«Arqa Aqshamy» газетінің 2024 жылғы 14 наурыздағы №10 санында «Арқаның киесі – Қарқаралы» атауымен Қарқаралыға 255 жыл деген айдармен мақала берген едік.
Қоғамда резонанс тудырған бұл тұжырымға байланысты тарихшылар, журналистер өз пікірлерін білдіруде. Газетіміздің бұл нөмірінде тарихшы Ерғазы Қадашұлының жазбасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Редакциядан
Батырлық – табиғат сыйы емес,
бұл патриоттық борышыңды орындау үшін
өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ
Халық «батыр» деген құрметті де құдіретті атақты көрінгенге таңбаған. Біреулердің батырлығы – сөз, шешендік саласында көрінген. Билік айтып, әділдігіне жүгінуге де жүрек батырлығы керек екендігі даусыз. Екіншілердің батырлығы – қан майданда танылған. Олардың бірі қолбасылығымен жарқ етіп көрінсе, екіншілері – жау өтінде қалып, қаша соғыс салып, жау екпінін өздеріне ала білген сәтте елді сүйсіндірген. «Отан», «ел» – деген ұғымдарды жадына «ата-ана» деген қасиетті, киелі ұғымдармен бірге ана сүтімен сіңірген олар. «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» ( Қазақ афоризмдері. А., 2008 ж, 168 б.).
Қазақ халқын хандар билегені рас. Ел басына күн туған 17-18 ғасырда бір өзі қайраткер, стратег, дипломат, батыр болған хандар ғана ел билеп, абырой-атаққа ие болды. Абылай түп атасы Шыңғыс әулетінен бола тұра қарадан шығып, хан атанды. Қарадан шыққан әскербасылар, елге билік айтқан шешендер мен көсемдер оның тірегіне айналды. Хандық билік ақылмен күштің тетігі – батырлар мен билер билігіне ұштасты. Міне, сондықтан да Бұқар жырау өзінің жиырма тоғызыншы толғауында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ ұлы Жәнібек, Серкеқара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай, Сеңкібай мен Тойбек, Таңсыққожа, Мәмбет, Қасқараұлы Молдабай есімдерін зор құрметпен атай келіп, «Өңкей батыр жиылып, Абылай салды жарлықты», деп түйіндейді.
Шоқан еңбегінде қазақ батырларының ішінде Малайсары, Баян, Байғозы, Оразымбет, Баянбай, Елшібек, Есет, Үсен, Алтай есімдері аталады. (М.Қозыбаев. Тұлғалар тұғыры. А., 2009 ж. 129 б). Әр дәуірдің өз батырлары бар. Нақтырақ айтсақ, 18-ші ғасырдың 20-сыншы жылдарынан 18-ғасырдың 2-ші жартысына дейінгі аралықта қазақтың көптеген батыры елін, жерін қорғауда жан аямай соғысып, есімдерін халық жадында мәнгі өшпестей етіп қалдырды.
Матақ Тоғалақұлы – сондай батырлардың бірі. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руы. Осы Арғын атамыздың Аргүл атты бәйбішесінен Мейрамсопы туып, одан Қаракесек (Болатқожа), одан Түйте, одан Танас, одан Тымырысқа, одан Бөтей, одан Баты (Батының ұрпақтары өздерінің көптігінен, ірілігі мен күштілігінен «Шор» деп аталып кеткен. Олар өздері туралы былай деп мақтанған: «Қара Шормыз, құдайдан да зормыз»), одан Дүйсембай, одан Тоғалақ, одан атақты Матақ батыр (Ә.Бөкейханов.).
Матақ Тоғалақұлы 1735–1824 жылдары өмір сүрген. Тоғалақ батырдың баласы – Матақ жастық шағын туған жері Қарқаралы ауданының Томар өңірінде өткізген, жаз айларында жайлауы қазіргі Матақ өзенінің бойында болған. Матақ халық арасында айтылатын әңгімеде Бөгенбай бастаған Есіл–Нұра соғысында 1752 жылы 17 жасында жауынгер болып қатысқан. Осы соғыста ол ат үстінде тұрып жауды найзамен құлату, қылыштасудың әдістерін шебер меңгеріп, батыр атағын алады.
Бөгенбай әскерінің құрамындағы мың (түмен) басы Тоғалақ Нұра бойындағы ұрыста қаза болады, сол кезде Тоғалақ батырдың жасы 37-де екен. Матақтың жастығына сенімсіздікпен қараған Абылай түменді басқа адамға басқартады. Матақтың батырлығына көзі жеткен Нұралы сұлтан, Қожан батырдың ұсынысымен Абылайға кісі жіберіп, он тоғыз жастағы Матақты мың басшысы етіп сайлатады. Бұл оқиға 1754 жылдың қыс айында болады.
Абылай хан Балқаш пен Ертіс өзені аралығын орталықтарындыра басқару жүйесін енгізіп, Қарқаралыға Баянауыл, Шақшаң болыстарын қосып, Матақты Қарқаралы дуанына әкім етіп тағайындайды. Матақ Қарқаралыда үш жыл әкім болған. Бұл 1769 жылдар болса керек (А.Тасболатов, Т.Мұсаев. Қазақтың хас батырлары. А.,2020, 204 Б).
Жазба дерек бойынша, Матақ батыр 89 жасында жазғы жайлауында ауырып қайтыс болған. Сол себепті батыр дүние салған жер және өзен Матақ атанған екен. Кесенесі сол жердегі төбенің үстіне қойылған.
Абылай хан туралы атақты тарихшы А.Левшин «Абылай тәжірибесі, ақыл-айласы жағынан болсын, қол астындағы халкының саны, күші жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың боғдыханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын, өз тұсындығылардың бәрінен де басым еді… Сондықтан, жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді», – деп суреттейді. (А.Левшин. Описание киргиз-кайсацких орд и степей. Т-1,264 б.). Мұны Ш.Уәлиханов: «Басқа қазақ хандарының бірде-бірі тап Абылайдай шексіз билік құрып көрген емес», – деп толықтыра түседі.
Сонымен, Абылайдың екі жүз жылға созылған ойрат – қазақ соғысында түпкілікті жеңіске жетуі, оның ақсүйек сұлтандарға емес, қалың қазақ жұртына, халқымыздың рухани көсемі болған Бұқар, Үмбетей, Ақтамберді жырауларға, Қазыбек, Төле, Әйтеке билерге, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнібек, Олжабай, Баян, Матақ сияқты басқа да қаһарман батырлардың қолдауына сүйенуі – бұл тұлғаның қадір-қасиетін, ақылгөйлігін, алысты болжайтын сарабдал саясаткерлігін дәлелдесе керек.
Батыр – ел қорғаны. Оның есімі, ісі – халық қазынасы. Бүгінгі таңда жеке мемлекет болып өмір сүріп отырғанымыз – осы батырлардың ерен ерліктер мен қажырлы еңбектерінің арқасы. Сондықтан да, Матақ сияқты батырлардың есімін ұрпақ жүрегіне ұялату – біздің парызымыз.
«Arqa Aqshamy» газетіндегі «Арқаның киесі – Қарқаралы» атауымен Қарқаралыға 255 жыл деген айдармен берілген мақаланы оқып, өз ойымызды білдіруді жөн көрдік.
Иә, автор сөз қылғандай отарлаушы Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланың іргесі 1824 жылы емес 1769 жылы Матақ батырдың дуанбасы, әкім етіп тағайындалған уақытта қаланды емес пе?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді» деген болатын.
Олай болса, «Арқаның киесі – Қарқаралы» атты мақалаға тарихшы ретінде қолдау білдіре отырып, тарихқа қиянат жасамай, Қарқаралы қаласының тойын 200 жыл деп емес 255 жыл деп атап өтуіміз қажет дегенді айтқым келеді.
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,
тарихшы