдігінің қолдауымен Шабал Бейсекқызы атындағы мәденисауық орталығының және кенттік жастар орталығының ұйымдастыруымен осы жылдың 7 желтоқсаннан бастап елдімекенімізде «Live Duet Agadyr» мега жобасы іске асырылмақшы. Бұл жобаның басты мақсаты – мәдениет саласының қызметкерлері мен кент жастары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, сахналық мәдениетті арттыру және өнерлі азаматтардың жаңа дуэттерін қалыптастыру.

Мега жобаның шарттары бойынша байқауға мәдениет қызметкерлерінен бөлек кенттегі мекемелерден 18 жастан жоғары өнерлі адамдар қатыса алады. Байқау міндетті түрде жанды дауыста өтеді.

Жобаның осы шарты кенттегі мекемелердің арасында ән айтуда өнері бар жастарды анықтауға, тікелей эфир арқылы жастардың музыкалық қабілетін, сахна мәдениетін дамытуға, дуэт түрінде әндерді орындау арқылы шығармашылық ынтымақтастық пен командалық рухты нығайтуға бағытталған.

Байқауға қатысуға 8 жұп іріктеуден өтуде. Қатысушы жұптар әлеуметтік желіде бейнехабарларын жариялап, солар арқылы өздерін таныстырып, жобаның маңызын қысқаша жеткізеді.

Ал енді конкурс барысында әрбір жұп еркін тақырыптағы 1 ән және қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған бір әнін орындайды.

Турлар өткен сайын әлеуметтік желіде онлайн Instagram арқылы «mso_аgadyr» ресми парақшасының сторисінде сауалнама түрде өткізіледі. Әр тыңдарман өзіне ұнаған дуэтке дауыс бере алады. Көрермендердің дауыс беруі арқылы тур сайын ең төмен дауыс алған мегаға қатысушылар шығарылып отырып, финалға 3 жұп қана өтеді.

Жобаның жеңімпазы кентімізде жылдағы дәстүр бойынша өткізілетін «Жыл үздігі – 2025» кеші барысында анықталатын болады. Жүлде қоры 150 000 (жүз елу мың) теңгені құрайды.

Елдімекенімізде алғаш рет өткізіліп отырған «Live Duet Agadyr» мега жобасын тамашалап, оның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына және ұнаған жұптарыңызға онлайн дауыс беру арқылы атсалысуларыңызды сұраймыз.

       Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті