Облыс экономикасы 7 пайыз өсуге тиіс

Былтыр облыстың өңдеу өнеркәсібі 3,8 трлн теңгенің өнімін өндірді. Мұнда негізінен металлургияның десі басым. Саланың үлесі 64 пайызға жетті. Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіп өнімі – 2,1 есе, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру көлемі – 1,3 есе, фармацевтика және химия өнеркәсібі 1,2 есе ұлғайды. Бұдан бөлек, өңірдегі экономиканың елеулі бөлігіне айналған машина жасау, қағаз өндірісі, тамақ өнеркәсібі және құрылыс индустриясында да оң динамика бар.

Облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметі бойынша өңірде болат, шойын, прокат және мыс өндіру көлемі артты. Ал тау-кен саласындағы өндіріс көлемі 7,4 пайыз өсті. Көмір мен металл кендерін өндіру ұлғаюы арқасында осындай өсім тіркелді.

– Жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты түрде өсіп келеді. Жыл қорытындысында негізгі барлық макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім тіркелді. Облыс экономикасы 5,4 пайыз артты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6 пайыз ұлғайып, 4,9 трлн теңгеге жетті. Ал өңдеу өнеркәсібінің жетекші ролге ие болуы экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру бағытының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетті, – дейді облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов.

Инвестиция облыс дамуына елеулі екпін беріп отыр. Былтыр негізгі капиталға 1,4 трлн теңге инвестиция тартылды. Қаржының басым бөлігі өнеркәсіп, энергетика, көлік инфрақұрылымы, құрылыс және әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалды. Соның арқасында жыл ішінде өнеркәсіп саласында жалпы құны 279 млрд теңгеден асатын 28 инвестициялық жоба іске қосылды.

Аграрлық секторда да тың жобалар баршылық. Барлығы 31 жоба қанат қақты. Әсіресе, ет, сүт және жұмыртқа өндіру көлемі тұрақты түрде өсіп отыр.

«Тұрғындарды баспанамен қамтуда ілгерілеу бар. Өткен жылы облыста шамамен 597 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа пәтер халық игілігіне берілді. Сонымен қатар көлік және сауда салаларында да өсім тіркелді. Аталған деректердің барлығы өңір экономикасын әртараптандыруда жемісті жұмыс жүргізіліп отырғандығын айғақтайды. Бұл көрсеткіштердің барлығы экономиканың келешек дамуына берік негіз болады», – дейді әкімдікте.

Биыл экономика өсімін кемінде 7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Оның ішінде инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгеге жетуге тиіс. Мұнда да өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндірістерді іске қосуға және кәсіпкерлікті қолдауға басымдық беріледі. Сонымен қатар азық-түлік өндірісін ұлғайтуға, сауда саласында электронды сауда алаңдары нарығын кеңейтуге барынша ден қойылмақ.

Манас АҚСАРЫ