Жыл басынан бері Қарағанды облысының экономикалық өсімі 13 пайыздан асты. Бұған өнеркәсіп саласындағы даму мен инвестиция көлемінің артуы айтарлықтай әсер етіп отыр. Мәселен, биылдан бастап екі ірі жаңа кәсіпорын іске қосылды. Бұлар – өңір үшін маңызды жобалар санатында. Яғни аталған кәсіпорындар полиэтилен құбырлары мен газ қазандықтарын шығарады.
Бұдан бөлек биыл тағы сегіз жоба жүзеге асады. Оларға құйылған инвестиция құны 200 млрд теңгеден асады. Соның арқасында 2 600 жұмыс орны құрылады. Ірі жобалар қатарында мыс және ферросилиций өндіретін зауыттарды атап өтуге болады.
Биыл облысқа 679,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,6 пайызға артық. Сәйкесінше өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8 трлн теңгеден асты. Өндіріс көлемінің негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Яғни салада 2,2 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Осы орайда Qarmet компаниясында айтарлықтай ілгерілеулер бар. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жаңа инвестордың келуімен тоқтап тұрған шахталар қалпына келтірілді.
Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірдегі ең ірі Qarmet кәсіпорнында инвестор ауысып, алып кәсіпорында қайта жаңғыру басталды. Металлургиялық комбинатта шойын, болат және жалпақ прокат өндірісі артты. Жаңа инвестор келгенде сегіз шахтаның үшеуі ғана жұмыс істеп тұрған еді. Қазір жеті шахта көмір өндіруде. Ұңғыма кенжарларының саны 11-ден 45-ке жетті. Бұл шахталардың көп жылдар бойғы қызметін қамтамасыз етеді, – деді аймақ басшысы.
Өндіріс көлемін арттырумен қатар кеншілердің қауіпсіздігіне баса көңіл бөліне бастады. Мәселен, шахталарда кеншілерді іздеу және позициялау жүйесі енгізіле бастады. Қазір аталған жүйе «Қазақстан» және Күзембаев атындағы шахталарында іске қосылды. Ал келесі жылы барлық шахтада енгізіледі.
Инвестицияның оң әсерін Саран қаласының мысалынан анық көруге болады. Жан-жақты қолдау мен жаңа кәсіпорындардың арқасында шағын шаһар моноқала шеңберінен шықты. Биыл қала бюджетіне қомақты салық түсе бастады. Қазіргі таңда Saran индустриялық аймағын дамыту тәжірибесі елдегі басқа да моноқалаларға үлгі болып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің 93,2 пайызы өңдеу саласына тиесілі. Қазіргі таңда 400 млрд теңге көлемінде 9 жоба іске асырылып жатыр. Іргелі жобалар арасында автобус құрастыру, автомобиль дөңгелектері мен тұрмыстық техника өндіретін зауыттарды ерекше атап өтуге болады.
Бүгінде Президенттің тапсырмасы бойынша Саран тәжірибесі облыстағы басқа моноқалалар – Теміртау, Балқаш, Шахтинск пен Абай қалаларында қолға алынды.
Облыстағы қордалы мәселенің бірі – коммуналдық инфрақұрылымның тозуы еді. Бүгінде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынмен жалғасып жатыр. Нақты айтсақ, Қарағанды, Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында ауқымды жобалар қолға алынды. Жалпы құны 31,5 млрд теңге болатын 14 жоба басталды. Ұзындығы 17 шақырымдық магистральдық жылу желілері жөнделді. Соның арқасында желілердің тозуы 64,4 пайызға төмендемек.
Сонымен қатар аймақтағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында кейінгі отыз жылда болмаған ең ірі жобалардың бірі жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта Қарағандыда үшінші жылу беру нүктесінің құрылысы жүргізілуде. Қазан айында жылу магистралі іске қосылды. Жоспар бойынша жеті жыл ішінде үшінші жылу нүктесі 1,2 млн шаршы метр тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Яғни 20 мыңнан астам пәтерді қамтиды.
Бұл жылу нүктесінің құрылысы қала үшін маңызды болып тұр. Себебі жыл санап құрылыс қарқыны өсіп келеді. Биыл 9 айда 380,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл бұрынғыға қарағанда 4,7 пайызға көп. Ал жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспары бар.
Кәсіпкерлер тұрғын үй құрылысына айтарлықтай үлес қосып отыр. Олар мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, ауылдық жерлерде үйлер тұрғызуда. Қазірдің өзінде 55 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 755 пәтер салынды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тағы бір маңызды мәселе – шалғайдағы елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету. Биыл 14 ауыл сапалы ауызсу жеткізілді. Қазір бір жарым мың тұрғынның үйіне ауызсу құбыры тартылды. Оның үстіне 26 ауылда шағын блок-модуль орнатылуда. Осы шаралар арқасында облыс халқының 97,6 пайызы ауыз суға қол жеткізеді.
Манас АҚСАРЫ