Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне мониторинг жасау – мемлекеттік қызметтерді мінсіз көрсетудің кепілі

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету маңыздылығын ерекше атап өтті. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері – мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдардың қызмет сапасын бақылау және бағалау жөніндегі уәкілетті орган.

Осы өкілеттіктер шеңберінде 2023 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне (бұдан әрі – Департамент) «E-лицензиялау», «Indigo», «Ақпараттық шлюз», «Электрондық өтінім беру жүйесі», «Bilim Al» сияқты ақпараттық жүйелерге қолжетімділік берілді. Бұл жүйелер арқылы мемлекеттік органдар түрлі салада мемлекеттік қызметтер көрсетеді.

Департаментпен жоғарыда аталған жүйелерге қашықтықтан мониторинг жүргізіледі.

Мониторингтің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу, сондай-ақ, негізсіз бас тарту фактілері болған жағдайда, қызмет алушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру.

Айта кету керек, жоғарыда аталған жүйелер арқылы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік инспекциясы және басқа да салаларда мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.

Қадағалау тетігі енгізілгеннен бері, 2024 жылы Департаментпен мемлекеттік қызметтер көрсету саласында 750-ден астам заң бұзушылықтар анықталды. Олардың басым бөлігі медицина саласындағы бақылау, жер қатынастары, сәулет және білім беру салаларына тиесілі.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, мемлекеттік қызметтер көрсету барысында жиі кездесетін бұзушылықтар мыналар:

  • қызмет көрсетушінің жұмыс кестесін сақтамауы;
  • өтініштердің уақтылы тіркелмеуі;
  • негізсіз бас тартулар;
  • мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерінің бұзылуы.

Заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты шаралар қабылдау үшін Департаментпен  тиісті  ұсыныс-хаттар жолданды. Сонымен қатар, қашықтан қол жеткізу арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттік қызметтерді көрсетуші органдардың ақпараттық жүйелеріне мониторинг жүргізу мәселесі Департаменттің тұрақты бақылауында.

Ж.СӘРСЕН,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  Қарағанды облысы

бойынша  департаментінің

басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *