Облыста топ жарды

Ағалы-қарындасты Қожанәсіп Асылхан мен Аңсағанның есімдері республикамызға, облысымызға көптен танымал. Өйткені олар бала кезінен қазақтың көне ойыны – тоғызқұмалақты таңдап үлкен жеңістерге жетіп жүр. Екеуі де халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, республика, Азия, әлем чемпиондары. Осыдан бір ай бұрын Асылхан бұрын-соңды тарихта болмаған оқиғаның басты кейіпкері болып, жасанды интелектімен жекпе-жек ойынын өткізді. Ол туралы бұқаралық-ақпараттық құралдар жарыса жазған болатын.

Асылхан мен Аңсаған жоғары оқу орындарын тәмамдаған соң туған жерлері Ақадыр кентіне қайтып келіп, балалар мен жастарды осы ойынға баулып жүр. Екеуі де кенттегі Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушылары. Еңбектері еш кетіп жатқан жоқ, жемісін бере бастады.

Жуырда Қарағанды қаласында тоғызқұмалақ ойынынан облыстық чемпионат өткізіліп, оған шәкірттері – спорт мектебінің ұлдары мен қыздары да қатысты. Жекелей есепте 15 жасқа дейінгі ұлдар арасында Нұртай Мейір бірінші орын, 13 жасқа дейін Нұрбек Нұрлан бірінші орын, 11 жасқа дейін Амангелді Мұхаммад екінші орын, 9 жасқа дейін Қуантай Ғани үшінші орынды иеленді.

Ал енді қыз балалар арасында 15 жасқа дейін Хамзе Кәусар бірінші орын, 13 жасқа дейін Қожанәсіп Балғын бірінші орын, 11 жасқа дейін Амарбай Ләйлә үшінші орынды жеңіп алды.

Жарыста топ жарып – бірінші орынға қол жеткізген спортшыларымыз ендігі кезекте Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында өткізілетін республикалық командалық чемпионатқа қатысуға жолдамалар алды.

Жерлес тоғызқұмалақшыларымызға сәттілік тілейік!

                                                         Қ.БЕКҚОЖИН,

 Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *