Қоғамдық ұйымдардың көмегі зор

Азаматтық қоғамды қалыптастыруда қоғамдық ұйымдардың рөлі зор. Қарағанды облысында қоғамдық ұйымдардың қызметіне ерекше мән беріледі. Бұл ұйымдар халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмысты үйлестіруде, олардың мәселелерін шешуде маңызды орынға ие болып отыр. Сондықтан олардың жұмысын жандандыруға талап жоғары.

Жақында  Қарағанды Ten Qogam әлеуметтік бейімделу орталығы жұмысын қайта бастады. Бұл орталық кәмелет жасына толған мүмкіндігі шектеулі жандарға ақпараттық және ресурстық қызмет көрсетеді. Орталық үш жылдан бері жұмыс істейді. Яғни олардың қоғамға, еңбек ортасына бейімделуіне қажетті жағдай жасайды. Бұл мақсатта бірнеше бағытта жұмыс жүргізіледі. Орталық қызметкерлері мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету және құқықтық көмек көрсетумен айналысады. Орталық басшысы Нияз Сүндетәлиевтің айтуынша, мекеме «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.

– Орталық бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бұл жерге өзінің проблемасымен келген мүмкіндігі шектеулі адамның шешім қабылдауына көмектесеміз. Біз жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасымен, қалалық және облыстық әкімдіктермен, Еңбек ұтқырлығы орталығымен тікелей әріптестік орнаттық, – дейді Нияз Сүндетәлиев.

Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі жандардың ұсынысымен құрылған. Яғни олар өмірде кездесетін түрлі жағдай кезінде көмек ала алады. Нияз Сүндетәлиев те мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан олардың проблемасын өте жақсы сезінеді. Сондықтан ол осы ұйымды құруға ұйытқы болды.

Қарағанды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қоғамдық бірлестік қызметі мүгедек жандарға өте қажет. Себебі олар тиісті мекемелермен жедел байланыс орнатуға, мәселесін тез шешуге көмектеседі.

– Бұл жоба мемлекеттік органдар мен мүгедектігі бар адамдардың проблемасын шешуде алтын көпірге, таптырмас құралға айналды.  Болашақта бұл жоба бұдан да жақсы нәтижелер көрсетеді деп ойлаймын, – дейді Қарағанды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бақытнұр Тәліпова.

Сондай-ақ орталықтың психолог мамандары келгендердің қабілеттерін ашуға, олардың қолынан келетін кәсібін, машығын анықтауға жәрдемдеседі. Жаңа жұмыс орнын тауып, оған орналасқан соң бейімделу үдерісін оңай өткеруге қол ұшын созады. Ол үшін келушімен жеке кездесіп, арнайы жұмыс жүргізеді.

Алдағы уақытта облыстың қалалары мен аудандарында осындай орталықтар құру көзделіп отыр.

Сонымен қатар облыста мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі жан-жақты қарастырылған. Жақында аймақта инклюзивті жұмыс орындары ашылды. Мәселен, Қарағандыдағы тігін цехында бірнеше адам еңбек етіп жүр. Есту қабілеті нашар тігінші Лидия Гонкина бір жылдан бері тігінші болып еңбек етіп келеді. Ол бұған дейін қаладағы шағын ательелердің бірінде жұмыс істеген. Алайда мұндай ұйымдардың бәрі тапсырыспен қызмет көрсететіні белгілі. Сондықтан тапсырысты бітірген соң қол қусырып отыруға тура келеді. Тиісінше табысы да аз.

– Жұмысым тоқтап қалғанда мансап орталығына бардым. Маған қалада және Майқұдықта жұмыс орны ұсынылды. Мен Пришахтиснкіде тұрғандықтан осы ауданнан орын тауып беруді сұрадым. Олар көмектесіп, қазір табыс тауып отырмын. Ұжым жақсы. Бір-бірімізге көмектесіп, қол ұшын созып тұрады. Тіпті қыздар менімен амандасып, бірге шәй ішу үшін ыммен сөйлесуді де үйреніп алды, – дейді тігінші Лидия.

Бұл цех арнайы киім тігеді. Кәсіпорын бұған дейін де мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдаған. Цех ғимаратында мүгедектігі бар қызметкерлерге қолаулы, қауіпсіз болуы үшін сыртқы және ішкі құлақтандыру жабдығы, сандық табло мен «ақылды» қол сағаттар орнатылған. Кәсіпкерлік жақында тағы бір мүмкіндігі шектеулі адамға арналған жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.

Қарағанды облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықовтың айтуынша, кәсіпорындар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға ниетті. Оларды ынталандыру мақсатында мемлекет жұмыс берушілерге субсидия төлеп отыр.

– Былтыр Еңбек мобильділігі орталығы екі бағыт бойынша 13 арнайы жұмыс орнын құрды. Биыл мүгедектігі бар адамдарды үш санат бойынша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бұлар есту, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппаратында проблемалары бар адамдар. Жұмыс берушінің басты міндеті – ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау. Ал мемлекет өз тарапынан оларға қолдау көрсетеді, – дейді Нұржан Сыздықов.

Мемлекет жұмыс беруші арнайы жұмыс орнын жабдықтау үшін, құрылғыларды сатып алып, орнатуы үшін кеткен шығындарын өтеп береді. Сондай-ақ, мемлекет мүгедектігі бар адамдар жалақысының бір бөлігін төлейді. Субсидия ай сайын үш жыл бойы төленеді. Яғни  алғашқы жылы жалақының 70 пайызын төлейді. Бірақ оның мөлшері 30 АЕК-тен аспайға тіс. Ал екінші жылы – жалақының 65 пайызы, үшінші жылы 60 пайызы өтеледі.

Бүгінде кәсіпкерлерден 11 жұмыс орнын ұйымдастыруға бес өтінім түсті. Олардың бір бөлігі мақұлданды. Нақты айтқанда, Қарағанды қаласында пластикалық терезе орнататын кәсіпорын – алты жұмыс орнын, Саранда коммуналдық мекеме – бір түптеуші орнын ұсынды. Сондай-ақ Абай ауданында есту қабілеті нашар адамдарға буып-түю орны ашылды. Бұдан бөлек Қарағандыда тірек-қимыл аппараты проблемалары бар адамдарға арналған маркетинг жөніндегі менеджердің жұмыс орны құрылды.

Қазір облыста 55 мың мүгедек адам бар. Олардың 32 мыңнан астамы еңбекке жарамды жаста. Бүгінгі таңда бұл жандардың үштен бірі өз бетінше немесе мансаптық орталықтардың көмегімен жұмысқа орналасты. Мансап орталықтарына 1 200 мүмкіндігі шектеулі жан жүгінді. Орталықтар мамандарының тынымсыз жұмысының арқасында олардың 700-і түрлі бағдарлама мен бағыт бойынша еңбек етіп жүр.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *