– Жандос Шералыұлы қайырлы күн! Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бүгінгі басты миссиясын қалай сипаттар едіңіз?
– Департаменттің бүгінгі басты миссиясы – қоғам мен мемлекеттің мүддесіне сай, кәсіби, адал және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Бұл миссия мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуден бастап, мемлекеттік қызметке іріктеу, оны өткеру және тоқтату тәртібін бақылау, әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау, бюрократиядан арылту бойынша жұмыстың аясында артық рәсімдерді қысқарту арқылы халыққа қолайлы жағдай жасау секілді кешенді бағыттарды қамтиды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениетті дамыту функциясы да Агенттікке жүктеліп отыр. Бұл бағытта да Департамент белсенді ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізіп, қоғам сеніміне ие болуды мақсат етеді.
Қысқаша айтқанда, Департаменттің басты мақсаты – заманауи, жауапты, халыққа ашық және сенімді мемлекеттік қызмет жүйесін орнықтыру.
– Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі жылдан жылға артып келе жатыр деп айтуға болады ма?
– Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі жылдан-жылға нығайып келеді деп сеніммен айтуға болады. Бұл – жүйелі профилактикалық жұмыстардың, Әдеп жөніндегі кеңестердің белсенділігінің және қоғам тарапынан күшейген бақылаудың нәтижесі.
Мысалы, 2025 жылдың 8 айында Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған 32 істің тек 6-ы ғана (19%) тәртіптік сипатта болса, қалған 81%-ы алдын алу бағытындағы жұмыстар болған. 2024 жылы да осындай оң үрдіс байқалады: 9 отырыста 48 мәселе қаралып, тек 9-ы тәртіптік іс болған. Яғни, этикалық нормалардың бұзылу фактілері азайып келеді.
Бүгінде мемлекеттік қызметшінің жүріс-тұрысы қоғамның жіті назарында. Ақпараттық кеңістікте таралған әрбір сыни пікір – назарда. Бірақ мұндай материалдардың басым бөлігі расталмайтынын да айта кеткен жөн.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің әдебі артып, жауапкершілік деңгейі күшейіп келеді. Бұл – қоғам мен мемлекет алдындағы сенімді нығайтудың маңызды қадамы.
– Мемлекеттік қызметшілердің міндеттерімен қоса құқықтары да болатыны белгілі. Олардың құқықтары бұзылған жағдайда, Сіздердің араласуларыңыз қалай жүзеге асады?
– Мемлекеттік қызметші – қарапайым азамат, оның да жеке өмірі мен қажеттіліктері бар. Соған қарамастан, олар ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Мемлекет өз тарапынан олардың еңбегін бағалап, қолдау көрсетуге тырысады.
Алайда, кейде қоғамда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті тек тәртіптік жаза қолданумен айналысады деген қате пікір қалыптасады. Шын мәнінде, Департаменттің қызметі әлдеқайда ауқымды – біз мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға, еңбек жағдайын жақсартуға және кәсіби дамуына қолдау көрсетуге басымдық береміз.
Бүгінде өңірде мемлекеттік қызметшілердің еңбек, іссапар құқықтарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. 2025 жылы 42 қызметшінің құқығы бұзылғаны анықталып, тиісті өтемақылар төленді. Сонымен қатар, жұмыс уақыты режимін бақылау да біздің құзыретімізге берілген.
8 айда 84 қызметшінің үстеме жұмысқа заңсыз тартылғаны белгілі болып, оларға қосымша демалыс берілді.
Икемді жұмыс кестесі – отбасылық жағдайы бар қызметшілерге жасалған тағы бір қолайлы мүмкіндік. Қазір облыс бойынша 36 қызметші осы режимде жұмыс істейді.
Тәртіптік істерді қарау барысында да заңдылыққа мән берілуде. 2024–2025 жылдары 14 тәртіптік актінің күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.
Сондай-ақ, біліктілікті арттыру курстарына уақытылы жолдану мәселесі де назарда. Талдау нәтижесінде 8 қызметшінің курстан кеш өткені анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
– Мемлекеттік қызметшілермен қатар, азаматтардың құқығын қорғау қызметіңізге жатады. Бұл жайлы толығырақ айтып кетсеңіз.
– «Е-Otinish» платформасы арқылы азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерден түрлі өтініштер түсіп жатады. Департамент бұл өтініштерді зерделеп, қажет болған жағдайда тексеріс жүргізіп, заңбұзушылықтар расталса — тиісті ұсынымдар енгізіп, құқықтар қалпына келтіріледі және жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты азаматтармен жұмыста кеңінен қолданылып келеді.
2024 жылы қабылданған Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында, мемлекеттік қызметшілер мен халық арасындағы қарым-қатынас мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге нақты қадамдар жасалуда.
Мақсат – мемлекеттік қызметтер мен игіліктердің халыққа бюрократиясыз, ашық әрі әділ түрде қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Президенттің «Әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет» деген ұстанымы – халықпен диалог орнатуда басты бағыт. Себебі азаматтар үшін ең маңыздысы – нақты нәтиже.
2025 жылдың 8 айында 46 азаматтың құқығы жоспардан тыс тексеру арқылы қорғалды.
Осылайша, Департамент қабылдаған уақтылы шаралар азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік беріп отыр.
Алайда елдің дамуы тек мемлекеттік қызметке ғана емес, қарапайым азаматтардың да құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты.
Азаматтың өз құқығы мен қай органға жүгіну керектігін білуі – уақытты үнемдеп, өтініштерді қарау процесін оңтайландырады.
Көп жағдайда азаматтар құзыретіне жатпайтын мәселелермен Департаментке жүгінеді. Мұндай кезде Департаментпен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, алайда бұл процестер уақыт жоғалтуға және мемлекеттік органдарға деген теріс көзқарасқа алып келуі мүмкін.
Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті.
Сұхбаттасқан: Манас АҚСАРЫ