Оқа ісі

1989 жылы Компартияның арнаулы Орталық Комитетінің арнаулы шешімі бойынша 1930-40 жылдар және 50-нші жылдардағы әдебиет пн өнер ісіне қатысты арнайы құрылған комиисия жұмысынан кейін 1920-50 жылдардағы қуғынға ұшырағандарды ақтау мәселесіне байланысты ақтаңдақ жылдарында жалған жала жабылып, айыпталған қазақ зиялыларының тағдырын зерттеу қолға алына бастады.  Бұл тізімде халықтың танымал тұлғалары алдыңғы лекте қаралды. Тек бір ғана Қарағанды облысы бойынша «Сәкеншіл» деген айыптау немесе Асылбеков ісіне қатысты әр ауданнан 20 дан астам адам ату жазасына кесілгенін бұл күндері архив құжаттары дәлелдеп отыр.

 Сталиндік саясатты өткір тілмен жеткізе білген ел арасында көзі ашық интеллигенция өкілдері ақындар да болып еді. Солардың бірі Шет өңіріне танымал болған Оқа Сәттібайұлы. Соңғы екі жылда Қарағанды облысы архивтері бойынша сол зұлмат кезеңнің зардаптары құжаттары қайта сараланып зерттеуге алынды. Сол құжаттардың ішінде әр түрлі айыптаулар, жазықсыз жала жабудың бірнеше түрі қарапайым көзге бірден көрінеді. Тарихи құжаттар бұлар заңды құжаттар, директивалар, нұсқаулар т.б. Әрине құжаттар сарғайып кейбірі қарындашпен толытырлыған жазуы өше бастаған. Осы құжаттардың ішінде бұрын ғылыми айналымға түспеген араб қарпімен, кей жерде ескі қадым жазуымен жазылған құжаттардың құндылығы өз алдында. Шет аудандық архивінде сақталған осы Оқа ақынның өз қолымен жазған жоғары сотқа жазған іс-қағаздары.

Араб қарпімен жазылған Оқа Сәттібайұлының хатын толық келтіріп отырмыз. Қазақстандағы прокурорға

Қарқаралы округі, Шет ауданы, 10 ауыл азаматы Оқа Сәттібайұлынан

                                                       Өтініш

Мен Оқа Сәттібайұлы басым қылмыс тауып жатқанымды Кеңестің әділ заң орынына білдіріп, онымен бірге өзімнің кім екенімді, яғни өмір баянымды көптен – көп жылап алдарыңызға білдіріп өтемін.

1)Мен Оқа Сәттібайұлы, Түйте деген рудан. 57 жастамын. 1873 жылы ескіше Ақшатау бөлімінде тудым. Әкемнен 15 жасымда жетім қалдым. Әкеден қалған орташа ауқатқа мирасқор болып осы уақытқа шейін мал бағушы шаруа болып келдім. Мен бұрыңғы қан сорғыш патшаның заманында бектің дәрежесін көксеп, бай, болыс, би ең аяғы оң басылық қызмет атқарып, халық арасына беделім артқан жан емеспін. Және де ақсүйек болып сол уақыттың өзінде жалшы еңбегімен пайдаланып жеке ғана өзімнің байуымды мақсат етіп, еңбек жеуші болған жоқпын. Мұныменен қабат Кеңес үкіметі орнағанша күн көрістің ортадан артық ауқат ішкем жоқ. Және де мен жер қожасы болып жердің шұрайын, судың тұнығын зиянсыздығымның арқасында пайдаланғаным жоқ. Менің қыстауым тұрған Берей арасы болсын, ағайын арасы болсын айдай тақыр көпене, бір тұщы құдық жоқ. Менің Кеңес үкіметінен бұрыңғы қысқаша өмір баяным осы. Ол заманда жуан адам болсам әлбетте жоғарғы жуандыққа жататын түрлі жалалардың бірін басымнан кешіретін едім. Бұл жеріме де көз қырларыңызды салсаңыздар екен[1,70].

2)Кеңес үкіметі алғаш орнағанда, менің ауқатым кедей қатарында болды. Сондайлық ауқатымның шағымдылығының арқасында бірыңғай шаруа салығына 1926 салық жылына шейін ешбір салық тартқаным жоқ. 1926- ыншы жылдан бастап осы 1930 жылға шейін 2 соман артық салық тартпадым.

1930 ыншы жылы менің барлық малым төмендегі:

Ірілі – уақты 12 жылқы, бір түйе, бір сиыр, 3 қой. Үй — ішінің жаны жеті кісі. Менің байлыққа яғни кедейлікке жататыным осыдан көрінеді.

Осы 12 жылдың ішінде, екінің бірінен туып, төңкеріс заңдарына қайшы, әлеумет жұмыстарына батпайтын, түрлі әдет – ғұрпы, қалың – мал алу, ру партиясы, екі қатын алу, ұрлық – зорлық, тағы басқа қылмыстар істеп сот, тергеу орындарына жауапкер болғаным жоқ. Және де үкімет тарапынан ел ішіне келіп отыратын түрлі науқандарға салқын көзбен қараған жоқпын. Осы жоғарғы кеңестің заңынан ауа жайылмағанымды 12 жылдағы жыл санап болып отыратын кеңес сайлауларында, қара тізімде, ерекше шаруада болмағандығым айқын түрде дәлелдейтіндігін қарастырсаңыздар екен[2.71].

4) Осы 12 жылдың ішінде ақ саусақ болып, бейнеттен бай тартып, малай жалдап, шалқамнан жатып еңбек еңбек жеуші болғаным жоқ. Бұл жағын ел ішінде жалкомдер арқылы менің үстімнен жасалған шарттың боқтығы әм Кеңес үкіметінің жалшының еңбегін қорғау жөнінде ұрандарда менен ешбір жалшылық ақыдаулап, үстімнен соттар арқылы билік болмауы дәлелдейді.

5)Өткен үш айдың екпінді науқанының уақытында үкіметтің бай – құлаққа шабуыл жаса деген ұранын 10 – ауыл кеңес ағасы Иса Байжанұлы менімен бай наразылық арқасында нақақтан мені Қарқаралы округінің саяси бөліміне үкіметке қарсы ел ішіндегі жуандармен қол ұстасып үкіметті мұқату шарасына кірісіп бидай, жүн науқандарында Қытаймен қатынасып жасырын ұйым ашып, жиылыс ашты, сол ұйымға қатысты деп көрсетуі бойынша саяси бөлімі өзімді февраль айының 18 і күні тұтқынға алып, мал мүлкімді қаттап, қылмыс заңының 58 статьясының бірнеше буындарымен айыптау қорытындымды жариялап еді. Содан өзімнің ескілікті науқасым болғандықтан кепіл ретінде босатып жіберіп еді. Сол жұмысым қысқармаған екен. Қайтадан шақырып алып отыр[3,72].

6)10 ауыл кеңес ағасы Иса Байжанұлының менімен наразы болатын себебі:

Өткен 1929 жылдың күзінде сол бидай науқанының уақытында менің жалғыз атымды мінуге сұрады. Мен шарушылыққа мінгелі отырған жалғыз атымды неге берейін деп бермедім. Бермесең кедеймін деп жүрген шығарсың, көрермін, осыңды ұмытпа тағдырың менің қолымда – деп жүріп кетті. Ақыры бір аттың майы осындай хәлге ұшыратты. Оған дәлелім: Байжанұлы 10 ыншы ауылға кеңес ағасы болғалы 3 жыл болды. Мен сондайлық үкіметке тап дұшпаны, жат адам болатын болсам 3 жылдың ішінде ерекшеге, қара тізімге яғни кеңес саяси орындарына білдірмей ай қарап жүрмін ба? Әрине бұл жерде меніменен бай наразылығының бар екендігінің, кеңестің әділ құрулы тұрған заң қазысының сынына саламын.

7)Мені бидай, жүн науқандарында ұйымның жиылысына қатысты дейді: Бұл жері жаладан екендігі, менің қыстауым тұрған жер 8 інші ауылдың шекарасы 50 – 60 үй кедей Есей деген ауылдан өзім жалғыз үй сентябрь айынан бастап қысқы шаруашылығына дайындық істеуге бірге отырғам. Сол уақытта ауруым қатты екендігі әм есіктен қадам басқа шықпайтындығымды сол 8 әһінші ауылдың 50 – 60 үйінің кедей, батырақтары біледі. Себебі ұйым бірге болғандықтан. Егер де мен сондайлық жұмыс жасап жүрсем солардың қайсы болса да білер еді де, көрсетер еді. — осылардан үйімнен шықпай ауырып жатқанымды сұрастырсаңыз екен.

8)Мен жүн, бидай науқандарына не себепті кедергі жасаймын. Менде жүн жоқ. Сондықтан жүн салынбады, 2- інші бидай науқанында ауқатымның кедейлігінен бидай түскен жоқ. Мен Кеңес үкіметіне қарсы болатын бай – құлақ емеспін. Үкімет маған еш зорлық көрсеткен жоқ. Қайта балаларым Кеңес мектебінен тәрбие алғанның арқасында әлеумет ағарту жұмыстарына жегіліп еңбегімен, шаруашылығым көтерілді. Еш бір салық тартқаным жоқ. Бұл жерін аудара қарастырып тексерсеңіздер екен.

9)Мен өзім кәрі шалмын 22 жасымнан өкпем тесілген. Өкпемде құрт ауруым бар. Өзім оқымаған, сауатым болмаған қараңғы қырдың қой бағып, қойыртпақ ішкен қазағымын. Мені үкіметке қарсы болып, Қытаймен байланыс болғандықтан ұйым ашып, ұйымға қатысты деуге бола ма? Үкіметті мұқатпақ түгілі малын баға алмайтын мен сияқты қараңғы адамды мұндай адам айтқысыз таудай қылмысқа байлағандығын, осы жерін әділ заңдарыңызға салып қарастырсаңыздар екен[4.73].

Осы жоғарғы нақақтан – нақақ белгілі бай – құлақтың қатарында атаусыз кетіп бара жатқанымды көптен – көп жылап зор арман етіп, сіз де Кеңестің қырағы еңбекшілдің балаларынан мүмкіндік түрде сұраймын. Үстімнен жала жабылған қылмыстан босатсаңыздар екен.

Өтінуші: Сәттібайұлы Оқа. 1930 жыл 2 інші октябрь.

Сәттібайұлының жұмысы бұрыңғы үкіметтің саяси бөлімінде қаралып, бекіп кеткендіктен ол жұмыс бұл жерде жоқ болғандықтан аяқсыз қалдырылсын.

 6/3-1931 жыл.

Бұл өтініштен білетініміз Оқаның сауаттылығы, өзіндік ұстанымы болғанын. Кеңес үкіметінің өзбырлық саясатын ашық көрсетіп отыр.

Жазушы-этнограф Төрехан Майбастың ҚР ҰҚК алған анықтамасы бойынша:

Тұтқындалғанға дейінгі  тұрған жері: Қарағанды обл, Шет ауданы., №10 а.

Кім және қашан тұтқындалды: 05.031930 ж, ОГПУ.

Бап; 58-7, 58-10РСФСР ҚК, бас еркінен 3 эжылға айырып, жазасын ЕТЛ өтеуге кесілген.

Аталған күні және ақтаған орган: 13.10.197 0ж   Қарағанды облсоты.

Істі тоқтату себебі: қылмыстың құрамы болмағандықтан.

Түпнұсқа:

Сатыбаев Уокас.

1873 года рождения, казах.

Место рождения: Карагандинская область, Шетский район, аул ., №10.

Кем и когда арестован: 05.03,1930г.ОГПУ:

Кем и когда осужден.ОГПУ. 25.06.1930 г.

Статья : 58-7, 58-8, УК РСФСР, осужден к лишению свободы в ИТЛ на 3 лет. Дата организации реабилатации : 13.07.1970.,Карагандинский облсуд.

Причина прекращения дела: за отсутствием состава преступления.

ҚР ҰҚК Қарағанды облыстық департменті берген анықтамасы:

Архивная справка

Сатыбаев Уокас (он же Абдуакас и Ока) 1873 года рождения, уроженец аула  №10   Шетского района, Карагандинской области, казах, социальное происхождение  – сын  бия, гржданин СССР, малогрмотный, беспартийный, семейный. До ареста проживал в ауле № 10 Шетского района Карагандинской области. До начала коллективизации имел 600-700 лошадей, 20 верблюдов, 1000 баранов, награждался Царским правительством халатом и медалью.  В собственности на момент арест имел зимовку, юрту, 9 лошадей, 1 верблюда, 1 корову, 4 баранов.

Арестован Окротделом ОГПУ 05 марта 190 года. Постановления Тройки ПП ОГПУ в Казахстане от 25 июня 1930года.

Оқа ақынға тағылған айыпта ол керемет ауқатты адам, ал өзі жазып отырған хатта басқа ақиқат.

Ақиқаты осы өтініш сол сұрқия саясаттың халық арасында жаппай орын алуы болды.

Әдебиет тізімі:

Шет аудандық мемелекеттік архиві.

Список баев Шетского района Ф 265. оп 2, д 5, л 70

 Бұл да сонда Ф 265. оп 2, д 5, л 72

Бұл да сонда Ф 265. оп 2, д 5, л 73

Бұл да сонда Ф 265. оп 2, д 5, л 74

Темірғали Аршабеков,

Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық

құжаттама жөніндегі архив басшысы

Айдарбек Касенов,

өлкетанушы.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *