Мыңжылдықтардың белесінде, ғасырлар көшінде бабадан балаға, атадан ұрпаққа үзілмей келе жатқан асыл өнердің бірі – қазақтың ұлттық қолөнері. Бұл – біздің халықтың баға жетпес байлығы, табиғи болмысы, басқалардан ерекшелігі hәм ұлттық коды десек те болады. Темірден түйін түйіп, ағаштан оюлы жиhаз жасау – көшпелілердің, ондағы салт-дәстүрдің керемет көз тартар көрінісі. Алтынмен апталып, күміспен қақталған небір әшекейлі бұйымдар, ер-тұрман мен ат әбзелдері, киіз үй жабдықтары, күнделікті тұрмысқа қолданылатын заттар, өнер аспаптары, неше түрлі киім үлгісі, ұлттық нақыштағы ою-өрнектер, яғни темір мен ағаштан жасалатын барлық тұтыну тауарлары – осы қолөнершілердің ісмер қолынан туындайды екен. Бұрындары әр ауылда, әр елдімекенде қолөнершілер де, ұсталар да, зергерлер де болғанын естіп, көбісін оқып білсек, бүгінде мұны зәру мамандыққа жатқызып жүрміз. Дегенмен, ел ішінде, халық арасында мұндай ізгілікті іс-әрекет, жақсы үрдіс сирек болса да сақталып қалғаны көңілге көп қуаныш ұялатады. Осындай маңызды мамандықтың хас шебері, қолы алтын қолөнерші, ұста әрі зергер – Қылышбек Жұматұлы Құрмантегі жайлы ойымызды ортаға салайық.
Жер жәннатына баланған, әйгілі Баянауылда жарық дүниеге келген айдарлы ұлдың топырақ киесі мен қасиетін керемет сезінуі бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, сонау өз заманының атақты ұстасы Құлмағанбет Байбақыұлы (1827-1893 ж.ж.) бабасынан келе жатқан ұсталық өнерді ұстап қалу сыры және қолөнердегі қол жеткен жетістіктері, бағындырған биігі. Қылышбек – Арғын-Сүйіндіктен бері қарай Айдаболдан тарайды. Арғы аталарында Төлебай батыр әрі ұста болған екен. Бабадан балаға үзілмей жеткен қазақтың қолөнері бұл әулеттің ерекше қасиеті деуге болады. «Әке көрген – оқ жонар» дейді қазақ. Оқ жонатын оғланымыз осынау өзгеше өнерге бала күнінен бейім болған. Тегінен келген, қанмен дарыған бұл өнер маңдай терге малшынтар мол еңбекті қажет ететінін Қылышбек тым ерте сезінген секілді. Жаңылмайтын жады, сезімтал жүрегі, қарақты көзі, зерек қабілеті, бұған қоса, ұстаз әкелердің тәлім-тәрбиесі – күрделі өнердің күрмеуін шешуге көп көмегін тигізген. Жақсы әкенің сабырлы мінезі мен салмақты сөзі, нәтижелі іс-әрекеті қашанда болар баланың өмір бойына өнеге болары айдан анық қой. Қылыштың ес біліп, құлын күнінен көргені – атасы мен әкесінің ағаштан ою өріп, темірден түйін түйгені. Есті әке елгезек ұлға ұлы бабасы Құлмағанбеттің шежіресін шертіп, тарихын баяндап отыратын. Бабадан тамыр тартқан бапты өнерді ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру – әкенің арманы мен аманаты еді. Осыны санасына ерте ұялатқан қаршадай Қылышбек бұл бұла өнердің өршіл өзеніне бала кезінде бел шеше бойлаған. Басқа балалар құсап ойын қуып, уақытын босқа өткізген жоқ. Шебер әкенің шеберлігін шегендеп алды. Теріні тіліп қамшы өрді, ағашты ойып домбыра жасауға әуес болды. Ұсталықтың қыр-сырын мейлінше меңгерді. Қолөнердің түр-түрін жақсылап үйренді. Айналасындағы жалт еткен әр дыбысқа елеңдеп, әр құбылысты қалт жібермей қағазға түсіретін суретшілік өнерді де игерді. Қолөнермен қатар спортпен де айналысты. Киелі өнер мен спорттық сергек қимыл Қылышбекке қанат бітірді. Табиғат берген талант құдіреті мен өзіндік таудай талабы мектептен кейін технологиялық училищесінде жалғасты. Әрі қарай Ресейдегі жоғары оқу орынында табиғи өнерін теориялық біліммен толықтырған.
Халық арасында «Ұсталық – көнеден келе жатқан киелі кәсіп», «Өнердің төресі – қолөнер» дейтін қанатты тіркестер қалыптасқан. «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін де нақыл бар. Осының бәрі Қылышбек тәрізді азаматтарға арналып айтылғандай. Бір кезде ерінбей етікшіліктен бастап, ағаш қиып, темір жонып, қолөнер мен ұсталықты қатар ұстаған, зергерлікті зердесіне тоқыған оның қолынан шыққан дүр дүниелер: домбыра, сандық, кебеже, ожау, астабақ, жүзік, сақина, сырға, шолпы, алқа, салпыншақ, ер-тұрман, ат әбзелдері, қылыш, пышақ, тағы басқа да тұрмыстық заттар бүгінде кеңбайтақ Қазақстанның түпкір-түпкіріне тарап, шетел де асып жатыр. Ол – жаңа заттарды ғана жасаушы емес, көнені де жаңғыртып, ескі-құсқы, әбден тозған дүниелерді де қалпына келтіруші бірден-бір ісмер маман. Мамандығы мен марапаттары жөніндегі бір мақалада: «…Қылышбек Құрмантегі – республикаға танымал шебер. Әріден үзілмей келе жатқан ұлттық өнерді жалғастырып, қайта жаңғыртушы. Ол – ағаш шебері, темір ұстасы, зергер, өрімші, ерші. «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесінің күміс жүлдегері, республикалық «Алтын сапа» сыйлығының иегері. Бүгінде «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығында жастарды өнерге баулып, үйрететін бесаспап маман. Тәжірибелі тәлімгер, ұлағатты ұстаз», – делінген. Шын мәнінде Қылышбек Құрмантегі үлкенді-кішілі, әлемдік-ұлттық деңгейдегі бірнеше қолөнер жарысына қатысып, бас жүлде де, басқа жүлделер де алып жүрген жеңімпаз. Жасаған жәдігерлерінің біразына авторлық патенттер алған. Біршама сертификат, алғысхат, грамоталарға ие болған. Ұзақ жылғы ерен еңбегінің бір өтеуі – «Құрмет» ордені мен «Павлодар облысының Құрметті азаматы» марапаттары болса керек.
Шәкірттері жайлы бір сөзінде: «Бірнеше шәкірттерім, ізбасарларым бар. Олардың өнерлері менен де асса екен деп үнемі тілеймін және соған дайындаймын» деген еді. Бұл – ұстаздың адалдығы мен қарапайымдылығынан туындаған игі лебіз. Қылышбектің өнерге, өз кәсібіне деген адалдығын, күнделікті өмірдегі қарапайымдылығын, нағыз еңбекқор жан екендігін ел айтып, журналистер жазып та жүр. Кейбір деректерге назар аударсақ, жасынан қолөнердің арқасында өзін сабырлылыққа, темірдей төзімділікке тәрбиелеген ол, спорт арқылы да қайсарлыққа, күштілікке бейімделген. Әскерде үш жыл Солтүстік флотта теңізші болуы да тегін емес. Ол өзін өмір бойы қиындықпен шынықтырып, еңбекпен тәрбиелеген. Өткен ғасырдың аяғындағы өліара кезеңде туған жері Баянауылдағы шеберханасы, ішіндегі қаншама заттарымен өртеніп кеткенде көңілі құлазып, жандүниесі түңіліп, осы кәсіптен бас тартқан сәттері де болыпты. Бәріне қолын бір сілтеп, сол кездің «тентек топтарына» да ілескені бар. Қолынан іс келетін, қарулы жігітті олар да өз мақсаттарына пайдаланбақ болған. Бірақ та арғы шыққан тегі мықты, санасы сергек Қылышбек бұл жөнсіз іс-әрекетінен тез тыйылып, жиhаз жасау жұмысын бастайды. Бір ғажабы, өкінішті сәттерін, түңілген тұстарын күні-түні еткен ерен еңбегі ұмыттырып жібереді. Сөйтіп, қайтадан өз өміріне, қолөнеріне құлшына кіріскен.
Кейіпкеріміз Қылыштың өмірлік миссиясы, ұлтқа деген перзенттік парызы – бабалардан келе жатқан үкілі үрдіс қазақ қолөнерінің биік шыңы болған ұсталық, зергерлік салаларын ел ішінде көздің қарашығындай сақтап қалу, қызғыштай қору және шәкірттеріне өзінің бойындағы көп қасиеттерін дарыту. Осы жолда ол күнде таңғы сағат 5-те тұрып алып, барлық алтын уақытын кәсібіне арнап, маңдай терін тамшылатып, елі үшін еселі еңбек етіп келеді.
Тағы бір ерекшелік, бабалардан басталған, ата мен әке жалғастырған бұл қасиетті өнер көші Қылышбектің ұлына да берілген. Еркебұлан есімді ұлы да керемет суретші екен. Қазір осы салада жемісті еңбек етіп жүр. «Енді немерелерімнен де үміт күтіп жүрмін» деп жымиып қояды Қылыш шебер.
Тектілік дегенде, Баянның баурайында талай мықтылар, таудай тұлғалар өмірге келген ғой. Басқасын айтпағанда, Қылыштың аталас туыстары Шоң би, Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы, Әлкей Марғұлан, Сұлтанмахмұт Торайғыртегін айтсақ та жеткілікті. Осы тұлғалардың туған топырағы, басқан іздері Қылышбек Жұматұлына да жұғысты болып, қазақ өнерін биіктетуге өз үлесін қосып жүргені бәрімізді қуантады. Қасиетті өлкенің өнер дарыған ұланы тек Арқа елінің ғана мақтанышы емес, исі қазақтың, кеңбайтақ қазақ жерінің, айбынды Алаш жұртының ортақ перзенті екенін дәлелдеп жүр. Атадан асыл болып туғандығы, сом алтынның сынығы екендігі – қанына дарыған киелі өнерден, еселі еңбегінен, бойындағы адамдық қасиеті мен кісілік келбетінен көрініп тұрғандай.
***
Қылышбек Жұматұлының 2022 жылы Майқұдық Мәдениет үйінде ашылған «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығы қазір ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына ауысқан. Тәртібі темірдей полиция жоғары оқу орыны ордасында. Арнайы рұқсаты болмаса, ол жерге көпшілікті, халықты кіргізе бермейді екен. Ал қолөнер – халықтың қазынасы. Яғни, көпшілік келетін, көретін орын болуға тиіс.
Біздің ойымызша, бұл ұлттық қолөнер орталығының қосымшаларын (филиалдарын) Қарағандыдағы Е.А.Бөкетов университетіне, Әбілқас Сағынов университетіне, Медицина және Қазтұтыну одағы университеттеріне де ашып, студенттеріне оқыту керек секілді. Сонымен қатар қаламыздағы колледждер мен мектептердегі еңбек сабағына да енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
«Қолөнер – қазақтың төл өнері» демекші, көнеден жеткен ұлттық болмысымызды білдіретін, ұлттық рухымызды көтеретін бұл құндылығымызды әрі қарай да дамытып, қолдау білдірейік.
Ұлттық өнеріміз ешқашан өлмесін, биіктерге өрлесін!
P.S. Осы шілде айының басында біздің досымыз, бауырымыз, елімізге танымал қолөнер шебері, қазақтың бүгінгі ұстасы мен зергері Қылышбек Жұматұлы Құрмантегі алпыстың асуына көтерілді.
Алпысың – талтүсің құтты-қайырлы болсын, Қылыш бауыр! Өнерің өрістеп, еңбегің жансын! Шәкірт және ұрпақ қызығын, зейнет жемісін ұзақ көруге Алла нәсіп етсін! Ғұмырлы бол!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі