Республика күні аясында Қарағанды қаласының «Кеңдала» ықшамауданында «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында былтыр ғана ашылған №19 жалпы орта білім беру мектебінде ауқымды әрі мазмұнды шара өтті. 2 000-нан оқушыға арналған қазақ мектебінде «Тұлғатану» жобасы аясында «Ұлы тұлғалар мұрасы – ұрпаққа аманат» қалалық ғылыми-танымдық алаң өтті.
Рухани мұраға бай шараның басты мақсаты – оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру, ұлы тұлғалардың мұрасын таныту арқылы отансүйгіштікке, рухани құндылықтарды қадірлеуге және ғылыми ізденіс дағдыларын дамытуға бағыттау.
Қазақтың ұлы тұлғалары Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Қаныш Сәтбаев еңбегін насихаттау мақсатында мектеп оқушылары арасында викториналық ойын, Quiz, TEDx-style, Talk, сахналық қойылым, пікірталас, поэзиялық байқау, жас ғалымдар сайысы сынды бағытта жарыс өтті.
Мерекелік шараның жеңімпаздары марапатталып, «Тұлғатану» жобасы аясында «Ұлы тұлғалар мұрасы – ұрпаққа аманат» қалалық ғылыми-танымдық алаң «Азат елдің асқақ үні» салтанатты мерекелік концертімен тәмамдалды.
Айта кетейік, білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында бой түзеген болатын. Мұнда оқушылар бір ауысыммен оқиды, ал түстен кейін түрлі үйірмеге қатысып рухани кемелденеді.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
