Мақсат Әзибекұлы Күземхан – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ғұмыркеруен» жыр кітабының авторы.
1988 жылы 1 тамызда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Ақши ауылында дүниеге келген. Балқаш қаласындағы №2 Абай атындағы лицейдің түлегі. Орталық Қазақстан технология және менеджмент институтын тәмамдаған. Бірнеше облыстық және республикалық мүшәйралардың жүлдегері.
***
Көктемім менің, көктегім менің,
Жалын бүркіген от демім бе едің?
Ұғар ма мынау ұршық дүние,
Шынардай келсе көкте гүлдегім?
Көктемім менің, от демім менің,
Көп кездеседі өткенімде мұң.
Түстей құбылған тірлікте мынау,
Аз ба білгенім,
Көп пе білгенім?
Көктемім менің, көк белім менің,
Арқаның бұлтын еппен үрледім.
Сүйгенім сұлу, өпкенім керім,
Жастықтың ерке сөкпе күндерін.
Көктемім менің, көк төрім менің,
Өмірдің қылдай өткеліндемін.
Балқаштың түнде ай шомылатын,
Айна жанарлы көк көліндемін.
Көктемім менің, көк көлім менің,
Көк белде біздің көп көрінбедің.
Сейілдің* сен де сезінесің бе,
Сызылтып қана төккен үндерін?
Көктемім менің, оттегім менің,
Өмірді мынау мектебім дедім.
Тулаған жырда есем көп әлі,
Зулаған жылда жоқ кегім менің…
Көктемім – демім…
*Сейіл Аяған – әнші-сазгер
2013
Қарағанды
(Екінші өлең)
Төбеңнен жұлдыз себелетеді ғарыш көк,
Жүйткіген күнге жүйріктері еріп жүрген қыр.
Алыстан саған алқынып жетер арыс көп,
Қарағандым-ау…
Тас көшең – кілем,
Іргең – гүл!
Ару даланың алма бетінде қара мең,
Арқаның байтақ барып тірелер төрі сен.
Қарбалас өмір қайнап жататын қалам ең,
Ақ үмітке еріп, сағынып келіп көрісем.
Сұр түсті суық қабат үйлердің жағасы,
Жайылып жатқан жайлауым сынды жаз дәурен.
Қасиетіңнің қарайлап тұрсам бағасы –
Қара түнектен қан араласып қазған кен.
Тоғыстыратын талай да талай жолдармен,
Қаланың іші дүрлігіп жатқан бір базар.
Көмірді сатқан көпестей онда болғанмен,
Өмірді шаққан ақындай оны кім жазар?
Замана көшкен, қараған өскен ала бел,
Жасасқан сенсің жаңа да ескі ғасырмен.
Төсіңді беріп етектегі елді баға бер,
Тарихқа атың ойылып түскен жасынмен.
Жалын сипатпас жастықтың және мекені,
Сынаптай уақыт сырғиды сенен ақырын.
Жылдардың мынау алыстатса да жетегі,
Айналып соғып жүреді осылай ақының.
Төбеңнен жұлдыз себелетеді қара түн,
Жүйткіген күнге жүйріктері еріп жүрген қыр.
Қарағандым-ау…
Қалықтар сенсің қанатым,
Тас көшең – кілем,
У-шуың – шаттық,
Іргең – гүл!..
Қуыршақ қыз
Қуыршақ қыз келе ғой, кел, қуыршақ,
Ойнайық көрпе қылып жерді жұмсақ.
Құшағыңда өртеніп өлердеймін,
Қасыңда қалар болсам енді бір сәт.
Сен арусың аққу боп жаратылған,
Айналдым ай бейнелі қанатыңнан.
Мен бір жанмын ай қанат аққулардың,
Ақ мамығын тараумен таң атырған.
Еркелеп, еркімді алып еліткен қыз,
Жастықтың буыменен желіккенбіз.
Кешті аңсап, жолға қарап, қырға шығып,
Елден бөлек ойнаған еліктерміз.
Күлімдеп күн астында жүрген еркем,
Жауһардай жаның нәзік гүлменен тең.
Балдәурен барады асып басымыздан,
Оралмайды-ау осы бір күндер ертең.
Мұңға батам сен жайлы сәл ойлансам,
Айдан да ажарлысың арайлансаң.
Мендік жүрек – мекені аққулардың,
Қанат қағып келіп тұр қалай қалсаң…
2012
***
Сен де бір, ақ бұлт та бір әуедегі,
Жанымның ол болмаса бауы өледі.
Қабағын түйген шақта күлімкөз Күн,
Анарын ақ бұлттардың тау емеді.
Сен де бір, қайың да бір сыбдырлаған,
Төгеді ол сыбдырынан сыңғырлап ән.
Жайқалған елесіңді жас қайыңдай,
Түбіне жанарымның шынжырлағам.
Сен де бір, ақ гүл де бір тәні нәзік,
Тіліме гүл жаратқан балың азық.
Қалқа қыз, жапырақтай жүрегіме,
Артасың ала таңда тағы да жүк.
Сен де бір, ақ құс та бір ай қанатты,
Ақ құсым ақ қанатын айға қақты.
Айдан кеп уысыма қонар деп ем,
Қайтейін, тағдыр одан тайғанатты.
Шер-мұңды өткен күннен шеттемен еш,
Барлығы тұңғиыққа кеткен елес.
Жаныңа бәрі сыңар әсемдіктің,
Жаныңа бәрі сыңар…
Тек мен емес…
2013
***
Шыңғыс қаған!..
Қол созып ат үстінен Күнді ұстаған.
Адамдар қасқыр екен о бастан-ақ,
Қасқыр да тіршілікке тырмысқан аң.
Әй, хас батыр!..
Бейнесі бес күніңнің қай таста тұр?
Дауылды дәуір өткен кең даланың,
Бетінде мәңгі бітпес шайқас жатыр.
Қанды күрес…
Өмір бар өлімменен мәңгілік өш.
Қақпанда шыңғыртар ма ек қарсы әлемді,
Аттан да ауып түстік, барлығы кеш.
Батыр қаған…
Көзді арбап алыс бар ма шақырмаған?
«Жаһанды жаулап қайт!» – деп қалады ылғи,
Сапарға шыққан сайын қатын-балам.
Ғасырлар-ай…
Шығыстан шырай беріп шашылды арай.
Жолсызда жоғалтқанмын қылышымды,
Бассыздың кесем енді басын қалай?
Шыңғыс қаған…
Қылышты ұлыспенен бірге ұстаған.
Бақсының әні бекер…
Бәрі де өтер,
Түбінде қара жерді кім құшпаған?..
***
Айтарым жақын жандарға,
Болмайды ақынды алдауға.
Болады қолды созуға,
Тағдыры тақымға алғанда.
Жығады батырды қу да,
Тұрмайды ақыл бір уға.
Болмайтын уақыттарда да,
Болады ақынды ұғуға.
Болады еркелетуге,
Жүрегін өртеп өтуге.
Болады көктеммен бірге,
Көңілін көркем етуге.
Болмайды ақынға үруге,
Болады атын білуге.
Болады адал сыйласып,
Жанына жақын жүруге.
Хақың бар тақыр кезуге,
Бар және хақың безуге.
Бір жүріп, ез мінезбенен,
Болмайды ақынды езуге.
Болады өр қылуға оны,
Болады төрге ілуге оны.
Ақын ол – лап еткен жалын,
Болмайды сөндіруге оны!
***
Алқасын ақ сезімнің тағынған қыз,
Алыстан бұлдыраған сағымдармыз.
Құшақты құштарлықтың алауы өртеп,
Сағынғанбыз…
Матап ап мас көңілге мақпал құндыз,
Сарғайған сағынышты сақтап жүрміз.
Жарқ еткен жанарыңның көшірмесі –
Аққан жұлдыз…
Сөндірмей сезіміңнің нұрлы шамын,
Ұмыт қыл ұшқыр күннің мұңлы шағын,
Мен деп біл сосын тәніңді орап алған,
Түн құшағын…
Бұлбұл үн, елік бейне, гүл жұпарлым,
Түндерді тәтті елеспен жылжытар мұң.
Бал сіңген жұпарыңды балқып, еріп,
Бір жұтармын…
Моншағын мөлдір мұңның тағынған қыз,
Ғарыштан бұлдыраған жалындармыз.
Көңілсіз көшіп жатыр сенсіз міне,
Бағымнан күз…
Жонында жұмбақ қырдың жүздеспейміз,
Құмайдай құмарлықпен із кеспейміз.
Барады өмір күліп өп-өтірік,
Біз не істейміз?..
2012
Балықтыбұлақ
Балықтыбұлақ – бастауы бес күнімнің,
Мөлтілдеген жанары ескі қырдың.
Өлермен боп сүйемін өмірді мен,
Одан және келмейді еш түңілгім.
Сол ұядан ұшқанмын көгіме мен,
Әр төбесін дүниенің төрі көрем.
Біткенде де оқылып Өмір-Өлең,
Жасы болып көк бұлттан төгілер ем.
Қырдан асып, аспандап кең бір әуен,
Сол өлкеден басталған мендік әлем.
Тұнығымен өрт басып өзектегі,
Ақ самалын жаныма ем қылар ем.
Шынымды айтсам өмірмен таныспадым,
Шыбық атпен қайда әлгі жарысқаным?
Алыс барып сезініп жақындықты,
Жақын жүріп білмеймін, алыстадым…
Топырлаған төскейде топ дуадақ,
Ойнап жүрген едім ғой доп қуалап.
Допты қуып, біресе жоқты қуып,
Көкжиекке көп күнім өтті қарап.
Бұлақ болам мен де бір білмесеңіз,
Бірде арық, көңілім бірде семіз.
Бел-бедерді суарып күн кешеміз,
Жер астымен желісіз тілдесеміз.
Балықтыбұлақ – бекеті бес күнімнің,
Ұйып батқан ұясы кешкі нұрдың.
Сол өлкеден аунаған қызыл Күнді,
Қуып келем төсінде ескі қырдың…
Балықтыбұлақ…
***
Көзіңде мөлдір мұң тұнғанда да,
Сыбдырдан үркіп сыр тұрғанда да.
Құралай көркің құлпырғанда да,
Тамсанам қарап сыртыңнан ғана.
Жақындай қалсам бір ыңғайланып,
Сөз таба алмаймын тілім байланып.
Осының бәрін түбінде ойланып,
Өтірік жүрсің ұғынбай қалып.
Ойымның бәрін көзімнен ұғып,
Алдайсың мені, өзіңде күліп.
Сондай сәттерде сезімге жібіп,
Құраймын тастай төзімнен үміт.
Бұл неткен өзі бал күндер еді,
Тәттісін қашан тағдыр береді?
Құшағыма алып балғын денені,
Әлемнен жырақ қалғым келеді.
Абайлап, кейде абайламайсың,
Қарайлай жүріп, қарайламайсың.
Айды сыйласам қалай қарайсың?
Айлы түндерде мені ойлағайсың…
Кел, ойнағайсың…
Көк сақа
Кірбің түгіл кіршік түспей көңілге,
Барқыт белде өскен жанбыз бал еміп.
Асығатын түк те жоқ деп өмірде,
Асық атып ойнап жүрген бала едік.
Апыр-топыр аунап жүріп ақ шаңға,
Асық ойнап жататынбыз таласып.
Қызық емес алтының да, ақшаң да,
Бізге ол кезде қымбат еді әр асық.
Ақ дорбаны жүз ақтарып түнімен,
Санайтынбыз асықтарды не түрлі.
Қуанушы ек сол дорбаға шынымен,
Асық емес асыл толған секілді.
Қолдан түспес бір көк сақам болатын,
Көлге қатқан көк мұздайын салмақты.
Атқаныңда орынында қалатын,
Мен үшін ол бәрінен де ардақты.
Асығушы ем көк сақамды шиырып,
Қатар тұрған асықтарды атқанша.
Сәске түсте қу тақырға жиылып,
Ойнайтынбыз күн қызарып батқанша.
Балалықтың балағына жармасып,
Ұтылсақ та ұтылдық деп айтпаушы ек.
Кей кезде сол асық үшін дауласып,
Ақырында төбелессіз қайтпаушы ек…
Сол баланы ылғи асық ойнаған,
Көп жыл болды көрмей кеттім айнадан.
Тіршілікпен алысам деп қайнаған,
Көк сақаны ұмытқалы қай заман?!
Қайда кетті балалықтың бал күні,
Асық атқан, аптығы бір басылмай?
Дөңгеленіп өте шықты барлығы,
Домалаған тастаяқтың тасындай…
2011
