Есболов Ғани Ахметұлы ӨзССР-і, Науайи облысы, Тамды ауданы (бұрынғы Еңбек Қызыл Ту Орденді В.И. Ленин атындағы совхозда) 1976 жылы 19-наурызда дүниеге келді. Бала жасынан өлең жазуға әуестенген. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының «Айыртау таңы» газетінде өлеңдері мен мақалалары жарық көрген. Онлайн ақындар мүшайрасының алғыс хатымен марапатталған. Теміртау қаласы Тұңғыш Президент музейі ұйымдастырған іс-шаралардан бірнеше алғыс хаттар алған. Сонымен қатар өзінің және басқа ақындардың сөзіне жазылған бірнеше әні бар. Қазіргі кезде Теміртау қаласынының Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейінде мұғалім болып жұмыс істейді.
Майлықожа Сұлтанқожаұлының:
«Ақынның анық жүйрігі,
Жөнелсе сөзге шарқ ұрып.
Айтқан сайын қадамы,
Қадала түссе артылып», – деп жырлағандай Ғанидың өлеңдерін оқып отырып, ақынның жастардың келешегіне алаңдауын, ана тілімізге деген жанашырлығын, туған жерге, анасына, Отанға деген сүйіспеншілігін көруімізге болады, сонымен бірге қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді қаламына арқау етеді. Ақынның өлеңдерінің астарында ұлтжанды екендігін аңғаруға болады, өлеңдерінде адамның ғұмыры мен тағдыры айтылады.
Ғаниға келешекте қаламың ешқашан мұқалмасын, халқың, оқырманың сүйіп оқитын өлеңдерің көбейе берсін демекпін.
Сәндібек ҮРІСТЕМОВ,
Қарағанды облысы, Шахтинск
қаласының мәдениет, тілдерді
дамыту, дене шынықтыру және
спорт бөлімінің «Бастау» оқу-
әдістемелік орталығының КММ
директоры
Қашан туар Азаматың ту алар?!.
Білім мен білік далбаса,
Өмірде жолың болмаса.
Адалдығың көк тиын,
Шибөрілер жалмаса.
Өреге баспас ақиқат,
Жағымпазды қолдаса.
Аламаннан не қызық
Есектен тұлпар озбаса.
Қор болады кәтеп нар,
Қазықта тұрып боздаса.
Ол да бір бақыт екен ғой,
Жаныңдағы серігің,
Аяққа тұзақ салмаса.
Ақындықтан не пайда,
Ақиқатты жазбаса.
Арманым еді Алашым,
Азаматым азбаса.
Орындалмас бәрібір,
Тілерім тек Тәңірден,
Адамдығым тозбаса!..
***
Хас жақсыда ешқашан қас болмайды,
Хас жүйріктің жолында тас болмайды.
Шала адам сәл нәрсені сылтауратар,
Хас дарында межелі жас болмайды.
Түйені түгіменен жұтса дағы,
Мешкейдің өңешіне ас толмайды.
Саны бар да сапа жоқ шала сауат,
Өңкей қиқым жиылып бас болмайды.
Ерке қыз екі көзін бұласа да,
Көкейінде ешқашан жас болмайды.
Дүние астан-кестен болса дағы,
Жылпостар ешқашанда аш болмайды.
Өзің болып, толсаң да екі дүние,
Елім десең арылмас бастан қайғы.
Елең етпес елі үшін ешқашанда,
Хас жаманға мал бітсе аспандайды.
Сөз алысып кикілжің болғанменен,
Жақсының көңілінде тат болмайды.
Жастайыңнан ел үшін беліңді бу,
Дөненінде ақсаған ат болмайды.
Тең құрбы, аға-інімен сыйласып өт,
Сөзінде тұрған жігіт мат болмайды.
Жастарым тату бол деп Ғани ағаң,
Болашаққа алаңдап хат жолдайды.
***
Жасымағын, жабықпа, жалындағын,
Жүрегіңде білемін жалын барын.
Жапанда жалғыз қалсаң Жезкиіктей,
Жаутаңдап жамандарға жалынбағын!
Жаным-ау, жырың бөлек, сырың бөлек,
Жалғанда жақсылардан қырың бөлек.
Жиылса жайсаңдары жер-жаһанның,
Жанартаудай жүрегің өрең бөлек!!!
Жалғаншы жабырқатып жасытады,
Жайнатып қайғы жоқтай тасытады.
Жақсы, жаман өткеннен сабақ алып,
Жөн білгенге кештеу бас қасытады.
Жалған тұрар жақсы менен жаманнан,
Жалғасады жүз ғасырлық заманнан.
Жүрегіңе жақын алма барлығын,
Жаңсақтық та қалған хауа адамнан!
***
Аузынан жырып берер бауыры үшін,
Жүрегің неткен дархан жалынды шын.
Ініңе күлімдейсің шуақ төге,
Сыртың әппақ, болса да жалын ішің.
Бауырмал жан бар ма екен әпкеңнен,
Жомарттығы асып кетер кейде әкеңнен.
Інісін тастамайды ол ешқашанда,
Ажал буып тұрса да өңменінен!
Адалым, аңқылдағым әпкелерім,
Таусылмас бауырыңа ап келерің.
Жалғыздықты сездірмес бұл жалғанда,
Әкемдей, Ақ анамдай еркелерім!!!
Куә болған бақытты кездеріме,
Жымиған қисық, қыңыр сөздеріме.
Аздық етер ескерткіш әр қалаға,
Жақұттан қойсам жаным өздеріңе!!!
Бесеуің толтырар ең үйді нұрға,
Гүл теруге шығушы ек талай қырға.
Кеттіңдер тағдыр айдап шартарапқа,
Сағынып толып отыр ішім жырға!
***
Өмірде мынау қайғы келсе басыңа,
Шүкірлік етіп алға бас еш жасыма.
Дұшпаннан соң өлейін деген қазағым,
Пенденің мынау не келмес дейсің басына.
Жалғанда мынау жақсыны жиғын қасыңа,
Адалдан болса береке кірер асыңа.
Жолың болып жетілсең өзің болғандай,
Төрт күнгі баққа көкірек керіп тасыма!
Қарада да, ханда да бар бір арман,
Батыр мен бек те жете алмай жүр арман.
Кемді күнгі кемшілікке күйзелме,
Кімнен қалмас өте шығар бұл жалған!..
***
Отқа түсер сен үшін ана деген,
Түсінсе ғой соны шіркін бала деген!…
Жер бетінде болса егер құдірет,
Сол құдірет шынымен Ана дер ем!
Әрбір шашы жұмақ нұрдан нәр алған,
Бұл дүниеге сенің үшін жаралған.
Бұл жалғанда болса егер мейірім,
Соның ғазиз жүрегінен таралған.
Бар өмірін арнар жалғыз балаға,
Тәрбие мен тәлім құяр санаға.
Екі дүние бағын көрем десең сен,
О, адамзат басыңды и анаға!!!
***
Жан анам, жалғыз досым жалғанда,
Екі әлемде саған жетер жан бар ма?!
Тілеуқорым әппақ жүрек періштем,
Мүлгір дүние сені әніме салғанда.
Менің үшін түн ұйқыңды бөлгенің,
Мен ауырсам бүкіл әулие тербедің.
Теңеу таппай жаман қара балаңа,
Әлемдегі асыл сөзді тергенің.
Жеті қабат көктен биік талғамың,
Біз жетілсек еді, барлық арманың.
Табаныма кірген шөгір, тікенді,
Батады деп тіліңменен алғаның.
Бір адамдай сынады ғой тағдырың,
Тіке тұрып көтердің-ау барлығын.
Неткен дархан, неткен ұлы жүрегің,
Сездірмедің бұл жалғанның зар мұңын.
Бұл жалғанда жалғыз ғана тірегім,
Қисық кетсем аямадың түзедің.
Қолдан келер жалғыз ғана қолдауым,
Екі дүние бағын бер деп тіледім…
АДАМ БОП КЕТУ АРМАНЫМ
Өмірдің жолы бұралаң,
Не түрлі онда жүр адам.
Жер бетіндегі тіршілік,
Қаншама тағдыр құраған.
Асқақтаған арқырап,
Сүрініп талай құлаған.
Өктемсіген өр кеуде,
Оңаша жерде жылаған.
Аңқылдаған ақ көкірек,
Бармақтай бақ сұраған.
Арамдар жүр армандап,
Бар нәрседен дін аман.
Сыпайы жүр білдірмей,
Сұлулап сыртын сылаған.
Жолы болмай жақсы жүр,
Көзінің жасын бұлаған.
Топырлаған топ жаман,
Бір жақсыны сынаған.
Надан жүр бақ базарда,
Қылығы жоқ жанға ұнаған.
Бақтан бас тартса мың адам,
Бақ іздеп жүр бір адам.
Ұсақталып адамзат,
Пысқырмай жүр ірі адам.
Адам боп келдім жалғанға,
Адам боп кету Арманым,
Басқа бір бақыт сұраман!!!
***
Мен дария болсам шіркін тасар едім,
Асқаралы Бұланайдан(Гималай) асар едім.
Сусаған, шөліркеген бүкіл елге,
Ертегідей Иранбағын жасар едім.
Мен жұлдыз болсам шіркін ағар едім,
Бақытын әр адамның жағар едім.
Енді ғана қосылған жас жұбайдың,
Тік тұрғанша қас-қабағын бағар едім.
Мен күн болсам әлемге нұр төгер едім,
Барымды игілікке берер едім.
Адамзаттың тыныштығын бұзғандардың,
Жүрегіне иман нұрын себер едім.
Мен түн болсам тыныштық күзетер ем,
Қара ниет ойларын түзетер ем.
Ғашықтарды ажырамас мәңгілікке,
Махаббат бесігінде тербетер ем.
Мен нан болсам әлемді тойдырар ем,
Жылауын әр сәбидің қойдырар ем.
Ашаршылық орнатқан қаныпезерді,
Қалдырмай жер бетінен жойдырар ем.
***
Тілегімді берсе адам боп қалар едім,
Әр адамды бауырыма балар едім.
Арманым көп Алаш…
Арлан едік….
Төбет болдық қораға үрген,
Тарлан едік….
Жабы болдық қойға ерген.
Арман едік…
Ғасырда бір түлеген,
Тобыр болдық….
Өз жерінде жүдеген
Күндер қайда?!…
Әлемді түгел билеген,
Түндер қайда?!….
Ұйқыны мүлде білмеген.
Жылдар қайда?!…
Жауды жықпай күлмеген,
Заманым қайда?!…
Дұшпанды көзге ілмеген?!!!
Аналар қайда?!…
Бесікте ұлын баптаған,
Даналар қайда?!…
Намыс пен жерін сатпаған.
Ұлылар қайда?!…
Ұрпағын ұлы сақтаған,
Ұлдарың қайда?!…
Елім деп тыныш жатпаған!!!
Қыздарың қайда?!….
Үмітін елдің ақтаған….
Келінің қайда!….
Арымен есік аттаған,
Ұрпағың қайда?!….
Ұлының сөзін жаттаған!!!
Ұлылардың ұрпағы бүгін азғындап,
Бауырын ғана даттаған!!!
Алашымның ары қайда, Ағайын?!…
Дүбара тіл мен дүдімал діндер қаптаған.
Айтпағанды айтты дейді жалақор,
Қостайды оны араны ашық парақор.
Не боп барады мына қоғам беймәлім,
Тек жүргенді көре алмайды бәлеқор.
Сәл сүрінсе ары таза бір адам,
Қара күйе жағар оған мың адам.
Жағдайынан хабар алмай өзінің,
Үлкен-кіші жабыла оны сынаған.
Ал өздері періштедей бар күнәдан дін аман…
Ал бәйгені әрқашанда қу алар,
Өзіндейлер қол шапаттап қуанар.
Шибөрідей жабылсаңдар жақсыға,
Қашан туар Азаматың ту алар?!…
Бұл дүниеден сен де, мен де өтерміз,
Жете алмай армандарға кетерміз.
Ұлы Бабам аңсап кеткен Мәңгі елге,
Айтыңдаршы қайда, қашан жетерміз?!…
***
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
( Қасым Аманжолов )
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Өміршең өлеңімді өлтірмес деп,
Өскелең ұрпағыма сенемін тек.
Өмірдің көбі кетіп азы қалды,
Өкінтер елесімен жазы қалды.
Өндершегім атамыз айтыпты деп,
Өлмейтін құлағымда сазы қалды…
Өмірдің өкінтпестей берген сыйға,
Өлеңді өнеге етіп жидым бойға.
Өнерде өшпестей із қалмаса да,
Өнерлі жас шырқар талай жиын-тойда.
Өмірде көргенімді хатқа тіздім,
Өресін өлшеп жүрдім мың мен жүздің.
Өрісімді тарылтса да өңкей надан,
Өспесем де өршелене өрге жүздім!
Өнерлі жас бір-біріңді шалма аяқтан,
Өз-өзіңді жаттай сыйла құрмай қақпан.
Өте шығар жалғанда дос-жар арттыр,
Өлмеймін деген жанды ажал тапқан….
Өшпестей өнеге қалдыр ізге,
Өлшеулі өмір берді сіз бен бізге.
Өлдім деп еш өкінбе қалса артыңда,
Өресі кең ұрпақты берсе сізге,
Өнегелі сөздерің кетпес түзге!!!
***
Кезімде құлаған,
Бүкіл ел сынаған.
Барымен өзінде,
Қолдаған бір адам.
Кетсе де ел айналып,
Деп сенген дін аман.
Мен үшін тек қана,
Деп тілеп жүр аман.
Көз жасын көлдетіп,
Шынымен жылаған.
Сүрінтпе деп мені,
Алладан сұраған.
Мін тауып жоқ жерден,
Шалғанда мың адам.
Майысып мен үшін,
Демеген бір адам.
Сыйя алмай әлемге,
Кездерде жылаған.
Деп айтқан егілме,
Баяғы бір адам.
Екенін ең қымбат,
Білмеппін сол адам.
Ел үшін бірақ та,
Емес ол дүр адам.
Қасымда, жырақта,
Қолдайтын бір адам.
Дүние тұрғанша,
Болшы сен тек аман,
Қолдайтын бір адам
Сол адам!!!
***
Тәңірім адам қылып жаратқасын,
Күніңді надандарға қаратпасын.
Ішіне ине айналмастай пасық қылып,
Жаратқаннан лайым жаратпасын!!!
Бойы тұрған жерінде боғы тұрар,
Қапыда атылатын оғы тұрар.
Досының бағы тайса бір күндері,
Сеніп айтқан сырлары ағытылар.
Жігіттер дос таңдасаң арды таңда,
Адал ниет, жүрегі барды таңда.
Жау қолында қалдырмас қайран сабаз.
Сырласар көз ілдірмей таңды-таңға.
Сол жанға өзің дағы лайық бол.
Мұң теңізден алып шығар қайық бол.
Еділ болып толқыса есі кетіп,
Бірге ағар жанындағы Жайық бол