Көмір бар жерде метан бар. Қарағандының төңірегіндегі шахтада метан мол. Және бұл газдан қауіп те көп екенін білеміз. Себебі иісі, түсі һәм дәмі жоқ метан тез тұтанады. Қайладан ұшқын шықса, алапат жарылыс болады. Дегенмен, бұл қаупті игілігімізге де жаратуға да болады. Қазір өркениетті әлем көмірден бастап тартып, осы метаннан энергия өндіруге көшті.
Қарағандыда метанды игеру идеясын көзі тірісінде екі мәрте КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған ғалым Николай Дрижд көтерді. Ол Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасында метан энергиясы зертханасын құрып, теория мен өндірісті ұштастырды. Геологиялық барлау жұмыстарына қатысып, бірқатар ұңғыманың іске қосылуына мұрындық болды. Ғалым тұрғын үйлерге осы метанды тартуды армандады.
Сарапшылар Қарағанды көмір бассейнін метан қоры мол аймақтардың бірі санайды. АҚШ Газ технологиялары институтының болжамынша, мұндағы қор 500 млрд-тан 3 трлн текше метрге дейін жетуі мүмкін. Ал жергілікті ғалымдар 850 млрд пен 1 трлн текше метр аралығын болжап отыр.
Экологиялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді отын. Мәселен тазалау қондырғылары мінсіз жұмыс істеп тұрса, 1 тонна көмір жанғанда ауаға 35 келі шаң, 4 келі күкірт оксиді, 9 келі көміртегі және 1,5 келі азот тарайды. Ал метан жанғанда негізінен су мен көмірқышқыл газы ғана бөлінеді.
Тағы бір маңызды мәселе – метанның қуаты жоғары. Яғни табиғи газдың тазалығы шамамен 60 пайыз болса, көмір қабатындағы метанның тазалығы 99,3 пайызға дейін барады. Бұл оның экономикалық, энергетикалық артықшылығын көрсетеді. Теміртаудағы металлургия комбинатының мамандары жасаған есепке сүйенсек, 1 тонна көмір 510 текше метр метанның жылуын береді. Егер комбинаттағы бір қазандық тәулігіне 50 тонна көмір жақса, метанды қолданған жағдайда жылына бір қазандық 18 мың тонна көмір үнемдейді. Тек газ концентрациясы 30 пайыздан төмендемеуге тиіс тиіс.
Қазір комбинат табиғи газға көшіп жатыр. Алайда бұл газдың батыс өңірлерден тасылып отырғаны белгілі. Ал жер астында жатқан қорды кәдеге жарату мүмкін болмай тұр.
Көмір шахталары метан газын бұған дейін пайдаланып көрген-ді.
2011 жылдың соңында Ленин шахтасында қуаты 1,44 МВт болатын газ генераторы іске қосылды. Ол шахтаның электр шығынының 10 пайызын жауып отырды. Алайда 2021 жылдың наурызында істен шығып, сайманын табу қиындап кетті. Себебі оның керек-жарағын шетелден алдыру керек.
Мамандардың пікірінше, салаға жүйелі мемлекеттік қолдау қажет. Сонда ғана метанды әдеге жаратуға болады. Кеңес кезеңінде шахта қазандықтарында метан пайдаланыла бастады. Кейін жоба тоқырады. Енді қайта жаңғырту оңай емес.
Иә, Қарағанды – көгілдір отынға мұқтаж. Қаланы айнала сап түзеген кәсіпорындар көп. Жеке тұрғын үйлер де жыл санап көбейіп келеді. Көшелерге де күн сайын мыңдаған көлік шығады. Олардан шыққан тоқтаусыз түтін шаһарды тұншықтырып тұр. Әсіресе қыста қиын. Бұл газдандырудың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп отыр. Ал метан дәл табан астында жатыр. Алайда оны өндіріп, пайдаға асыру ғалымдардың сызбасында қалып отырған жайы бар. Тек шетел жұрты бұл газды көлікке де құйып жүр.
Манас АҚСАРЫ
