ОБЛЫСТА КИБЕРАЛАЯҚТЫҚ ДЕРЕГІ КЕМІДІ

Кибералаяқтар алаяқтықтың басым бөлігін азаматтардың ұялы телефонына қоңырау шалып, хабарласу арқылы жасайды. Мұндайда жалған телефон номерлерін пайдаланатыны белгілі. Осы орайда заңсыз сим-карталарды жоюдың маңызы зор. Сондай-ақ осындай алаяқтық мақсатта пайдаланылған сим-бокстарды анықтау да кибералаяқтықпен күресуге екпін беріп отыр. Жақында Қарағандыда Sim-box құрылғысын заңсыз пайдаланған Ресей азаматы ұсталды.

Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде Қарағанды облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері ҚР ІІМ өкілдері және облыс прокуратурасының үйлестіруімен Қарағанды қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде 20 жастағы азаматты сим-бокс жабдығын заңсыз пайдаланғаны үшін ұстады. Ол азамат Ресей Федерациясының азаматы болып шықты. Күдіктінің үйін тінту барысында полиция қызметкерлері 128 слотты сим-бокс құрылғысын, екі Wi-Fi роутерін, сигнал күшейткіш және Altel/Tele2 және Activ операторларына тиесілі 1857 сим-картаны тәркіледі.

Тергеу барысында IT-мамандардың қатысуымен қоңыраулар шалынған абоненттерді және оларға қоңырау шалғандарды анықтау бойынша зертету жүргізілді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сим-бокс арқылы Қазақстан аумағында, сондай-ақ Ресей мен Еуропа елдеріне телефон қоңыраулары жасалған.

Аталған факт бойынша «Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өзгертуге немесе абоненттің сәйкестендіру картасының көшірмесін жасауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз жасау, пайдалану, тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап бойынша күдіктіге екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қарағанды полицейлері тарапынан интернет-алаяқтардың жолын кесу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесінде киберқылмыс көлемі кеміп келеді. Биыл интернет-алаяқтық фактілерінің саны 271 жағдайға дейін азайды.

Кибералаяқтар жеңіл жолмен ақша табу мақсатында түрлі тәсілдерге барып жатыр. Мәселен, полицейлер қарағандылық зейнеткерден 22 млн теңге алған «жалған банкирлерді» қолға түсірді. Бұл қылмысты Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері алматылық әріптестермен бірлесіп ашты.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы қаласында көрші елдің екі азаматы ұсталды. Олар 77 жастағы Қарағанды тұрғынын алдап, 22 млн теңгесін иеленіп кеткен деген күдікке ілінді.

Алаяқтар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырып, зейнеткерге қоңырау шалып, “жинақтарын қорғау қажет” деген сылтаумен бар қаражатын өз еркімен аударуға көндірген.

Әйел бастапқыда өзінің алданғанына сенбесе де, кейін полицейлермен әңгімелескеннен кейін ғана ақшасынан айырылғанына сенген. Күдіктілердің үйін тінту барысында ақша табылды. Бұл факті бойынша да қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ алаяқтар қатардағы азаматтармен қатар несие ұйымдарын да сан соқтырып кеткен жағдайлар жиі кездеседі. Қарағандыда тәртіп сақшылары несие ұйымын екі мәрте алдаған алаяқты қамауға алды.

Ол құжаттарды қолдан жасап, екі автокөлікке бірден несие рәсімдеген. Ал кейін шағын қаржы ұйымы полицияға алаяқтық дерегі бойынша жүгінген.

Тергеу барысында 25 жастағы жергілікті тұрғын жалған құжаттар арқылы жалпы құны 23 миллион теңге болатын екі жаңа кроссоверге несие алғаны анықталды. Күдікті автокөліктерді иеленген соң байланыс номерлерін өзгертіп, төлемдерді төлеуді тоқтатқан. Іздестіру шаралары барысында күдікті қолға түсті. Іс қозғалып, заттай дәлелдер – екі кроссовер тәркіленіп, айып тұрағына қойылды.

Бұдан бөлек көлденең біреудің атынан несие рәсімдеп, қарызға батырып кеткендер бар. Жақында полиция қызметкерлері сондай алаяқтық жасаған күдіктіні қолға түсірді.

Бұқар жырау ауданының полиция басқармасы 57 жастағы жергілікті тұрғынның алаяқтық құрбаны болғанын анықтады. Тергеу барысында белгісіз біреулер жәбірленушінің атына банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан 5 млн теңгеден астам несие рәсімдегені белгілі болды.

Жедел-тергеу жұмыстары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 30 жастағы Қарағанды облысының тұрғынын ұсталды. Ол жасаған қылмысын мойындады. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, алаяқ жәбірленушінің жеке деректерін пайдаланып, онлайн түрде несиеге өтінім беріп, оларды қолма-қол ақшаға айналдырып алған.

Жалпы, тәртіп сақшылары алаяқтардың түрлі алаяқтық схемаларды қолданып. оларды күн санап түрлендіріп отырғанын айтады. Сондықтан полиция қызметкерлері жеке және банк деректерін жарияламауды ескертеді. Және телефон арқылы ешқашан ақша аударудан аулақ болуға шақырады. Тағы бір ескеретін жайт, ешбір банк не полиция қызметкері телефон арқылы ақша талап етпейді және құпия ақпарат жинамайды дейді олар.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *