Мүсіркеп Әлімжанұлы СЕЙДАХМЕТ – 1955 жылы 6-шы желтоқсанда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қорғасын поселкесінде туған.
Қазіргі кезде Қарағанды обылысы, Ақтоғай ауданы, Ақтоғай ауылында тұрады.
Білімі аяқталмаған жоғары.
Шығармашылық жолын, Қарағанды облысы, Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде бастаған. Әр жылдары аудандық газетте тілші, жауапты хатшы, редактор, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Ақтоғай, Шет аудандары бойынша меншікті тілшісі болып қызмет жасаған.
«Қанатқақты», «Ақжарма», «Ах, Дариға», «Жадымдағы жалқы жазбалар» жыр жинақтары авторы.
Қазақстан Жазушылар Одағы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
«Қазақстанның құрметті журналисі».
МЕН ҺАС САҚПЫН, ҚАЗАҚПЫН
Рух алып «Алаш»деген ұраннан,
Мен қазақпын ру, жүзден құралған,
Алтай менен жайлап Танның арасын,
Өсіп-өндім Тұраннан.
Мен Қыпшақпын, мен Арғынмын, Найманмын,
Қыран болып қанатымды жайғанмын.
Үйсін, Адай, Қоңырат боп, Суан боп,
Алты Алашқа айналдым.
Мен Кереймін, мен Дулатпын, Албанмың,
Қожасымын мына кәрі жалғанның.
Сақтан, ғұннан көк Түркіден кешегі,
Мұрагер боп қалғанмын.
Мен һас сақпын, мен қазақпын, түркімін,
Кешкенім жоқ күнін қарсақ, түлкінің.
Атой салып, ақ найзаның ұшымен,
Түннің түрдім кірпігін.
Мен һас сақпын, мен қазақпын көшпелі,
Көшпелінің күні осы ма өшкені.
Көк Тәңірдің ұсақталып ұрпағы,
Жұртқа айналды бос теңі
БОЙ ЖАЗУ
Құтыдағы саба сауыр, қыл сағақ,
Омар Хаям ішкен шарап, бұл шарап.
Құй даяшы, тостақтарды толтыра,
Болсаң егер бақыр санап, пұл санап.
Буыменен дүниені көшіріп,
Құй шарапты, ішейік бір есіріп.
Маестро, қайда сазды әуенің,
Шықсын бойдан ессіз желік есірік.
Қырық ру, қырық жұрттан құралған,
Мезі болдық жалаң айқай ұраннан.
Құй даяшы, шарабыңды толтыра,
Биші қыздар қайда белі бұралған.
Қуат беріп бойға қанды таратқан,
Құй даяшы құй еселеп шараптан.
Дағдарыстан айықтырып жүйкені,
Тәлтіректеп шығайық бір кабактан.
Ойды аршып нұрлы-нұрлы мұнардан,
Құй шарапты шығайық бір құмардан.
Омар Хаям ішкен шарап, бұл шарап,
Біз емеспіз ойлап мұны шығарған.
Құй даяшы шарабыңды еселеп,
Бұл шарапта кеткен ақы, есе көп.
Құрметі үшін кәне ұлы шайрдың,
Еселеп бір ішейікші кеселеп.
Құй даяшы!
КЕМ ЕМЕСПІН ЕШКІМНЕН
Гераклін гректердің ерен, ер,
Толағайдан асып туған демендер,
Гомер шалдан қалыспайтын бізден де,
Шыққан не бір жыршы-жырау кеменгер.
Одесейден асып түсер десімен,
Керқұла атты Кендебайдың несі кем.
Аңызы мен ертегісі қазақтың,
Оза шапқан өркениет көшінен.
Ертөстікке жетер кәне, кімің бар,
Білге қаған, Күлтегіндей дүрің бар.
Шын Машынды құзырыңа көндіріп,
Ұрымды ал күшің жетсе Қырымды ал.
Ұрымды алған Еділ кімнен кем еді,
Қорқыт ата даналықтың кемері.
Асып түсер ойшылынан батыстың,
Хакім Абай адамзаттың кемелі.
Бізде де бар түйсік, сезім, сана, ми,
Бізде де бар ақылы асқан, дана би,
Платонды он орайтын білімі,
Адамзаттың данышпаны, Фараби.
ЖЫРЫНДЫ ЖАЛҒАН
Қызғыш құстай айырылған көлінен,
Қиянаттан мен де кейде жеңілем.
Әзәзіл мен жын жайлаған дүние,
Арбасады менімен.
Арбасады табамын деп қыбыңды
Опа бермес бес, күн жалған, жырынды.
Қызығың мен шыжығынды саудалап,
Келтірмеші жынымды.
Мазамды ап, тиіп жүйке, жыныма,
Боқ-дүние, сенде сыңсып, ұлыма.
Байлығың мен дәулетіңе түкірдім,
Құл болмаймын пұлыңа.
Қалған патша, қалған пенде, құлдан да,
Бес күн жалған теріс қарап, тұлданба.
Айтшы сенде ей, опасыз дүние,
Бес тиындық құн бар ма?!
Ішкен-жеген салық қылып асыңды,
Бес күн жалған көп қатырма басымды.
Ей, ит тірлік қара аспанды төндіріп,
Сен де жұлма шашыңды.
Ақжемденіп, жапырайған, кепе күн,
Сені-дағы тастап ертең, кетемін.
Еңіреме ей, опасыз дүние
Жасқа толып етегің.
Үйіп-төгіп, еңірген зар мұңын,
Сұңқылдама болды, жетті, жарлы күн.
Қызығын да, шыжығын да жалғанның,
Кетем тастап барлығын.
Шуып, тозып шыққан әбден шаңдағы,
Езуінен арылмаған қан дағы.
Мен қызығар мына мыстан жалғанда,
Мән, мағына, қалмады.
ҚАРСЫЛЫҚ
Көсілетің шақтап шаршы көрпені,
Аузын бағып сөйлемейді, ел тегі.
Адам болып келдім мына өмірге,
Топырақтан жаралғам жоқ мен тегі.
«Арғы тегі адамзаттың маймыл» деп,
Айтпа маған ертегі.
Айтпа маған қожа, молда, арабты,
Айтпа маған қор қызы мен жәннатты.
Бас имейтін Тәңірінен басқаға,
Қазақ қылып Құдай мені жаратты,
Алашым бар айбарымды асырған,
Құраным бар ар атты.
КҮЗ
Бура бұлт таудың, арқасын қасып,
Дидары ғайып, нұрланып,
Ғаламды мына сары түс басып,
Күз келіп қапты, ұрланып.
Орынын беріп, тұманға сағым,
Күз келіп қапты ұрлана.
Менің де сонау, балалық шағым,
Асыр сап жүр ме, қырда ана?!
Тозығы жетіп жадаған, жүдеп,
Қабырғалары қаусап қыр.
Орман-тоғайдың шаштарын күзеп,
Күз келді тағы, жау шапқыр.
Бүрсеңдеп барып, тығылды сайға,
Ебелек-өмір күзбенен.
Балалық шағым, жүр екен қайда,
Көбелек-көңіл іздеген?!
Ілесіп күзбен қыс та жетеді,
Мезгілмен мезгіл алмасып.
Жалғанның шолақ, қысқа етегі,
Балтыры желмен қалды ашық.
Боз тұман күздің кірпігін дымдап,
Тұншыға жұтты наласын.
Өмірдің бірақ, алтынан қымбат,
Баянын қайдан табасың?!
ТҮЛЕН
Күрішінен пенденің көп, күрмегі,
Отыратын түртіп, тіліп іргені.
Дүниені асты-үстіне түсіріп,
Дейді сосын «өмір мына, күрделі».
Бар ма әлде, іштерінде түлені,
Ал, ол неме, кірмес жерге кіреді.
Қақпақ ойлап тапсам ба екен, жоқ әлде,
Тек жүрмейтін ауыздарға, бір елі.
Менің де бар ішімде бір, түленім,
Түртпектейді, ойын жақсы білемін.
Құдай ұрып, еріп кетіп кей кезде,
Өз өзімнен тулап, мөңкіп жүремін.
Түлен бастап елді жанжал, керіске,
Кигізеді кебістерді, кебіске.
Ау, бұларды сабасына түсірмей,
Не істеп отыр иықтағы періште?
ӨМІР АЛҒА КӨШЕДІ
Өткен өмір оралмайды айналып,
Мезгіл соққан самалдай.
Қарайлайсың бет-жүзіңе айна алып.
Жастығыңды таба алмай.
Самайыңа боз қырауын күз ілді,
Сейіл құрған кеш қайда?
Таба алмайсың бірақ балғын жүзіңді,
Айнадан жоқ, еш пайда.
Әуіре болма асырам деп, көнесің,
Уақыттан айлаңды.
Іздей берме өткен күннің елесін,
Қолыңа ап айнаңды.
Өмір ескі өз әуенін шертеді,
Болашағы белгісіз.
Жастық дәурен таңғажайып ертегі,
Мың бір түнге бергісіз.
Күндеріңе сауық-сайран кешегі,
«Дәурен-ай», деп тамсанып.
Өмір солай, жылжып алға көшеді,
«Әлуләй», деп ән салып.
ӨЗІМ ЖАЙЛЫ РОМАН
Өмірімді сұрасаңдар «қалай?» деп,
Шым-шытырық роман.
Өтті бастан талай қызық, талай кеп,
Тағдыр-автор, құраған.
Қақарманы басты өзім, жағымды,
Романға жүк болған.
Тастап кеттім, патша болып тағымды,
Келмеген соң, түк қолдан.
Депута та және менен шықпапты,
Ол да автордың қиялы.
Өмірімді тек былайғы мықтапты,
Ешкімге жоқ зияны.
Автор өзі, жазды қолын қақпадым,
Автор деген аты бар.
Қия алмай жүр біреулер тақтарын,
Кімнің қандай даты бар.
Кейіпкері басын шалған әр ненің,
Қарап тұрсаң есалаң.
Өзгертетің ал менің жоқ дәрменім,
Қалай қолың кесе алам.
Тағдыр-автор тарауларын құраған,
Сұраған жоқ түк менен.
Оқиғасы ең соңында бұралаң,
Тек бітеді нүктемен.
ӨМІРІМ ЖАМАУДАН ТҰРАДЫ
Тазамын пәкпін деп, ақпын деп,
Шығарып үкімін, жарлығын.
Өмірге тұрады таққың кеп.
Кінәнің, күнәнің барлығын.
Өзіңе жуытпай қылауды,
Артасың кінәні басқаға.
Алайда бәрі де сұраулы,
Жазулы барлығы таспада.
Бар болса өмірді сүйесің,
Жоқ болса кінәлап, айыптап.
Арыңның отына күйесің,
Кеткенде басыңнан тайып бақ.
Сіздерге қатысы жоқ мүлде.
Өмірім өзімнің амалым.
Жіптерін тарқатып, сөктім де,
Қапсырып, жапсырып жамадым
Жасырып тұрғанмен кінәнді,
Бәрібір көңілге тұнады.
Ал, менің дүдамал, күмәнді.
Өмірім жамаудан тұрады.
ТҰРҒЫНЫМЫН АСПАННЫҢ
Дүниенің жоқ аяғы, жоқ басы,
Өлім өзге өмірімнің қақпасы.
Ұшып кетем аспан жаққа тағдырдың,
Біткен кезде шимайланып, тақтасы.
Баяны жоқ дүниенің, өтпелі,
Өлім өзге өмірімнің өткелі.
Қонағымын мына бес күн жалғанның,
Келгенім жоқ, көз жасымды, төккелі.
Өмір—деген еріп ұлы дүрмекке,
Дүниені келдім көріп, білмекке.
Дәмін татып ащылы да тұщылы,
Ұшып кетем түптің — түбі, бір көкке.
Тұрғынымын түпкілікті аспанның,
Жұмыр жерде жаратылып, ластандым.
Қоқыс — қоғам арасынан табылған,
О, Жаратқан, мен бір түсік, тастаңдың.
ИРАНБАҒЫМ ЕЙ,
МЕНІҢ-І
Ұлытауды бетке алып келемін,
Қарсы алды шайыр-күз.
Сай қуалап, көкке малып желегін.
Ән салады қайың-қыз.
«Қайдан келді» күн «мыналар», деді ме,
Тұра қашты тау асып.
Жалт қарады, қабақ шытып Едіге,
Сыз бүркенген ауа шық.
Сыбыр-сыбыр Тасбұлақпен сырласқан,
Қыземшек тау үр қызы,
Төбемізден тұрды төніп, түнгі аспан,
Сам жамырап жұлдызы.
Ұлытау тұр бөгіп қою мұнарға.
Көленкесі дір етті,
Елге оралған түнделетіп, ұлар ма,
Қанаттары пыр етті.
Туған жерге келген аңсап, қыдырып,
Түнің түріп түнегін.
Ұлар емес, алқымыма тығылып,
Алып ұшқан жүрегім.
Қараған-қыз қылымсиды бұрымды,
Жел тербетіп көйлегін.
Құшағыңа бас аймалап ұлыңды,
Иранбағым ей, менің.
ИРАНБАҒЫМ ЕЙ,
МЕНІҢ — ІІ
Жағам жайлау, өз елімде ұлтанмын,
Ханордасы түс ауды.
Құйрық-жалы сары алтын, тұлпар-күн.
Кісінейді тұсаулы.
Айналшықтап жүрміз, Ханның ордасын,
Ордасы жоқ мекенде.
Ана белден асып түссем, Қорғасын,
Тартып кетсем жетем бе?
Өзен бойлап арнасы ну, сырты жар.
Жамырап қыр алқалы.
Ордасы жоқ айдалада жұрты бар,
Қаңырап тұр, Хан тағы.
Жапан дала төңірегі, сары айғыз,
Ұлытау тұр, мұнартып.
Аң-таң қалып айналаға қараймыз,
Сұлулыққа құмартып.
Ана белден асып түссем Шеңберім,
Тартып кетсем жетем бе?
Көзбен сызып көкжиектің, шеңберін,
Жолға түстік көтерме.
Дала жатыр сұлулығы, тоналып,
Күз мұнары құрсаған.
Ұларыңдай мекеніме оралып,
Иранбағым, бір соғам.