Ұлт болашағына бағыт берген билер жиыны

Қарағанды өңірінде «Қазақ билері алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезекті жиыны ұйымдастырылып, ел бірлігі мен қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Басқосу Қарағандыда өтіп, игі шара дәстүрлі бата рәсімімен басталды.

Жиында елімізге белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы көпшілікке ақжарма тілегін арнап, алқалы топтың жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан кейін бірлестіктің бас биі Әбу Мұхаммед Орынбасарұлы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

– Аталмыш ұйым өткен жылы үш негізгі бағытты басшылыққа алған. Атап айтқанда, ел тыныштығы мен бірлігін нығайту, мәдени-тарихи мұраны дәріптеу және заманауи медиация жүйесін дамыту. Осы бағыттар аясында бірқатар нақты жұмыстар жүзеге асқан, деді – «Қазақ билері алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас биі Әбу Мұхаммед Орынбасарұлы.

Жиын барысында қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, әсіресе жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұлт бірлігін бекемдеу төңірегінде пікір алмасты. Басқосуға жастардың да қатысуы – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі болды. Ақсақалдар тарапынан айтылған тағылымды ойлар мен өмірлік тәжірибелер жас буын үшін маңызды бағыт-бағдар екені атап өтілді. Ауқымды жиынға еліміздің әр өңірінен келген билер қатысып, олардың қатарында елге сыйлы төбе билер де болды. Басқосу қорытындысында Қарағанды облысының аға биін сайлау рәсімі өтіп, ол қазақы дәстүрге сай ашық әрі әділ түрде ұйымдастырылды. Көпшілік дауысымен кәсіби медиатор, Ақыт қажы мешітінің бас имамы Жанарбек Мамбар – Қарағанды облысының аға биі болып сайланды. Айта кету керек, «Қазақ билері алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2023 жылы құрылған. Бүгінде оның еліміздің 14 облысында филиалдары жұмыс істейді. Ұйым жыл сайын құрылтай өткізіп, биылғы басқосу тамыз айында Талдықорған қаласында жоспарланған. Алдағы уақытта Қарағанды облыстық филиалы алқа жұмысын жандандырып, қоғамдағы күрделі мәселелерді шешуге белсене араласуды көздеп отыр. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру және елге қызмет ету бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл жиын – ұлттық дәстүрді жаңғыртып, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Әділ БЕК