ӨМІРЗАЯ

Әңгіме

–  Беу, Сержан-ай! Қай жерде, қандай күйде жүрсің?! Жарығым-ай! Бір жылт еткен хабарыңа зарғып қойдың ғой?! – деп күңірене сөйлеген Күмісжан әже іші-баурын кернеген уайым-қайғыдан үйге сыймай «аһ» ұруда. Бәрі күні кешегідей  көз алдында:

Немересінің кәсіптік училищені бітіріп зауытқа жұмысқа тұрғаны сол-ды, ұшты-күйлі жоғалып кетті. Сенбі күні, түскі тамақтан соң әлде бір достары келіп есік қақты. Шешесі – Арай жұмыста, немересінің кіші Қайыржан мектепте болатын.

–  Әже, мен қазір есік алдына шығып келемін, – деді Сержан. Ұшып-қонған бала емес ,мінезі біртоға еді. «Бара ғой, қарағым» деді әжесі.

Аяғында жұқа сандал, бұтында көнетоз трико, кеудесінде ақ жейде. Бар киімі осы. Сол қалпында далаға шықты. Әжесі келген кім екенін сұрағанда: Жұматай деген бірге жүрген досы бар еді соның атын айтты. Күмісжанның бар естігені осы. Содан басқа дерек жоқ.

Бұл өмірде мал-мүлкін қолды қылғанды, қазынасын жоғалтқанды көріп еді, «зіңгіттей адам жоғалды» дегенді осы жасында есіген де, көрген де емес.

Ең сорақысы, мұның баласын ешкім көрмеген, білмеген. Екі жыл ішінде Күмісжанның бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Полицияға да, прокурорға да, әкім-қараға да, ықпалы бар деп депутатқа да айтып бақты. Жоғары жаққа да хат жазды. Жан баласынан қайыр жоқ.

Мына заманда не деуге болады? Адам азды ма, заман тозды ма кәрі әже соны түсіне алар емес. Кімге мұңын айтар, зарын кімге шағар? Бар бітіргені, өткеннен де, кеткеннен де жалықпай немересінің суретін көрсетіп «көрмедің бе, білмедің бе?» деп сұрай беру…

Содан бері кәрі әженің де, баланың шешесі Арайдың да көрген күндері күн емес. Есік тықырласа басын көтеріп тың тыңдайды. Осы қазір Сержаны үйге кіріп келетін секілді. Кей күндері түн баласында кірпігі айқаспай шығады. Күмісжанның өзі де қатып-семіп әбден жүдеп бітті. Кәртайған шешесінің мына халін көрген қызының да қабырғасы қайысып, екі мұңлық көз жастарын көлдетіп бір-бірін жұбатады.

Осылайша әрі-сәрі болып жүргенде, қайсы бір жанашырлары «көріпкелдерге барып жолығыңыз» деп ақыл қосты. Артығы жоқ. Оған да барды.

– Балаңыз тірі, біреулер күштеп ұстап отыр, ауыр жұмысқа салған екен. Ұзамай бір хабары болады, – деді біреуі. Мұны естіген Күмісжанның да, Арайдың да құлазыған көңілі сергіп сала берген. Әжесі болса немересі осы қазір келіп қалатындай, әлгі көріпкелдің сөздерін жиі қайталап, талайға дейін елеңдеп жүрді. Әйтеуір, «тірі» дегенге қуанып, немересі аман жүрсе бір келер деген үмітке бой алдырды.

Енді бірде, ел мақтаған көріпкелдің тағы біріне барды. Жоғалған немересін тура үйге жетектеп әкелетіндей-ақ, соған алып ұшып жеткен:

«Көлдің бер қабағында «Алтын құм» деген жер бар, жансыздап барып көріңіздер. Балаңыз сол жерде. Бірақ шығармайды, күндіз-түні қамауда деді».

– Ой, мың болғыр-ай! Аузыңа май, астыңа тай, – деп Күмісжан оған да қуанды. Не керек, аяқ жетер жердегі құмалақшы, бақсы-балгерлерді түгел аралап бәрінің жорамалын тыңдаған Күмісжан әже немересінің тірі жүргеніне анық сенді. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген кеудесінде жаны болса, топырақтан аман болса бір келер» деген үмітпен өмір сүрді.

Бірде «Бармысың, бауырымға» барып немересінің суретін көрсетіп, теледидар алдында «мені көріп отырсаң бір хабарыңды бер» деп көз жасын көлдетіп қайтты. Сонда көрді, адам жоғалтқан дегенді. Бірі бауырын, бірі баласын, енді бірі қызын жоғалтып, өзі секілді шарық ұрып шырылдаған жан… «Бұл бір айтып келмейтін нәубеттің шеті болар ма?» деп қорықты кейуана.

Айтқандай, сол «Бармысың, бауырымнан» қайтып келе жатқан жолда сапарлас болған Тұрымтай деген әйел:

«Мен осы баланы көрген секілдімін. Ой, Жаратқан-ай, десеші! Тура осы балаға ұқсайды», – деді Сержанның суретін көрген бетте.

– Егер балаңыздың артық суреті болса маған біреуін беріп кетсеңіз.

– Қалтамдағы осы біреуі ғана ала ғой, қарағым, – деп сыртында «Сержан Төрежанұлы Жарқынов. Маусым» деген жазуы бар суретті Тұрымтайға ұстата берді.

–  Мен бұл баланы осы жаз шыққалы екі-үш рет көрдім. Біздің ауданның орталығына зәуеде бір келіп тұрады. Қасында таспадай тартылған екі жігіт бар. Дүкеннен жүк тиеп жатады. Көрдім.

–  Осы бала, – деді ол қолындағы суретті саусағымен нұсқап, – әлгі адамдармен бірге жүрді. Біздің аудан орталығынан жиырма шақырымдай қашықтықта Тасбөгет деген жерде бір дөкейдің  шаруашылығы бар. Балаңыз тура сонда болуы мүмкін. Бірақ оның маңы күзет, аса ешкім жақындай қоймайды. Жайдан жай сұрастырып бару қауіпті. Кім біледі, сезіктенсе таптырмай жіберуі ықтимал, – деп жан-жағына қараған ол:

– Ықпалы бар, сенімді адамдарыңыз болса астыртын біліп бер десе қайтер еді, – деп тосыннан ой тастады. Мына сөзді естіген Күмісжан қуанып та, үрейленіп те қалды. Естігенін жан баласына айтуға қорықты.

Баяғыда елде жүргенде марқұм күйеуінің немере ағайыны болушы еді, көп жылдар милицияда қызмет істеді. Күйуі қайтыс болғаннан соң олармен де хабарласпай кеткен. Оның үстіне соңғы жылдары мына баланың із-түзсіз кетуі өзіне де оңай тиген жоқ. Не істеп, не қойып жүргені белгісіз, ертелі-кеш ойлайтыны сол – немересі.

«Әжелеп» үйге кіріп келе жатқандай болады да тұрады. Түнде түсінен, күндіз есінен кетпей санасын сарсаңға салған.

Күмісжан көп ойланды, қызына естіген жағдайын баяндап: – Әкеңнің Байрахым деген немере інісі бар еді ғой. Соған барып мән-жайды айтсам, жанашыр адам ғой. Ескі таныстары бар шығар, біреуден біреуге тапсырып бір хабарын біліп берсе, – деп ой топшылаған. Қызының да шақшадай басы шарадай, ержеткен ұлдан тірідей айрылған адамда не ес болушы еді. Жібі түзу ақыл қоса алмады.

Арада жылжып айлар өтті. Күмісжан сүлдесін сүйретіп Қарағанды қаласында тұратын Байрахымға барып жолықты. Туысқаны сырқат екен, бірақ жаны қалмай:

– Жеңешем келді! – деп қуана қарсы алды. Баяғыда Өрікбай ағасының бар кезіндегі қызық күндерді еске алып, бір жасап қалды.

– Иә, – деді ол сөз арасында, – немереңнің жағдайын естіп жатырмын. Органдағылар іздеп таппаса қиын екен, – деді.

Күмісжан да осы бір сәтті күтіп отырғандай келген шаруасын да, күдігін де сыздықтатып жеткізді.

Мына әңгімені естіген Байрахым ойға батты. «Мұндай да болжамдар көп айтылады. Оның үстіне қазір байыған адамдар біреуді жалдап, зорлап жұмыс істетіп жатыр деген секілді қауесет осындайда қоздап кетеді. Шындығында олай бола бермейді», – деп ойлаған ол.

– Әлгі айтқан жердің атын жазып алайын сонсоң сенімді таныстарға айтып тексертіп көрейін. Бұл бүгін-ертең бола қалмайды. Күтуге тура келеді, – деді.

Күмісжан қайнысының үйіне бір қонып, аулына қайтып кетті. Арада көп уақыт өтті, Байрахымнан да хабар бола қоймады. Сөйтіп жүргенде тағы бір тосын хабар жетті. Бұл хабарға Күмісжан не қуанарын, не қуанбасын білмеді. Жүрегі лүпілдеп, атұрынып кетті.

Әлгі атағынан ат үркетін кереметтің  фазендасында мұның немересі жүр екен. Оны «Бармысың, бауырымнан» келе жатып жолыққан Тұрымтай деген әйел бар еді ғой, сол көрген. Көріп қана қоймай: «Қарағым, сен Күмісжан апаның немересі Сержансың ба?» деп қасындағылардың көзін ала бере: «Мынау сенің суретің емес пе?» деп түнеукүнгі суретті жанындағыларға байқатпай ұстатып жіберген.

Бала жақ ашпаған, тек «басын изеді»дейді.

Осыдан соң Тұрымтай дереу Күмісжан апаға телефон соғады. Күмісжанның зәресін алған осы хабар еді. Кім біледі, қасындағылар бірдеңеден күдіктеніп немересін жазым етсе қайтеді? Бойын қорқыныш билеген кейуана өзін қоярға жер тапса  қане?! Әрі ойлап, бері ойлап ақыры Байрахыммен хабарласты. Естіген жаңалығын айтты. Қаупін де жасырған жоқ. Күмісжанның әңгімесін тыңдап болған қайны:

–  Мен сенімді адамдарға тапсырдым. Бала ол жерде бар болса олар оны аман алып шығуға тиіс. Хабарын күтіп отырмын. Органдағылар қалай тексеруді өздері біледі. Оған абыржымаңыз, – деп жеңгесін тыныштандырған болды.

Арада тағы бір шама уақыт өтті. Бір күні әлгі аудандағы Тұрымтай түн ішінде телефон соқты:

– Күні бойы сізге телефон шалып ала алмадым, үйде болмадыңыздар. Бүгін өткендегі адамдар келді, бірақ олардың қасында сіздің немереңіз болған жоқ. «Өткенде менен сезіктеніп қалды ма?» деп зәрем жоқ, әйтеуір, олардың қасында бүгін басқа адам жүрді. Мына хабарды естіген Күмісжан есеңгіреп қалды. Уайымы қалыңдап, шарасыздықтан жаны ауырды. Осы кезде тағы да телефон безектеді.

Бұл Байрахым болатын. Күмісжан қайнысының сөзін дегбірсіздене тыңдады. «Мүмкін құтқарып алған шығар» деген көмескі ой сәуле бергендей болды.

– Күйлі-қуатысыз ба, жеңеше?Үй-іштеріңіз аман-сау ма?

– Рақмет, айналайын, өздерің ел-жұртың аман ма? Өзіңнен бір жақсы хабар бола ма деп елеңдеп отырмыз. Сержанымның үйден кеткеніне екі жылдың жүзі болды. Е, қарағым, өлмеген соң бәріне шыдап отырмыз, оны қойшы өзің бірдеңе біле алдың ба? – деді дегбірі таусылған кейуана, телефон құлағына жабыса түсіп.

Байрахым да осы сұрақты тосқандай:

– Жеңеше, өте сенімді адамдар астыртын біліп берді. Олардың айтқандарына қарағанда ол жерде біздің балаға ұқсайтын ешкім жоқ. Тіпті онымен құралыптас адам да кездеспеген. Соған қарағанда жәй сөз болса керек. Алло, жеңеше…

– Иә, қарағым тыңдап тұрмын, – деді Күмісжан әже ауыр күрсініп. Әлгіндегі лүпілдеген жүрегі, атұрынған көңілі су сепкендей басылып, тағы да тұңғиық қайғының тереңіне бата жөнелген.

– Бүгін әлгі баланы көрдім деген әйел осы өзіңнің алдыңда ғана хабарласты. Оның айтысына қарағанда, өткенде көрген адамдар бүгін тағы да орталыққа келген екен, бірақ бұ жолы олардың қасынан бала көрінбепті. Мына сөзді естіген Байрахым үнсіз қалды. Ойы сан-саққа жүгіріп, қалай да бір шикілік бар-ау деген күдікке сене алмай тұрып қалды.

 

***

Арада ширек ғасырға жуық жылдар өтті. Бұл шақта Сержаннан бір хабар ала алмай өмірі өксіген Күмісжан әжеде дүниеден озған. Ағасы жоғалып кеткенде 8-9 жаста қалған Сержанның інісі Қайыржанның өзі үйлі-жанды зіңгіттей азамат. Күйеуден жас қалып екі баланың қабағына қарап осыларды жеткіземін деп ғұмыр кешкен аналары Арай да баяғы өз шешесі Күмісжан секілді ілмиген кемпір. Өмір өз ағысымен ағып жатты. Осыдан бірнеше ондаған жыл бұрын айдың күннің аманында жоғалып кеткен Сержан да көзден таса, көңілден оқшау қалып, ескі қайғының орны көмескілене бастаған кез.

 

***

Тамыз айының іші. Сержан тура осы айда жоғалған-ды. Онда олардың үйі екінші ықшамауданда, ұмытпасақ 17 үй болатын. Бесінші қабатта, балконы аула жаққа қарайтын. Таңертеңгілік пойыздан түскен бейтаныс жолаушы 17 үйдің алдындағы сәкіге келіп жайғасты. Үстіне көнетоз жейде, бұтында жұқа шалбар, басына күнқағары майысқан көнетоз қалпақ, аяғына қоңырқай красовка киген, арық-тұра кісі қалтасынан темекі алып тұтатып, онысын тез-тез сорып мазасызданып отырды. Көз қиығын жоғарғы қабатқа тастап қояды. Сәлден соң темекісін сөндірген ол орнынан тұра беріп қайта отырды. Осы кезде биік үйдің есігі ашылып іштен қараторы қазақ келіншегі шықты. Жолаушы оған жалт бұрылған бетте:

– Сіз осында тұрасыз ба? – деді амандық саулықты ұмытып.

– Иә. Сізге кім керек еді?

– Ана бесінші қабатта тұратын Күмісжан әже мен Арай деген кісілер үйінде ме, соны білмедіңіз бе?

– Арай апаны айтасыз ба? Олар мұнда тұрмайды.

Жолаушы сәл аңырып қалды. Олар қайда кетті екен? Жолаушының сол жақ алқымы тартқылап, тынысы тарылғандай болған. Соны сезген ол теріс айнала берді.

– Аға, егер сіз Арай апаны іздесеңіз, мен мекежайын  білемін. Ол кісілердің үйін біз алған едік, – деді әлгі бейтаныс келіншек. Сонда ғана жолаушының көңілі орнығып:

– Қай жақта екенін айтып жіберсеңіз… Жо… жо…лаушы едім, – деді тұтыға сөйлеп.

– Олар қаланың Шығыс ықшамауданында тұрады, – деді сыңғырлай сөйлеген әйел жолаушы іздеген үйдің нөміріне дейін сақылдатып берді. Әйелдің айтқан цифрларын ішінен ұмытып қалмайын деп әлденеше қайталаған бейтаныс адам аяғын сылти басып кетіп бара жатты. Оның соңынан  қарап қалған әлгі әйел:

– Ағай! – деп дауыстады. Жолаушы артына бұрылғанда:

– Осы көшеден 12 автобусқа мініп, соңғы аялдамадан түссеңіз дәл барасыз.

Жолаушы қайта сұраған жоқ, басын изеп, бір аяғын сылти басып жүре берді.

…Қаланың Шығыс ықшамауданы. Осы бір еңселі үй, Күмісжан әженің соңғы тұрағы болатын. Ақтық сапарға да ол осы үйден аттанды. Немересін сабылып іздеп, қал-қуаты кеміп, дүние жалғаннан озды.

Манағы жолаушы сол үйдің ауласына келіп тоқтады. Есік алдында ағаш сәкі бар екен, жолаушы соған тізе бүкті. Тағы да шылым шекті. Сонсоң баспалдақпен көтеріліп үлкен қоңыр есіктің түймесін басты.

– Төрлетіңіз, аға. Біреуді іздедіңіз бе? – деді есік ашқан аққұба келіншек.

– Бұл Күмісжан апаның үйі ме? Мына сөзге бөгеліп қалған жас келіншек бейтаныс адамның жүзіне таңдана қарағандай болды да:

– Иә, Қайыржан да, апам да үйде. Апа сізге, – деді әлгі келіншек ішкі бөлмеге мойнын соза дауыстап.

– Төрлетіңіз, аға. Апам қазір шығады, – деп өзі асүйге беттеді.

Апасы бөлмесінен шыға қоймады оның орнына ішкі бөлмеден толық денелі ақсары жігіт шығып сәлем берді.

– Қайыржан! – деді жолаушы, жүрегі дүрсілдей соғып. Қарсы алдында тұрған жігіттің қолын алар алмастан босағадағы киім ілгіштің ернеуіне сылқ етіп отыра кетті. Кенет алқымы қысылып тынысы тарыла бастаған ол: «Шіркін-ай, ең құрмаса қазір емес, қазір емес…» деп ішінен бір сөзді қайталап көзін жұмып, көкірегін кере дем алуға тырысқан.

Осы кезде бөлмеден шыққан қартаң әйел, кіреберістегі күңгірт көлеңкеден бейтаныс адамның сұлбасын еркін көре алмай:

– Қайыржан, қонақты төрге шығарсашы. Босағада неге отыр. Төрге шық, қарағым, – деді.

Қайыржан қонақты қолтығынан демеп төргі бөлмеге өтті.

– Қалай, жағдайыңыз, жүрегіңіз ауыратын ба еді? – деп,үлкен диванға жайғасқан жолаушыға су алдырып ішкізді. Осы кезде Арай апа қонақ отырған бөлмеге кірді. Кірді де сілейіп тұрып қалды. Қонақ кісі кеседегі суды ұрттап, басын енді көтергенде шешесінің үрейлі жанарын көріп, орнынан ұмтылып барып:

– Апа! – деп жерге сылқ құлады.

– Сержан! Сержан! Тірімісің, сенбісің, қарағым-ау?! Қарағым-ау! – деп шешесінің көзінен жас парлап  құлап түскен  баласының басын құшып, есі шыға «жаным-ау, балам-ау» деп аңырап жылады.

Үйдің іші азан-қазан болып кетті. Бөлмеден шығып кеткен Қайыржан шешесінің даусын естіп қайта кіргенде, келген жолаушының  ағасы Сержан екенін білген ол да есінен тана жаздап, өкіріп жылады. Бұлар көз жастарына ие бола алмай дауыс салып жатқанда жолаушының екі құлағы тарс бітіп көз алды бұлдырап кеткен-ді. Анасының алақанын жастанып сұлық жатты. Сәлден кейін барып ол есін жиды. Анасының қолынан сүйді. Осы бір күнді көрсем деп, осы бір күнге жетсем деп азап пен қорлықты кешіп өтіп анасының алтын алақанын құшқан сәтте «Апа!» деген сөз алқымына кептеліп қалғандай даусы құмығып әзер шықты:

– Апа! Апатай, мені таныдың ба?! Таныдың ғой, таныдың. Мен, Сержан ғой. Әжем ше, әжем қайда?

– Құлыным-ау! Әжең сексеннен асып, сенің «әже»деген даусыңды аңсап өмірден озған! – деп шешесі тағы да еңіреп көз жасына ие болар емес.

Сержан тағы да есеңгіреп кеткендей болды, көзінен домалап түскен жас самайына қарай сорғалай жөнелген.

– Қайыржан! – деді ол  ағасының дізесін құшақтап, көзі боталап отырған бауырының қолын ерніне басып.

– Сендерді сағындым! Сағындым ғой! Енді арманым жоқ, – деп даусы кемсеңдеп, көзін мөлдірете ашып, қайтадан сұлық қалды.

«Туған үйімнің босағасына жетіп өлсем арманым жоқ» деуші еді,  бейшараның сол тілегі қабыл болғандай. Сержан өз үйінде, туған шешесінің алақанында жатып көз жұмды. Көкірегін кернеген ауыр мұң жұмбақ қалпында өзімен бірге кетті.

Марқұмды шешіндіргенде қалтасынан баяғы әжесі өткен-кеткенге көрсетіп жүрген өзінің суреті шықты. Сыртында: «Сержан Төрежанұлы Жарқынов. Маусым» деген жазуы бар. Мұны көргендер көп уақытқа дейін таң қалды. «Балаға бұл сурет қайдан барған?» деген сұрақ та жауапсыз қала берді. Өмірзая деген осы шығар деп менің де кеудемді өксік биледі.

 

Жанболат БАШАР, жазушы

Балқаш қаласы

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *