Ол өмірге, жарық сəулеге жан-тəнімен құштар еді. Тағдыры тарпаң қазақтың тəкаппар тектілігі мен бекзат болмысын бойына жинаған əншінің өмірі қамшының сабындай қысқа болса да əсем əнмен əдіптелген əдемі өмір болатын. Мұқағали ақын «Жан азасы» реквиемінде: «Өмір дегенге, тірлікте, сірə, жетер ме ой.
Жарық сəуледен басқаның бəрі бекер ғой.
Бекер ғой бəрі,
Бекер ғой бəрі – бөтен ғой,
Өмір дегенің – бір күндік Сəуле екен ғой!..» деп толғанады. Өмірге берілген дəлме-дəл анықтама!
Жарық сəуледен басқаның бəрі де бекер екенін бар болмысымен түйсінген əнші бір күндік Сəуленің қадірін өзгелерден артық білді, сол Сəулеге қол созып ұмтылды…
«Жаңа Майқұдық» мəдениет үйінде əнші Сейіл Аяғанды еске алуға арналған «Əн-аға» атты əн кеші болып өтті. Көзінің тірісінде халықтың ыстық ықыласына бөленген əншіге деген құрметтің белгісіндей мəдениет үйінің атшаптырым залында ине шаншар бос орын болмады.
Сейіл Аяған 1971 жылдың 19-шы қазанында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қызылтау ауылында (К.Мыңбаев кеңшары) дүниеге келген. Жастайынан əнге құмар бала Сейіл ауыл сыртындағы «Айғыр ұшқан» жартасына шығып алып əн айтады екен. Жартастың құлама беті тіп-тік құз. Құздың алқымынан сылдырап су ағатын. Табиғаттың осы бір əдемі көрінісі де болашақ əншіге ерекше əсер ететін…
Кеште Сейіл айтқан əндерді жас əншілер Шыңғыс Сəрсенбай, Қуандық Төкенов, Сейілбек Бохаев, Ақжан Акеева, Арайлым Жүкенова, Ақжол Мүрсəлім жəне «Тəттімband» вокалды аспаптар ансамблі орындап, көрермен көзайымына айналды. Кеште Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, əнші Жақсыкелді Кемалов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов əнші Сейіл Аяғанды еске алып сөз сөйледі.
Сондай-ақ, əншінің жары Қымбат Түсіпбекова кешті ұйымдастырушыларға ақжарма алғысын айтты.
«Жаңа Майқұдық» мəдениет үйінің ұжымы əншінің жарына сый-сияпат көрсетті. Сейіл Аяғанның туған інісі Шыңғыс Мұқаев ағасы орындаған əнді орындап, кеш ажарын аша түсті.
Еске алу кешінің шымылдығын «Жас қалам» əнімен жапқан əнші Мұрат Қоңырға ризашылық танытқан көрермен дүркірете қол соқты.
Кештен шыққан менің құлағымда «Жеткізе алар ма жүректің жан сырын, жан сырын жас қалам» деген Сейілдің үні, көңілімде Мұқағали ақынның «Өмір дегенің – бір күндік Сəуле екен ғой!» деген өлең жолдары атойлап жатты…
Серғазы ҚАБЫЛДАҰЛЫ