ӨМІР БОЙЫ КАДР ІЗДЕУДЕ

Мен Нихан Иманғалиұлымен Қарқаралы ауданының салық инспекциясында жұмыс істеп жүрген уақытта таныстым. Кабинетке келіп: «Матақ корпорациясының бастығымын» деп өзін таныстырып, шаруа жұмыстарын айта тұра, аудан туралы, экономика жайында ойларымен бөлісті. Сол кезде таң қалғаным есімде сақталып қалыпты, әр сала туралы өзінің жеке және ерекше пікірі бар, ашық және өткір мінезді.

Оған дейін исполком немесе партия комитетінде жиналыстарда сыртынан көріп, кейбір сөйлегендеріне қызығып қарайтынмын, екі тілде бірдей, өз ойын жеткізе білетін жас басшы.

Аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалғанда кабинетіне кіріп құттықтап шығып едім, тағы біраз ойларын айтты, ашық әңгімеге тартқан болды.

Кейіннен ойлаймын, сөйтіп жүріп, ойымен бөлісіп, әңгімеге тарту арқылы, әр адам туралы  мінездеме және жеке пікір қалыптастырған сияқты. Оны жазып отырғаным, аудан әкімі болып тағайындалғанда, іле шала, мені және тағы бір екі азаматты жанына шақырып, әртүрлі лауазымдарды ұсынды. Соған қарағанда, жәй жүрмей, келешекте өзіне лайықты деген команда жинап жүрген екен.

Бірте-бірте аппаратқа, бөлімдерге, ауыл әкімдіктеріне жас, жанып тұрған азаматтар келді. Өзін нағыз лидер екенін білдіріп, бізді маңайына топтастырып, энергиясымен, болашаққа деген сенімімен ойымыздан шығып, тез арада қалыптасып кеттік. Сол кезде қырықтың ішінде ғана, бірақ адамды бірден таниды, көзіне түскен маманды тартып, жақындатып, өсіре білетін басшы болды. Қаншама жігіттер мен қыздар, сол кездегі жас мамандар, қазір облысымызда тіпті республикада өздерін жақсы жағынан көрсетіп жүр.

Менім тағы таң қалатыным, кадр таңдауда, сол кезде бірде-бір қателеспеді десем артық емес. «Мынадан түк шықпады, мынау сенімді ақтамады» деп кейіннен, бірде-бір азамат туралы айтылған жоқ. Оның бәрі тек таңдауда емес, келешек потенциалын көруде ғана емес. Мәселе, өзінің үлгі бола білуінде деп ойлаймын, «делай как я» деген ұғым сол кезде пайда болды ішімізде. Күні-түні, тіпті демалыссыз деп айтуға болатын шығар, жұмыс істелінді. Заман да сондай талап қойды ма деймін, 2000-жылдардың басында өте қиын уақыт болды, соған қарамастан талапшылдық режимінде жұмыстар істелінді.

Нихан Иманғалиұлы айтатын: «Негізі средняя политическая продолжительность жизни акима 3 года» деп. Үш жылда өзіңді көрсете алмасаң, жаңалық еңгізбесең, өзгеріс болмаса, өмір өзі сені сыртқа шығарып тастайды. Өзгеріс еңгізуге тырмыстық…

Мен орынбасары болып үш жыл емес, жеті жыл істеппін. Зымырап өткен жылдар болды.

Облыс басшыларымен, республика, министрліктерден келген басшылармен араласқанда, міндетті түрде бізді таныстырып, көрсетіп, мінездеме беріп мақтап жүреді. Облыс әкіміне: «Менім орынбасарларым, қайсысы болсын, кез келген ауданды, кез келген басқарма, департаментті басқаруға дайын, оған кепілдік беремін»  дегенін жанында тұрып естіген едім.

Үлкен мектептен өттік, әлі күнге дейін, сол уақыттың, сол тәжірибенің жемісін көріп жүрміз.

Мен бір ғана қасиетіне тоқталдым, одан басқа қасиеттерін айтатын жігіттер жеткілікті. Бірақ өзі қайта-қайта айтатыны, басшының негізгі міндеті – кадр таңдай білу, оларды оқыту, тәрбиелеу, түрлі сынақтардан өткізіп келешек үлкен өмірге дайындау.

Нихан Иманғалұлы өмір бойы осындай кадр іздеумен айналасты, тіпті «хоббиіне»  айналып кеткен сияқты. Облыс орталығы, ауыл шаруашылық басқармасында жүргенде қала аудандарды көп аралады, жиі-жиі кездесулер өткізді, сонда өзінің «тізімін» жасап жүреді екен. Аудандарда, басқармаларда көзіне түскен азаматтарды сол тізіміне енгізіп, мынау мында лайық, мына азамат бүгін басшы болуға дайын, мынаны демеп жіберсе, облыс әкімінің орынбасары, вице-министр болуына потенциалы бар деп. Облыс әкімінің орынбасарларына, облыс әкіміне тізімді бірнеше рет ұсынып та жүрді…

Сол баяғы тізімге іліккен азаматтар қазір бір-бір басшы, үлкен маман иелері болып жүр.

Республикамызда кадр дайындау саясатында бірнеше реформа болды, жағдай жақсарып келе жатқан сияқты. Бірақ реформаны іске асыратын, оның алдын алатын Нихан Иманғалиұлы сияқты басшылар керек. Өкінішке орай ондай басшы аз…

Сержан АЙМАҚОВ,

туғандай болған бауыры,

сенімінен шыққан

әріптесі әрі шәкірті