Маңызды мәселе

«AMANAT» партиясы мен «Qarmet» компаниясы еңбек және экология мәселелерін талқылады

Бүгін «AMANAT» партиясының «Qarmet» акционерлік қоғамы жанындағы филиалының төрағасы компанияның басқарма төрағасы Вадим Басинмен кездесті.

Кездесу барысында комбинат қызметкерлері мен ардагерлерінің, сондай-ақ Теміртау қаласы тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстары қаралды. Әңгіме ашық форматта өтіп, тараптар қоғам мен өндіріс саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Талқылау кезінде еңбек жағдайларын жақсарту, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету және қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар экология мен қаланы абаттандыру бағытындағы сұрақтарға ерекше назар аударылды.

Компания басшысы Вадим Басин көтерілген мәселелерді шешу жолында ашық диалог пен ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, өндірістегі қауіпсіздік пен қызметкерлердің әл-ауқатын арттыру – компанияның басты басымдығы.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясының өкілдері еңбек ұжымдары мен ардагерлердің, сондай-ақ Теміртау қаласы тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуде партияның қолдауын жалғастыратынын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыс жалғасатынын, тұрғындардың ұсыныстары мен бастамалары назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Әділ БЕК