Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Құрылтай барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесінің маңызы арта түскені атап өтілді.
Ұлттың болмысы тек өткен тарихпен ғана емес, оны бүгінгі цифрлық кеңістікке қалай енгізе алғанымызбен өлшенеді. Тарихы мен мәдениетін цифрландырған халық қана жаһандық өркениетте өз орнын сақтай алады.
Ұлттық цифрлық мұра – бұл жай ғана архив емес, халық жадының, ғылым-білімнің және мәдени кодтың заманауи цифрлық платформасы. Аталған бастама идеологиялық дербестікті нығайтып, келер ұрпаққа төл тарихты қазіргі заман талабына сай форматта жеткізуге жол ашады.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы осындай нақты мазмұнмен толығуы тиіс. Мемлекет басшысының ел болашағына бағытталған бұл бастамаларын толық қолдаймын. Еліміздің тұрақты дамуына негіз болатын реформалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдіремін.
Қалықов Абай Қобыландыұлы
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің проректоры, Қарағанды облысы мәслихатының депутаты
