Құмаройынға құмартқандарға көмек керек

Лудомания ғасыр дертіне айналды. Әлемде бұл құмаройынға тәуелділер саны күн санап өсіп барады. Сондықтан бұл дертке қатысты күрес те күшейіп отыр. Бұл бағытта елімізде де қарқынмен қолға алынған жұмыс бар. Қарағанды облысында да нақты күрес механизмі жолға қойылды. Оның ішінде түсіндіру, алдын алу жұмыстарына ерекше мән беріліп келеді.

Лудоманияға жастар жиі шалдығады. Осы орайда назар аударатын мәселе – облыс халқының 30 пайызға жуығы жастар. Яғни 15-35 аралығындағы азаматтар. Ересектер сияқты олар да әртүрлі әлеуметтік-экономикалық шараларға қатысатын қоғамның белсенді санаты. Сондықтан облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы жастар арасында бірнеше тақырыпта әлеуметтік сауалнамалар жүргізген еді.

Бұл сауалнамаға аймақтың аудандары мен қалаларындағы жастар белсенді қатысты. Олар өздерін толғандырған ойларын ортаға салды.

Басқарма мамандарының айтуынша, әлеуметтік сауалнамаға өңірдің 5 мыңнан астам жасы қатысты. Сауалнама қорытындысы бойынша бірқатар өзекті мәселер анықталды. Зерттеудің өзекті тақырыптары қатарында әлеуметтік желіге тәуелділікке ерекше аталған. Сондай-ақ онлайн сауалнамада студенттер ойынқұмарлыққа қатысты ойларын білдірді.

Әлеуметтанушы Татьяна Резвушкинаның өкінішке қарай ойынқұмарлық дерті елімізде өршіп тұрғанын айтады. Бірақ аталған дертті медициналық мекемелерде емделмейді. Сондықтан  психологиялық ауру ретінде де тіркелмейді.

Азғантай бәс тігуден басталатын ойынқұмарлық қаншама жастың өліміне әкеліп соғып отыр. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, еліміздегі 14-28 жас аралығындағы жастардың әрбір бесіншісі лудомания құрбандары. Мәселен, 2023 жылы елдегі жастардың 3 пайызы құмар ойын ойнайтыны белгілі болды. Ал 2022 жылғы зерттеуде жастардың 1,2 пайызы құмар ойынға тәуелді екені анықталған еді. Дегенмен, кейінгі екі жылда бұл көрсеткіш едәуір азайды дейді мамандар.

Сондай-ақ олардың айтуынша, лудоманияны түбірімен жою үшін жұмысты тоқтатпау керек. Ол үшін әлеуметтік зерттеулер арқылы жастарды дамыту бағытын қолға алу қажет. Бұдан бөлек атқарып жатқан шаралардың тиімділігін де уақытында бағалап отыру маңызды. Сол арқылы жауапты органдар осы санаттағы тұрғындардың әлеуметтік көңіл күйін жүйелі түрде бақылап, таразылап отыруға тиіс. Мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру үшін жастардың негізгі мәселелері мен үрдістеріне, ерекшеліктеріне қатысты тұрақты сараптама жасап отырған жөн.

Жалпы лудомания – жеке тұлғаға ғана емес, ел экономикасына да қауіп төндіретін құбылыс. Сол себепті оның алдын алу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге айрықша мән берген абзал. Бұл орайда жергілікті мемлекеттік органдар да, қоғамдық ұйымдар тарапынан да түрлі шаралар өтіп тұрады. Мәселен, Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарындағы түрлі ток-шоулар мен телехабарларға қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және алдын алу шараларын жүргізуге атсалысып келеді.

Мәселен ведомство мамандары облыстағы телеарналардың біріндегі ток-шоуға қатысып, қазіргі қоғамды алаңдатқан лудомания тақырыбында ой өрбітті. Бағдарлама барысында ойынға тәуелділіктің себептері мен салдары, құмар ойындардың жастарға, отбасыға және ел экономикасына әсері, заңсыз ойын бизнесіне қарсы қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы талқыланды.

Әрине лудомания – жай ғана зиянды әдет емес, қоғамдық қауіпті дерт. Соның салдарына жүздеген азамат қарызға белшесінен батып, құрдымға кетіп барады. Талай отбасы күйреп, балалар тірі жетімге айналды. Бұл қылмыстың да өсуіне әсер ететін әлеуметтік мәселе. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарамай, дертке душар болған қоғам мүшелерінің барлық санатына жа-жақты көмек көрсету қажет. Осы орайда департамент мамандары да қауіпсіз қоғам қалыптастыруда әрбір азаматтың рөлі маңызды екенін атап өтіп, әсіресе жастармен жүйелі түрде профилактикалық жұмыс жүргізудің қажеттігін айтты.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *