Маңызды кездесу

14 қазан күні сағат 11:00-де Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде студенттер арасында нашақорлықтың алдын алуға арналған мазмұнды кездесу өтті.

Шараны Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Қарағанды облысының Полиция департаменті бірлесе ұйымдастырды. Мұндай серіктестік мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өзара тиімді әрекеттесуінің нақты үлгісі болып табылады. Негізгі мақсат – өскелең ұрпақты әлеуметтік қауіп-қатерлерден қорғау және салауатты өмір салтын насихаттау.

Кездесу барысында «Жаңа түрдегі есірткілер және жастар арасындағы нашақорлық проблемасы» тақырыбы талқыланды. Студенттерге соңғы уақытта «қара нарықта» пайда болған синтетикалық есірткі түрлері, олардың адам ағзасына тигізетін зияны және жастардың не себепті тәуекел тобында екендігі туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Спикерлер есірткі заттарының ойлау қабілетіне, физикалық белсенділікке және жалпы өмір сапасына тигізетін теріс әсерін нақты мысалдармен түсіндірді. Сондай-ақ есірткі тұтыну мен сақтаудың құқықтық салдарына ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері өз тәжірибелерінен алынған нақты оқиғалар арқылы жастарға мұндай әрекеттердің қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке алып келетінін көрсетті.

Кездесудің негізгі спикері – Қарағанды облысы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бақытжан Қожахметұлы Мұстафаев болды. Ол өз сөзінде:

«Бүгін біз студенттерге маңызды ойды жеткіздік: нашақорлық – тек денсаулыққа қауіп төндіріп қана қоймай, бүкіл өмірге әсер ететін ауыр құқықтық және әлеуметтік салдар. Жастардың белсенділік танытып, ашық сұрақтар қойғаны қуантады. Осындай кездесулер дұрыс құндылықтарды қалыптастырып, жастарды зиянды әдеттерден сақтандыруға көмектеседі», – деді спикер.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жауапты әрі саналы ұрпақты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Олар жастардың нашақорлыққа қарсы иммунитетін нығайтуға, салауатты өмір салты мәдениетін дамытуға және кез келген жағдайда көмек сұрауға болатын сенімді ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Өмір БАЙБОСЫН