Республикалық «Әділетті Қазақстан» инновациялық ғылыми орталығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Үздік шаруа қожалығы» атты республикалық байқауға қатысқан Шет ауданы, Ортау ауыл округіне қарасты «Бірназар» шаруа қожалығының басшысы Жақаев Жомарт Балтабайұлы жеңімпаз атанған болатын.
Сол себептен өткен аптада аталым иегеріне Ортау ауылының әкімі Дүйсенбаев Медет Болатұлы ғылыми орталығының арнайы дипломын, медалі мен куәлігін салтанатты түрде табыс етті.
Жомарт Балтабайұлының ауылшаруашылығымен айналысқанына отыз жылдан астам уақыт өтті. Жылқы, сиыр, қой-ешкі малын өсіріп, ет, қымыз, сүт, қаймақ, сары май, басқа да мал тағамдарын өндіреді. Ауданымыздағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Малдың саны жылдан-жылға көбейіп, арта түсуде. Осыдан екі жыл бұрын еңбек озаты туралы облыстық «Арқа ақшамы» және аудандық «Шет шұғыласы» газеттерінде «Есіміне сай азамат» атты мақалалар жарық көрген болатын. Ол жерде ауыл шаруашылығының нағыз маманына айналған қожалық иесінің қажырлы еңбегі, үлкен жетістіктері туралы айтылған.
Жомарт Балтабайұлын марапаттарымен құттықтай отырып, алдағы уақытта да еңбегіне жеміс, істеріне береке тілейік!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
