Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда бірқатар конституциялық заң жобалары мақұлданды. Палатаға 2022 жылғы 5 маусымда референдумда қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды іске асыру мәселелері бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда талқылау ұсынылды.
Олар – Конституциялық Сот туралы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы, конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша конституциялық заң жобалары, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және «Прокуратура туралы» конституциялық заң жобасы.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» конституциялық заң жобасының мақсаты – мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту, азаматтардың конституциялық бақылауға қолжетімділігін арттыру. Бұл заңды қабылдау Конституциялық Соттың қызметі, оған Конституцияда жүктелген өкілеттіктерді іске асыру үшін құқықтық негіз қалайды.
Түпкі нәтижесінде бұл құқықтық жүйені дамытуға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кепілдіктерін және елдегі заңдылық режимін нығайтуға, халықтың мемлекеттік институттарға сенімін арттыруға ықпал етеді.
Ал «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заң жобасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін нығайтуға және мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейтуге бағытталған. Аталған заң жобасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін күшейтіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға септігін тигізеді.
«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатымен әзірленді.
Өзгерістер Президенттің саяси партияларды тіркеу шектерін төмендетуге, өкілді билік тармағын қайта құруға, сайлау жүйесін жетілдіруге, сайлау процесін жаңғыртуға, Үкіметтің уақытша актілерді қабылдауына қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі мақсаты қолданыстағы заңнамамен Мемлекет басшысы жариялаған саяси реформаны іске асыру шеңберінде енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес келтіру.
Заң жобасы 44 заңнамалық актіге, соның ішінде 15 кодекс пен 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің жекелеген өкілеттіктерін жоюды; жерге, оның қойнауына, су көздеріне, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, басқа да табиғи ресурстарға қатысты халық меншігін белгілеуді; биліктің өкілді тармағын қайта қалыптастыруды; сайлау жүйесін жетілдіруді және сайлау процесін жаңғыртуды; әкімдерді тағайындау мен сайлау тәртібін өзгертуді; саяси партияларды тіркеу рәсімдерін оңайлатуды; заң шығару рәсімін өзгертуді және құқық қорғау институттарын күшейтуді көздейді.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен Конституциялық Соттың қызметіне және сайлау құқықтарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке байланысты қоғамдық қатынастар реттеледі.
Оның мақсаты – Жолдаудан туындайтын Конституциялық сот құру, сайлау процесін жаңғырту және сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты саяси реформаларды толыққанды іске асыруды қамтамасыз ету. Ал «Прокуратура туралы» конституциялық заң Мемлекет басшысының азаптаумен байланысты қылмыстарды тергеп-тексеруде жүйелі тәсілді енгізу туралы тапсырмасын заңнамалық деңгейде іске асырады.
Осылайша, Прокуратураның елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіруші рөлін арттыру, прокуратура органдарының, соның ішінде әскери және көлік прокуратураларының өкілеттіктерін, міндеттері мен құзыреттерін қайта қарау жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2021 жылғы 26 ақпанда қабылданған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы прокуратура органдарының халықпен, құқық қорғау институттарымен, қоғамдық бірлестіктермен және тағы басқа ұйымдармен жұмыс істеу тәсілдерін тиісінше қайта форматтауды және қайта қарауды талап етіп отыр.
Сондықтан заң жобасының ережелерінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және сақтау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау жөніндегі прокуратураның құзыретін бекіту ұсынылады. Тағы бір маңызды мәселе – Бас Прокурордың өкілеттіктерін нақтылауды көздейтін конституциялық бақылаудың жаңа институттарын енгізу.
Атап айтқанда, Конституциялық Соттың құрылуы Бас Прокурордың Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы және Негізгі заңның ережелеріне ресми түсіндірме беру туралы өтінішхат беру құқығымен қамтамасыз етуді қажет етеді.
Жалпы отырыста депутаттар бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Ол қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және ұлттық кинокомиссияны құру, шетелдік инвесторларды тарту, халықаралық кинонарықтарда, кинобизнес-алаңдарда және басқа да іс-шараларда Қазақстанның киноиндустриясын көрсету арқылы кинематографияны дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Заң жобасы сондай-ақ елімізде және шетелде әлеуметтік маңызы бар мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді реттейді. Депутаттар кинематография саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыру, кинематографиялық қызмет субъектілерінің халықаралық кинофестивальдерге қатысуына мемлекеттік қолдау көрсету, елде және шетелде қазақстандық кино күндерін ұйымдастыруға бағытталған тағы да басқа бірқатар түзету енгізді.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 маусымдағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау үшін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға 25 қазанды Ұлттық мереке – Республика күні ретінде айқындауды, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеуді, бұдан басқа, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер сияқты, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау арқылы айқындауды ұсынды.
Сондай-ақ жиында Мәжіліс комитеттері кәсіби біліктілік туралы жаңа заң жобаларын, сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша қылмыстық-процестік кодексті және Салық кодексіне қатысты заң жобаларын жұмысқа алды.
Сонымен бірге Мәжіліс комитеті бірқатар ратификациялық заң жобаларын да жұмысқа алды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссиясының және Еуразиялық экономикалық одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттама бар.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Е.Бейсенбаев, А.Жамалов, З.Камасова, Г.Нұрымова, Е.Саиров, Е.Смышляева, Д.Тұрғанов, М.Магеррамов, Е.Смайлов, Ю.Ли.