Қай қоғамда болмасын мал ұрлау ерте заманнан келе жатқан қылмыстардың бірі. «Қазақтың бір міні – мал ұрлығы». Өкінішке қарай, Абай айтқан осы бір міннен әлі де арыла алмай келеміз. Заман өзгерді дегенімізбен, адамзат баласының өзгере қоймағанына хакімнің осы бір сөзі дәлел болса керек. «Көш – жүре түзеледі» ғой.
Төрт түлікке қол сұғу – ауыл адамдарының күнкөріс көзінен айырумен бірдей. Қазір мал ұрлау кәсіпке айналған. Оны көбіне топ болып, алдын ала сөз байласып қора-жайға кіріп, бұзып жасайды. Ондай ұрлықтар ұйымдастырушы, қасапшы, тасымал жолдары, жалған құжат жасайтындар базарда алып-сататындар бар.
Қазақстан Республикасынның Қылмыстық Кодексіне 27.12.2019 № 292-VI Заңымен «Мал ұрлау» 188-1 бабы енгізілді.
Мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру – мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
– Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау – мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бірнеше рет, тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған мал ұрлау – мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлау – мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы бапта мыналар мал деп түсініледі: ірі қара мал, жылқылар мен есектер, түйелер, ұсақ мал, шошқалар.
Осылайша, мал ұрлығы енді ауыр қылмыс түріне жататын болады.
Сондай-ақ, бұл қылмыстар ауыр қылмыстардың қатарына жататындықтан татуласу мүмкіндігі алып тасталынған. Ұрлық әшкереленетін болса, өз өмірлеріне балта шабады.
Қылмыстың көбін дер кезінде анықтап, қиындық туғызады. Оның бір себебін малы жоғалған адамның шағымдануға асықпайтыны мен төрт түлікті өріске қараусыз жіберуінен іздеу керек сияқты. Есесіне, малдың жедел сойылып, базарларға ет күйінде сатылып кететінінен бәрі хабардар. Мұндай жағдайда мал ұрлығының бетін ашу қиынға соғады.
Мал иелері сақтықты күшейтіп, қолындағы малды қараусыз жібермегені жөн. Тұрғындарға осы заманғы техникалық мүмкіндіктерге сәйкес, мал ұстайтын қора маңына бейнебақылау камерасын орнату, ірі қара мен жылқы малына арнайы «чип» орнатып, қашықтан бақылау сияқты тәсілдерді қолдану қажет. Негізінен, бұл тәсілдер мал ұрлығының алдын алуға көмектеседі. Мал ұрлығының ұйымдасқан түрімен күресу үшін өңірлерде жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді.
Біреудің мүлкіне қол салып, қылмыстық іс жасау абырой әкелмесі хақ. Өйткені заң талабы жеңіл емес. Тиісінше қылмыс ашылар болса, қолыңмен істегеніңді, мойныңмен көтеруге тура келеді. «Ұрлық түбі – қорлық» деген сөзді санамызға сіңіріп өскендіктен, жақсылыққа жетелер жол емес екендігін әрбір азамат түсінсе екен деген тілек.
А.К.АЛМЕНОВ,
Шахтинск қалалық сотының
судьясы