1-сәуір – Математика күні. Математиканың нақты ғылымдар арасындағы орны ерекше. Математикасыз физика, химия, құрылыс, өндіріс, медицина, экономика, ғарышты зерттеу сияқты салаларды елестету мүмкін емес. Кез келген ғылыми зерттеу мен жоба математика көмегімен жүзеге асады. Табиғаттағы құбылыстар да математикалық заңдылықтар арқылы болжанып, бақыланады.
Математика адамның ойлау қабілетін дамытады. Ол есте сақтауды жақсартып, болжау жасауға, кез келген жағдайда дұрыс әрі жылдам шешім қабылдауға, алдын ала жоспар құруға үйретеді. Есеп шығару барысында адам сабырлы болуға, қиындықтарды жеңуге дағдыланады. Сондықтан математика тек ғылым ғана емес, тұлғаны қалыптастыратын маңызды құрал.
Математиканың қолдану аясы өте кең. Бұл ғылым адамзаттың ақыл-ойының дамуына зор ықпал етеді. Ақыл-ойы дамыған адамдар жаңа технологияларды ойлап тауып, қоғамның өмір сүру деңгейін жақсартады. Сол себепті математикалық сауаттылықты арттырып, бұл пәнге деген құрметті күшейту қажет.
Математика – адамзат өркениетінің ең көне әрі маңызды ғылымдарының бірі. Ол тек сандар мен формулалар жиынтығы емес, логикалық ойлаудың, дәлдіктің және жүйеліліктің негізі. Күнделікті өмірде уақытты есептеу, ақша санау, қашықтықты өлшеу сияқты әрекеттердің барлығы математикамен байланысты.
Сонымен қатар, математика – басқа ғылымдардың іргетасы. Физика, информатика, инженерия сияқты салалардың барлығы математикалық заңдылықтарға сүйенеді. Егер математика болмаса, қазіргі технологиялар мен ғылыми жетістіктердің дамуы мүмкін болмас еді.
Қазақ халқының да математика ғылымына үлкен үлес қосқан ғалымдары бар. Олар теориялық және қолданбалы математика салаларында маңызды зерттеулер жүргізіп, ғылымның дамуына ықпал етті. Олардың қатарында Орынбек Жәутіков, Төленді Мұстафин, Өмірзақ Султанғазин, Мұхтарбай Өтелбаев және Асқар Жұмаділдаев сияқты көрнекті математиктер бар.
Орынбек Жәутіков дифференциалдық теңдеулер теориясын дамытуға зор үлес қосты.
Төленді Мұстафин алгебра және логика салаларын дамытып, информатика ғылымының негізіне ықпал етті.
Өмірзақ Сұлтанғазин ғарыштық зерттеулер мен механикада математикалық модельдер жасады. Мұхтарбай Өтелбаев күрделі теңдеулерді зерттеп, сұйықтық динамикасына үлес қосты.
Асқар Жұмаділдаев алгебра мен комбинаторика бағыттарында жаңа нәтижелерге қол жеткізіп, ғылымды насихаттауда белсенді еңбек етуде.
Қазақ математиктерінің үлесі – тек формулалар мен теориялар ғана емес, ғылымды дамыту, білім беру және жаңа буынды тәрбиелеу. Жалпы алғанда, математика – әлемді танудың кілті. Ол адамды дұрыс ойлауға, талдауға және саналы шешім қабылдауға үйретеді. Сондықтан математиканы меңгеру – әрбір адам үшін маңызды.
Гүлназира ШАИХОВА
