Ұлы мерекелерге арналды

Ақадыр кентінде көп жылдардан бері елдімекендегі мекемелердің ұжымдары арасында белгілі даталарға орай шығармашылық есеп беру шараларын өткізіп тұру дәстүрге айналған.  Биылғы әдемі шара Ұлы Абайдың 180 жылдығына, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдықтарына арналды.

Кент әкімдігі және Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан шығармашылық кештер халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға, ұлттық асыл құндылықтарымызды насихаттауға, Ұлы Отан соғысында от пен оққа кеудесін тосқан аталарымыздың ерлігін бүгінгі ұрпаққа жеткізуге және үлгі етуге, ерліктерін мәңгі ұмытпауға, Ата Заңымызды ұлықтап, оны ұрпаққа құрмет көрсету парыз екенін жете ұғындыруға және саналарына  сіңіруге, еліміздегі ұлт өкілдерінің достығын көрсетуге арналды.

Шығармашылық есеп беру кешін алғашқы болып кентіміздегі мектепке дейінгі балғындарды тәрбиелейтін білім ошағы – «Балбөбек бөбекжайы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бастады.

Шараға келгендер ең алдымен Мәдениет үйінің кіреберіс фойесінде бөбекжай ұжымы дайындаған ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін көне бұйымдарының және қазақтың салт-дәстүрлерінің көрмесін тамашалады. Киізүй керегелері астында тұрмыстық бұйымдар қойылған алаңда көрермендерге қазақтың қасиетті сусыны – қымыз бен нан тағамы бауырсақ ұсынылды.

Кеш шымылдығы «Елдіктің қуат-қайнары – Ата заң» композициясымен ашылды. Сахнадағы LED экраннан еліміздің Конституциясы жайлы бейнероликтер көрсетілді. «Ата заңым – Айбыным!» монологын ұжым мүшесі Аяулым Нұрланқызы нақышына келтіріп орындады. Шарттың негізінде Ата Заңымыздың қоғамымызды дамытудағы рөлі анық жеткізілген соң мекеменің хор ұжымы Қ.Бекқожиннің сөзіне және А.Ахатаеваның әуеніне жазылған «Қазақ елім» әнін орындауымен аяқтады.

Екінші шарт Ұлы Жеңіске арналып, «Ардагерлер есімі – мәңгі есімізде» деп аталды. Сахнада ұжым мүшелерінің сомдауымен Бауыржан Момышұлына, Рақымжан Қошқарбаевқа, Мәншүк Мәметоваға, Әлия Молдағұловаға ескерткіштер орналастырылды. Бейнебаян арқылы қазақ батырларының ерлігі айтылды. «Шығыстың қос жұлдызы» әні орындалып біткен соң, бір минуттік үнсіздік жарияланды.

Келесі шарт Абай Құнанбайұлының шығармашылығын әспеттеді. Бұл жерде сахна көркем безендіріліп, ақынның 17-ші қара сөзіне арналған театрландырылған көрініс көрсетілді. Балабақшаның қызметкерлері жоғары деңгейде кейіпкерлерінің рөлін сомдап,  Хакім Абайдың данышпандық тұлғасын залдағы отырған көрермендерге жеткізе білді.

Кештің соңғы шарты «Достық жалауы – мәңгілік жалау» деп аталып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Бұл шартта да театрландырылған көрініске жол берілді. «Аққу» күйі орындалып жатқан сәтте сахнаға бір топ қыз шыға келді. Қыздардың сыңғырлаған күлкісі естіліп, «Дударай» әуені ойналды. Қыздардың ішінде біреуі – орыс  қызы. Сырт жақтан қазақтың жігіті өтіп бара жатып қызға көз салады. Қыз да жігіттің назарын байқайды. Әрі қарай жігіт жағы құда түсіп, екі жастың тойы өтеді. Тойға қатысқан өзбек, украин, корей халқының өкілдері өздерінің ұлттық киімдерімен және билерімен көрініске ерекше бір сән беріп көрермендерді бір серпілтіп тастады.

Шараға қатысушылар қызықты, рухани байлық сыйлаған кештің куәсі болғандарына риза болып, қуаныштарын жасырмады. Шараның жүргізу тәртібін ұжым мүшелері Г.Абжанова мен А.Бейсенова дайындаған екен.

Әрине, бұл жерде біз ұжым мүшелерін жұмылдырып, үлкен жауапкершілікпен және жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен көріне білген бөбекжай директоры Бақтыбаева Қырмызы Дауылбайқызын атап өтпеуімізге болмайды.

Қалижан БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *