Қарағандыдағы Федоров шағын ауданы Орлов көшесіндегі 101, 103 тұрғын үйлердің қоқыс жәшігі айналасының ластығын айтып болмайды. Бұл жерде орналасқан балалар ойын алаңы – демалыс орны емес, күл-қоқыс ауласы сияқты. Қоқысы уақытында алынбаған жәшіктерден желмен ұшқан неше түрлі лас заттар маңайды былғап бағуда. Ал балалар болса осындай ұсқынсыз, лас аумақта ойнап, аунап-қунап жүр. Қарағандыдағы Жаңарған Қазақстанның бір сиқы – осы.
Экологияның тазалығы деннің саулығының бір кепілі емес пе? Бірақ біз көрсеткен мекенжайда ол маңызды емес сынды. Тіпті ескерілмеген. Әйтпесе балалар ойын алаңының жанына қоқыс жәшігін қояр ма еді? Оның үстіне бұл аулада балалар өте көп. Мектеп дәл жанында.
«Біздің үйлердегі балалар ғана емес, өзге аулалардың оқушылары да қоқыс толы осы жерде ойнап жүреді. Жағдайды ескеріп жатқан мекеме жоққа ұқсайды. Бар пәле – қоқыстың уақытында алынбайтындығында. Мәселен өткенде бірнеше күн бұрын сенбілік болды. Үйінділер бірнеше тәулік сол қалпы жатты. Маңайдағы қоқыстарды тұрғындар бірігіп қаншама рет тазаладық. Бірақ, қоқысты уақытылы алып кетпегендіктен, маңайға қайтадан шашылады. Мен осында тұрып жатқаныма 4 жыл болды. Содан бері қоқысты алып жатқанын сирек көремін», дейді Орлов көшесі 101-үйдің тұрғыны Гүлзат.
Бұл маңның қоқысын жинауға жауапты «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы» ЖШС компаниясынан мәселенің мән жайын сұрадық:
«Әуелі тұрғындар қоқысты дұрыс салмайды. Жәшікке тұрмыстық қалдықтарды ғана салуы тиіс. Бірақ, көпшілігі жиһаз, ағаш, құм-топырақ, тағы басқа бөгде заттарды толтырып тастайды. Соның кесірінен жәшік тез толып кетеді. Әйтпесе, бізге қарасты әр жерді тұрақты графикпен жинастырып, алып кетеміз», дейді компания маманы Нұрсұлтан Абдильдин.
Ал енді қоқыс жәшігінің маңындағы үлкен көлемді заттарды алып кетуге әкімдіктен басқа мекеме міндеттелген екен. Ендеше қалалық, аудандық әуімдіктер мен мекемелердің құлағына алтын сырға…
Сонымен, кінәлі кім?
Тұрғындар қоқысты дұрыс салуы үшін әуелі, жәшіктердің сыртына қандай зат салынатыны жазылу керек. Мысалы, шыны, қағаз және пластик деп әрқайсысын таңбалау қажет! Тіптен болмаса, қоқысты ішіне дұрыстап салуын, салуға болмайтын заттарды салмауын ескерткен белгінің де болғаны жөн.
Бұдан кейін тұрғындар да қоқыс тастау, салу әдебін жіті меңгергені жөн. Өйткені орта тазалығы бәрінен де маңызды. Бұған тұрғындар да мұқтаж.
Сара Сұлтанғали