Ұлттық мереке лайықты ұлықталады

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында облыс әкімдігінде мерекеге орай өткізілетін шаралар пысықталып, жай-жапсары талқыланды. Құзырлы органдардың мәліметінше, негізгі шаралар 15 қазаннан басталып кеткен. Елімізде зор құрметпен аталып өтетін мереке Қарағанды облысында да кең көлемде тойланады. Түрлі челлендждер, қайырымдылық акция­ларынан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтары Республика күнінде еліміздің эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалайды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында бұдан бөлек облыс өмірі үшін маңызды өзге де шаралар қозғалғанын айту керек.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Саран жылусыз емес

Ермағанбет Қабдулаұлы алдымен Сарандағы жағдайға тоқталды. Облыс әкімінің алдында есеп берген Саран қаласының әкімі Ерлан Баулықов бүгінде тұрғын үйлердің барлығы жылу жүйесіне қосылғанын айтады.

– Барлық үйлер резервтік жылумен жабдықтау жүйесіне қайта қосылды. Сондай-ақ, жергілікті жылу көздері іске қосылды. Отын қоры жеткілікті. Көмір тасымалданды. Қазандықтарда жұмысшылар да жеткілікті. Орталық жылу көзін пайдалануға бергенге дейін қаланы жылумен жабдықтау резервтік жүйе арқылы қамтамасыз етілетін болады, – деді Ерлан Баулықов.

Ермағанбет Қабдулаұлы күш-жігердің барлығы проблеманы шешуге бағытталуы керек екенін қадап айтты. Сарандағы үйлердің барлығы жылу жүйесіне қосылғанымен, проблемалы қазандықтар болса, ол мәселенің шешімі табылуы тиіс.

– Мен қала тұрғындарының наразылығын түсінемін. Жағдай толық реттелгеннен соң міндетті түрде әрбір жауапты адамның іс-әрекетін талдап, баға береміз. Қазіргі басты мақсат – пәтерлерге сапалы жылу беру, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазан айында жылумен жабдықтау үшін қайта есептеу жүргізіледі.

Мереке Republic Day брендімен өтеді

Республика күніне санаулы күндер қалды. Осыған орай облыс әкімі еліміздегі басты мерекеде жұмыстар сапалы әрі уақытылы орындалуы керек екенін айтты. Ал, облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов халық арасында мемлекеттік көңіл күйді қалыптастыру және Республика күнін лайықты қарсы алу мақсатындағы шаралар Republic Day брендімен өтетінін атады.

– Негізгі шаралар 15 қазаннан басталды. Яғни, облыс кітапханалары мен мұражайларында тақырыптық көрмелер ашылып, білім беру мекемелерінде сынып және кураторлық сағаттар, спорттық шаралар өтуде. Ал, облыс­тың ірі кәсіпорындарында еңбек адамдарын ұлықтау бағытында салтанатты рәсімдер өткізіледі. Ақпараттық кеңістіктегі жұмыс Мемлекеттік Ту аясында «Қыран елім – Қазақстаным!» атты патриоттық челлендж ұйымдастырылатынын айту керек. Бұл орайда осы шараға барлық мемлекеттік орган басшылары мен аудан, қала әкімдері белсене атсалысуы тиіс, – дейді Нұрлан Бикенов.

Сонымен қатар, Республика күніне орай әлеуметтік нысандар да ашылатынын ерекше атау керек. Мәселен, облыс бойынша дәл осындай 11 нысан ашылу жоспарланса, одан бөлек, тұрғындардың әлеуметтік осал топтары мен тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 40 пәтердің кілті табысталады.

Нұрлан Бикенов әлеуметтік кампаниялар да іске қосылатынын айтады. «Жанашыр жүрек» қайырымды істер марафоны, «Таза Қазақстан – таза табиғат» экологиялық акциясы жалғасады.

Облыстың мәдениет басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов мәдени-бұқаралық іс-шаралар туралы мәлімдеді. Айтуынша, барлық мәдениет ұйымдарында шаралар қазірден өткізілуде. Жалпы, 300-ден астам түрлі форматтағы шаралар жоспарланған.

Ұлттық мереке қайырымдылықсыз өтпейді

Мереке қарсаңында мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Аталған шарада жергілікті бюджет қаражаты есебінен 857,5 млн теңге сомасына 42 720 адамды қамту жоспарлануда. Олар ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар жандар және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар. Одан бөлек, көпбалалы отбасы балаларының мектепке дейінгі ұйым шығындары өтеледі. Одан бөлек, өңірлерде азықтүлік жеткізіледі.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мерекелік шараларды, түскі астарды, конкурстарды, спорттық жарыс­тарды өткізу үшін азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін сыйлықтар тапсырумен бюджеттен тыс көздерден 470,0 мың теңге көзделіп, 2827 адам қамтылғанын жеткізді.

Ал, Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов «Жанашыр жүрек» акциясы аясында Жастар Ресурстық орталығының еріктілері «25 игі іс» акциясын іске қосатынын айтты. Оның аясында қайырымдылық түскі ас, қарттарға, жалғызілікті қарияларға, балаларға және мүгедектігі бар адамдарға көмек, азықтүлік жиынтықтарын табыстау және экологиялық іс-шаралар жоспарланған.

Облыста рекордтық көрсеткіш

Көктемгі қолайсыз ауа райына қарамастан облыс диқандары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, соңғы сегіз жылда болмаған өнім алғанын білеміз. Осыған қатыс­ты облыс басшысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төленбеков мәлімдеді.

– Облыс бойынша егін жинау жұмыстары толығымен аяқталды. 909,3 мың гектар астық алқабынан, орташа өнімділігі гектарына 15 центнер болғанда, 1350 мың тонна астық бастырылды. Өнімділіктің ең жоғары көрсеткіштері – Абай, Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарында. Ең азы – Қарқаралы ауданында. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 11,3 мың гектар алқаптан 298,7 мың тонна картоп жинады. Нұра, Шет және Осакаров аудандары көш басында, – деді Әнуар Төленбеков.

Жалпы, 979,3 гектар алқаптан 36,2 мың тонна көкөніс, 33,6 мың гектар алқаптан 23,4 мың тонна майлы дақылдар жиналған. Бүгін тұқымдарды толтыру жұмыстары аяқталып, олардың сапасын тексеру басталған.

– Қазір 47,9 мың тонна тұқым тексеруге түсті. Әкімдіктер тұқым тапсыру бойынша жұмыс­ты жандандыруы қажет. Облыс аграршылары 52,5 мың тонна тыңайтқыш түсірді. Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау үшін биылға бөлінген 2 млрд 113 млн теңге сомасындағы қаражат толық игерілді. Өсімдік шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау аясында барлығы 5,0 млрд теңге төленді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Ермағанбет Қабдулаұлы өз кезегінде жоғарыда аталған көрсеткіштер диқандардың табан ақы, маңдай терінің өтеуі екенін айтты.

– Одан бөлек, ауыл шаруашылығы техникаларын дер кезінде дайындауда, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау шаралары да өз ықпалын тигізді. Одан бөлек, атқарылатын шаралар да бар. Олардың қатарында, жерді жырту, тұқым сапасын тексеру, көктемгі егіске техникаларды дайындау бар, – деді аймақ басшысы.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

https://ortalyq.kz/ltty-mereke-lajy-ty-ly-talady/

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *