Мұғалім мықты болса, мемлекет те айбынды

Анадан туған адамзат баласының бәрі мұғалімнің алдына барады. Мұғалімнен сабақ алады, үйренеді, естіп-біледі. Содан санасы жетіліп, ақыл-ойы өскен бала толыққанды азаматқа айналып, өмірден өз үлесін алса керек. Әлем жұртшылығын айтпағанда, қазақта мектеп көрмеген деген екіұшты сөз бар. Тәрбие көрмеген дегенге келіңкірейді. Ақылмен ойлағанға бұл – өте ауыр сөз. Оған жеткізбесін құдай.

Алда Мұғалімдер күні келе жатыр. Біздің қазақ үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін ұстаздың орны бөлек. Қандай қанатты сұңқар, тұяқты тұлпар болсын, ұстаз алдын көрмегені, тәлім-тәрбиесін алмағаны кемде-кем. Мәселе, қандай ұстазға тап болуында. ХХ ғасырдың басында біздің ұлт қайраткерлерінің бәрі мұғалім әрі қаламгер ретінде қызмет етті. Себебі, ұлтты оятудың, санасына сәуле түсірудің бірден-бір төте жолы осы мұғалімдік еді. Қазақ балаларының көзін ашу және оқи білетіндерін газет-журнал арқылы сауаттандыруға сайды олардың қызметі. Бұл мылтықсыз майдан әлі солай жалғасып келеді.

Үйде ата-ана, мектепте, жоғары оқу орнында ұстаздар мен оқытушылар дұрыс бағыт-бағдар берсе, болашақ ұрпақ адаспайды. Ұрпақ түзу болған соң ұлттың болашағы жарқын, Отан іргесі берік болмақшы емес пе? Мемлекеттің айбыны сонда ғана аспақшы. Қазақ баласын сол үшін оқытып-тоқытады. Өзіне ғана емес, Отанының, ел-жұртының тірегіне айналғанын қалайды. Демек, мықты, айбынды мемлекеттіктің түбінде мұғалімдік, ұстаздық қызметтің дәнегі жатады екен. Он бір жыл мектептен алған білім – барлық ғылымның іргетасы, барлық істің атасы. Ал ол білімді беруші, санаға сіңіруші ұстаздар қауымының орны, Мағжан айтпақшы, қашан да төрде болу керек.

Мұғалім мықты болса, мемлекет те айбынды.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ