«Мал-жан аман ба?» деп амандық біліскен қазақ, төрт түліктің саулығын, адам жанының амандығы деп білген. Еті де, киімі де, киіз үйі де осы малдан болғаннан кейін айтқаны ғой. Бүгінгі күні де қалаға жұрт асыққанымен, ауылда түтін түтетіп, жан баққандардың «Мал амандығы – жан амандығы» деп отырғаны шындық. Бір қарасы ауырса, бірге ауырған жұртпыз, әйтеуір.
Жыл сайын облыс аумағында мал ауруы шықты деп карантин жарияланып тұрады. Бірде Шет ауданында, бірде Қарқаралы дегендей.
2023 жылы облыс аумағында аса қауіпті аурулардың 9 түрі, қарасан, құтыру, вирустық диярея, инфекциялық ринотрахеит, туберкулез, бруцеллез, күйдіргі, құстардың ньюкаслы бойынша 22 қолайсыз ошақ тіркелді. Одан әрі таралуына жол бермеу үшін карантин шаралары уақытша енгізілді.
Бүгінгі күні Қарағанды облысында асыранды малдың 4 қолайсыз ошағында сауықтыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы мемлекеттік мекемесінің басшысы Ержан Бекетбаевтан білдік.
– Сауықтыру жұмысы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряды» Республикалық мемлекеттік мекеме (бұдан әрі – РЭҚО) Қарағанды филиалы тарапынан жүргізілуде, – дейді ол.
Жылқылардың эпизоотиялық лимфангиті Бұқар жырау ауданы Үміткер ауылдық округі Үміткер, Үлгі, Төрткөл ауылдарында анықталып, карантин жарияланды.
Сиырдан бруцеллезі Осакаров ауданы Есіл ауылдық округі Колхозное ауылында шығып, шектеу жарияланған екен.
Ал жылқы тұмауы Шет ауданы Босаға ауылы, Шалтас қыстағында тіркеліп, карантин жарияланды.
Қарқаралы ауданы Мартбек Мамыраев ауылы, «Сартау» қыстағы «Айбол» шаруақожалығында ірі қара қарасаны шыққан.
– Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап жалпы Үміткер ауылдық округі бойынша ауырып тұрған малдарды алып қою және жою жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың 5 мамырынан бүгінгі күнге дейін 339 бас жылқы комиссиялық түрде алып қойылып, өртеу жолымен жойылды. Республикалық бюджеттен, жойылған жылқылардың статистикалық орташа нарықтық құнына сәйкес 308 басқа 135млн. 790мың теңге өтемақы өтелді. 27 бастың құжаттары әзірленуде, тамыз айында жойылған 4 бас мал құжаттары тапсырылды, – дейді Ержан Бекетбаев.
Жыл басынан жылқыларды дер кезінде бірдейлендірілмегені үшін Үміткер селолық округі бойынша 30 бас жылқылардың мал иелеріне әкімшілік хаттама толтырылып 554 мың теңге айыппұл салынып өндіріліп алынды.
Жылқы тұмауы салдарынан 3 бас құлын өлім-жітімге ұшыраған. 2024 жылдың 10-11 қыркүйек күні лажсыз дезинфекция жүргізілді. Қолданыстағы ережеге сәйкес, карантин жануарлардың жылқы тұмауымен соңғы ауыру жағдайынан және қорытынды шаралар өткізілгеннен кейін күнтізбелік 15 күн өткен соң алынады.
Ірі қара малының қарасаны 5 қыркүйекте Қарқаралы ауданы, М.Мамыраев ауылдық округінде ірі қара малдары арасында өлім-жітімі тіркелді.
Мал өлекселері өртеу, көму жолымен жойылды.
– Қарағанды облысы бойынша республикалық бюджет есебінен 12 түрлі жануар мен құстардың аса қауіпті ауруларына қарсы вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Олар: Сібір жарасы, Аусыл, Құтыру, Нодулярлы дерматит, Ньюкасл ауруы (құстар), Эхинококкоз (ит), Шешек ауруы (ұсақ мал), вирустық диарея және індетті ринотрахейт, туберкулезге аллергиялық зерттеу, маңқа, құстардың жоғары патогенді тұмауы, қарасан. Энзоотиялық ауруларға қарсы жергілікті бюджеттен жылқының сальмонеллездік іш тастауы мен сақау ауруына қарсы вакцина егу қарастырылған.
Республикалық бюджет есебінен облысымызда жануарлардың аса қауіпті 14 ауруына қарсы: құтыру, сібір жарасы, қарасан, құс тұмауы, нодулярлы дерматит, түйе обасы, ірі қара малдың вирустық диареясы және инфекциялық ринотрахеиті, жылқы ринопневмониясы, шешек, эхинококкоз, туберкулез (аллергиялық зерттеу) және облыстық бюджет есебінен: жылқының сальмоноллездік іш тастау және жылқы сақауына қарсы профилактикалық екпе жұмыстары жүргізіледі, – дейді маман.
Ветеринарлардың айтуынша жануарлар мен құстар арасында жұқпалы аурулардың тіркелуінің бірнеше себебі бар. Мал иелері тарапынан ауылшаруашылығы жануарларын карантинге қоймай, ветеринариялық дәрігерлерге хабарламай және ветеринариялық жолдама құжатсыз мал тасымалдап, ауылдың жалпы малына қосуы, жануарлардың бағынсыз жайылымға шығуы, жабайы жануарлар мен құстар арқылы, мал иелерінің жоспарлы ветеринариялық шараларға қолдағы малдарынан уақытылы қан алдырмауы, жұқпалы ауруларға қарсы уақытылы вакцина еккізбеуі, сондай-ақ, Қарағанды облысының 9 облыспен шекаралас болуы себепті транзит арқылы жануарлардың басқа аймақтардан тасымалдануынан болады.
– Облыс бойынша мал өлекселерін жоятын 105 мал қорымы болса, соның ішінде 42 типтік мал қорымы, 63 қарапайым мал қорымы, 2 жылжымалы және 16 жылжымайтын инсинератор бар. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында 3 етті қайта өңдеуші кәсіпорын, 3 құс етін қайта өңдеуші кәсіпорын, 15 мал сою пункті мен 78 мал сою алаңы жұмыс істеуде. Бүгінде ішкі сауда нысандарына (базарларда) «Vet Lab» мониторинг пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Сол арқылы берілген сараптама актісінен ет сатып алушы QR-кодпен бастапқы ақпаратты ала алады. Яғни, малдың «сырға» номері, өнім түрі, жынысы, туған жылы және мекені, иесі, сойылған жері, сараптама актісін берген ветеринариялық зертхананың аты көрсетілген ақпаратпен таныса алады, – дейді Ержан Бекетбаев.
Осыған қарап дер кезінде тіркеп, керегінде ем алған малға ауру да жоламайтынына көз жеткіземіз. Адамға арқау болатын – төрт түліктің өнімі. Ол қазанда қайнап, дастарқанға қойылмас бұрын жануарлардың ағзасына зерттеу жасалып, сараптамадан өтуі тиіс. Осыларды бұлжытпай орындасақ екен.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ