Мүгедек жанға – жан-жақты демеу

Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен қатар, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдар елеулі үлес қосып отыр. Мәселен, мүгедек балаларды оңалту мақсатында ұйымдар өкілдері жан-жақты әдіс-тәсілдерді, технологияларды ұсынып отыр.

Облыста иппотерапия жобасына ерекше көңіл бөлініп отыр. 20 мамырдан бастап Теміртаудағы этноауыл базасында атқа міну сабақтары басталады. Ал Балқаш пен Қарағанды қалаларында бұл жобалар бір ай шамасында іске қосылады.

Жалпы, биыл облыста 18 жастан асқан психоневрологиялық науқастарға күндізгі стационар ашылады. Қазір жұмыс істеп тұрған күндізгі стационар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында орналасқан. Стационар 12 орынға шақталған. Ал тағы да 20 орын қажет. Ескі базаны кеңейту мүмкін болмағандықтан жаңасын ашу туралы шешім қабылданды. Жаңа нысан бойынша құжаттар дайындалып, оны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

«Батыл жүрек» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы Оксана Югайдың айтуынша, ақыл-есі бұзылған балаларға жеке мектеп ашу қажет. Қазір облыста бұл мәселені шешу бойынша екі нұсқа қарастырылып отыр. Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісованың сөзіне сүйенсек, жақын уақытта осы екі шешімнің бірі таңдалады.

– Бұл мәселе бойынша №1 мектеп-интернат базасында төрт арнайы сынып ашу немесе Пришахтинскіде №4 мектеп-интернат базасында толыққанды мектеп ұйымдастыру қаралып отыр. Сондай-ақ, биыл Бұқар жырау ауданында түзету кабинеті, Теміртауда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін екі кабинет ашылады, – дейді Гүлбақыт Жүнісова.

Мүгедек балаларды спортқа бейімдеу мақсатында биыл Қарағанды, Шахтинск қалалары мен Абай, Қарқаралы аудандарында 45 бейімделген спорт алаңы орнатылады. Былтыр небары екі бейімделген спорт алаңы қойылған еді. Ал «Лучик надежды» қорының жетекшісі Татьяна Кравченконың айтуынша, спорттық сабақтар тізімін кеңейту қажет.

– Үлкен шығынды қажет етпейтін, қолжетімді спорт түрлері бар. Мысалы, асық ату, бес асық және басқа да үстел ойындары. Бұл ерекше балаларға ұлттық спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді, – дейді қор басшысы.

Облыста спорт секцияларына қатысатын балаларды көбейту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Яғни мемлекеттік тапсырыс аясында жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, дойбы, шахмат, футбол, ролик тебу, бочча, тоғызқұмалақ және басқа да спорт түрлері бойынша қосымша 433 баланы тарту жоспары бар.

Сонымен қатар мүгедек жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселесі аймақтағы атқарушы органдардың күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Бұл тұрғыдан келгенде жұмыс берушілердің белсенділігі қажет. Себебі көбінесе олар мүгедектерді жұмысқа алудан бас тартады. Сондықтан қоғамдық ұйымдар балалардың тәжірибе жинауы үшін транзиттік жұмысқа орналасатын бейімделу алаңдарын құруды ұсынып отыр. Бұл ұсыныс облыс басшылығы тарапынан да қолдау тауып отыр. Алдағы уақытта мәселе шешімін табуға тиіс.

Сонымен қатар облыста өңір тұрғындарын мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас құруға үйрететін дәрістер өткізілмек. Яғни курс тыңдаушылары ерекше қажеттіліктері бар адамдармен олардың сезімдерін қорламай, әдепті қарым-қатынас құра отырып сөйлесуді үйренеді. Бұл курсты Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы қолға алды. Сабақтарды осы орталықтың мамандары өткізетін болады.

– Курстың негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар адамдармен әдепті қарым-қатынас жасауға үйрету. Бізде кейбір адамдар, мысалы, арбадағы адамға көмектескісі келіп, арбаны, шынтақ астын және тағы басқа жерлерінен ұстап, бірден итере бастайды. Бірақ мүгедектер арбасы – бұл жай ғана қозғалыс құралы емес, адамның ажырамас бөлігі, қажеттілік. Сондықтан ең дұрысы – жақындап келіп: «Сізге көмек керек пе?» деп сұраған жөн. Егер адам шынымен де оған мұқтаж болса, көмектескен қажет, – дейді орталық жетекшісі Нияз Сүндетәлиев.

Курс бір жарым сағатқа есептелген. Тоқсанына бір рет өтеді. Осы уақыт ішінде тыңдаушылар арбамен жүретін, зағип, нашар еститін және саңырау адамдармен, сондай-ақ психикасы бұзылған адамдармен сөйлесу, көмектесу жолдарын меңгереді.

Бұдан бөлек мүгедектігі бар адамдардың біліктілігін көтеру, білімін жетілдіру бойынша жұмыстар жалғаса бермек. Мәселен, қазір облыс орталығында «1С бағдарламашы» мамандығын оқыту курстарына мүгедектігі бар адамдарды және оларға күтім жасайтын азаматтардың өтінішін қабылдау жүріп жатыр. Өтініштердің 7 мамырға дейін тапсыруға болады. Сабақ барысында қатысушылар 1С бағдарламасы бойынша 4 ай практикалық сабақтардан өтіп, дәрістерді тыңдайды. Сонымен қатар 2 ай тағылымдамадан өтеді. Курс соңында қатысушыларды қарағандылық компанияларға жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылады.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *