Ұлт көсемі – Әлихан

Биыл ұлт көсемі Әлихан бабамыздың дүниеге келгеніне 160 жыл толатыны бәрімізге мәлім. Осы орайда Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорындағы «Көсем» деп аталатын туындыны таныстырып өтуді жөн санадым.

Халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ауылында  дүниеге келген (қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қаратал ауылы).

Әлихан жасынан зерек, алғыр болып өскен. Әкесі оны Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың оқуына берді. Бірақ кішкентай Әлихан молданың оқуына қанағаттанбай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке өз қалауымен ауысады. Оны бітіргеннен кейін Қарқаралы қаласының қазақ балаларына арналған мектепте жеті жыл оқыған. Одан соң Омбыда білім алған, Санкт-Петербург қаласында білім алған, қанша  қиыншылық көргеніне қарамастан ешқашан ізденуден, білім алудан тайынған емес.

2021 жылы Қарағанды облысы әкімдігінің және Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» республикалық онлайн байқауы өткізілді. Оған республикамыздың әр қаласынан 100-ден аса суретші қатысты, жеңіп шығып жүлделі орын алған картиналарға ақындарымыз өлең жазды, соның ішінен жеңіп шыққан гран при 1,2,3 орын алған туындылар біздің музей қорына табысталды (12 жұмыс). Сол байқау нәтижесінде түскен музей қорындағы ең құнды туындының біріне тоқталып, азда болса мағұлмат берсем деген ниетпен қолыма қалам алдым.

Бұл байқауда суретшілерге қойылған негізгі талап Қарағанды өңірінен шыққан белгілі ұлт көсемдері, белгілі тұлғалар елі үшін, жері үшін еңбек еткен қазақ зиялылары, мемлекет қайраткерлері жайлы шығармалар жазып Қарағанды өңірінің келбетін ашу болатын, әрине суретшілер бұл талапты толығымен орындады.

Соның ішінде ТОЛҚЫН ТАБЫСБЕК деген жас суретшінің «Көсем» деп аталатын жұмысы ерекше. Суретші кенепте, майлы бояумен Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың портретін сомдады.

Толқын Табысбек 1986 жылы 21 ақпанда ҚХР  Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында дүниеге келген. 2005 жылы Күйтүн қаласындағы Көркем өнер колледжін «Кескіндеме» мамандығы бойынша, 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кескіндеме» факультетін, 2014 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша тәмамдады.

ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ХV Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің бас жүлдегері. Қытай, АҚШ, Кипр елдеріндегі байқау-көрмелердің қатысушы жүлдегері. Суретші Ұлт көсемінің бейнесін сомдап Гран при ұтып алды.

Бұл туындыда елі үшін туған асыл азаматтың портретін суретші өте керемет бере білген. Қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлғаның портретін сомдауда суретші көп ізденген, Алаш қайраткері жайлы бірнеше кітаптар оқып қаншама мәліметтер жинақтаған, сол ізденудің арқасында осындай тамаша портрет шыққан. Тұлғаның аты ғана қалың бұқара халықты рухтандыратын, оның атқарып кеткен ісі, оның артта қалдырған орасан мол мұрасына бой көтеріп келе жатқан жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін оятуға, ал ұлт тәуелсіздігі  мен  мемлекеттің  жолында қиян-кескі күреске толы өмір тәжірибесі келешек ұрпаққа үлгі-өнеге болатын. Көсем бабамыздың даңғыл жолын, болашақтан көп үміт күтетінін, жарқын болашақ үшін әр қазақ күресе білу керектігін суретші тамаша келтірген. Себебі Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақтың жарқын болашағына шүбәсіз сенген әрі сол үшін күрескен еді.

«Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деп Әлихан бабамыз өзі айтқандай өмірінің соңына дейін елі үшін күресіп, қазақ үшін жанын пида етті. Ұлы даланың дара тұлғасының бейнесін суретші қандай қиыншылықты бастан кешсе де мойымай аяғын алға тік басып, иығын тік ұстап алға қарысты нық қадам басып келе жатқан бейнесінен және  көз жанарынан болашаққа деген мол сенімді көруге болады.

Суретші: «Ұрпағының, біздердің жарқын болашағымыз үшін, алаңсыз өмір сүруіміз үшін еңбек еткен осындай асыл азаматтардың бейнесін сомдау маған шабыт береді, әрі ол менің азаматтық борымыш деп ойлаймын» дейді.

Сонымен қатар осы конкурстың талабы бойынша жүлделі орынға ие болған туындыларға ақындар жыр арнау керек болған, бұл туындыға белгілі ақын Мұрат Шаймаран «1937 жыл немесе Әлиханның соңғы монологы» деген жыр жазған еді. Ақынның жыр жолдарынан үзінді келтірер болсам.

Бара ма қолдан өтіп жатқа дәуір,

Шапшиды қызыл оттай көкке дауыл.

Қобыздың көмейіне тұнған мұндай,

Уа, Алаш, қасіретің неткен ауыр.

 

Аспанда ай азалы, күн қаралы,

Мәскеудің мұнаралы мың қамалы.

Түсіме кіреді ылғи Қарқаралы,

Жетердей бостандықтың бір хабары.

 

Әй, қайдам, үміт өлмек, өмір күймек,

Төгілген көздің жасы қоңыр күй боп…

Сәбидей кінәсіз һәм аңқау елді

Кетер ме тексіз бастап, тобыр билеп?!

 

Жүрер ме жат өлкенің есігінде ер,

(Тағдырдың жазған маған кесігін көр!)

Бабаның аманаты орындалмай,

Кетсем өліп, шерлі жұрт, кешіріңдер!

 

Төсінде, туған аспан, жанар ма сам,

Білмеймін, ораламын саған қашан?»

Арманым болмас еді

Басым беріп,

Алаштың азаттығын алар болсам.

(«Тәуелсіздік: Сөз бен сурет». Қарағанды 2021 жыл.) жинағынан алынды.

Бұл монологтың авторы Мұрат Шаймаран 1969 жылы 13 қарашада ҚХР-ның Үрімжі қаласында дүниеге келген. Ол көкірегіне тығылып жатқан өнердің бар қасиеті мен қадірін жастарға үйретіп, баулып жүреді.  1988 жылдан 1993 жылға дейін ҚХР, ШҰАР Іле педагогикалық институтының қазақ тілі-әдебиеті факультетінде оқыған. 1993 жылы ҚХР, ШҰАР «Күйтін газетінде» бас редактор болып қызмет атқарған. 1996 жылдан 1998-ші жылға дейін ҚХР, Нәнжин қаласында Қытай Халық университетінің журналистика институтында (сырттай) магистрант бөлімінде оқыған. 2000 жылы ҚХР, ШҰАР журналистер одағы тарапынан «Үздік әдеби редактор» мәртебесіне ие болған. 2004 жылы атамекені – Қазақстанға бір жола қоныс аударған. Мұрат Шаймаран 2006 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің халықаралық журналистика кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарады. Соңғы демі қалғанша Алаштың азаттығын аңсап кеткен ұлт ұстазы Әлихан Бөкейханды ақын осылай керемет жырлаған. Музей қорындағы туындылардан шағын көрме көтеріп «Ұлт көсемі – Әлихан» тақырыбында музей сабағын ұйымдастырып, музей қызметкерлері ұлы бабамыздың асыл қасиеттерін, біздің осы жарқын болашағымыз үшін күрескен көсемнің өмір тарихынан мағұлматтар береміз. Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес, сондықтанда біздің басты мақсатымыз да осы, Ұлы даланың Ұлы тұлғалары арқылы тарихқа тереңнен бойлап ұрпақ тәрбиесіне сәлде болса үлес қосу.

                                                  Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА

                                                  Мәдениет саласының үздігі,

                                                  Қарағанды облыстық

                                                  бейнелеу өнері музейі

                                                            басшысының орынбасары