Облыста топ жарды

Тоғызқұмалақ ойынының хас шеберлері Қожанәсіп Асылхан мен Аңсағанды бүкіл облысымыз бен республикамыз жақсы біледі десем артық айтқандығым емес. Өйткені, олар ұлтымыздың осы көне ойынынан әлем, Азия, түрлі Халықаралық турнирдің, республикамыздың жеңімпаздары әрі жүлдегерлері. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Қазіргі уақытта ағалы-қарындасты спортшылар өздерін тағы да бір жаттықтырушылық қырынан көрсетіп жүр. Шәкірттерінің аяқ алысы да жаман емес, ауыз толтырып айтарлықтай жақсы нәтижелерге жетуде.

Солардың ішінде үйдің кенжесі, біреуіне қарындас, біреуіне сіңлі Қожанәсіп Балғын Азаматқызы. Жасы небәрі 13-те болса да бүгінгі күнде үлкен жетістіктердің иесі. Облыс, республика жарыстарына қатысып, биіктерді бағындыруда. Қазақстан Республикасының спорт шебері.

Балғын қаңтар айының 8-14 аралығында Теміртау қаласында ересектер арасында тоғызқұмалақ ойынынан өткізілген облысымыздың жекелей чемпионатында Классика түрінен де, Рапид түрінен де жеңімпаз атанды. Осы жоғары нәтиже көрсеткеннен кейін ол облысымыздың екі дүркін чемпионы атағына қол жеткізді.

Өткізілген жарыстың қорытындысы бойынша Қожанәсіп Балғын енді республикалық жарыста облысымыздың намысын қорғайтын болады.

Жерлес спортшымызға сәттілік пен үлкен жеңістер тілейік!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті