«Қойдым «бомба» ерігіп, кім келеді?» деп…

Ерікеннің ермегі демегенде не дейміз? Қолына ұстаған ұялы телефонымен  елді әбігерге салғандар саны күрт артқан. Бір-екі жылда Қарағанды қаласындағы Орталық әмбебап дүкенге 5-6 рет «бомба» қойылды.  Ал жақында Теміртауда оқушыға сот үкімі шықты.

Өңірдегі алғашқы балалар соты Қарағандыда өтті. Ол мектепке «бомба» қойылды деп жалған хабар бергені үшін жауап беруге мәжбүр болды.

Сот үкімі шығып теміртаулық 15 жасар оқушы бір жыл бас бостандығынан шектелді. Бас бостандығынан шектеу сотталған адамды қоғамнан оқшауламай оның бас бостандығын шектейтін белгілі бір міндеттер жүктеуінен тұрады және бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге мамандырылған органның қадағалауымен оның тұрғылықты жері бойынша өтеледі.

Бас бостандығын шектеуді қоғамдық жұмыстарға тартумен немесе түзеу жұмыстарымен ауыстырған жағдайда ол бір жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін.

Осы заңға сәйкес енді ол кешкі  10-нан кейін дала шығуға, қаланы тастап, кафелер мен ойын бөлмелерін аралауға құқығы жоқ.

Айта кетейік, оқиға былай өрбіген 9-сынып оқушысы 112-ге хабарласып, мектепте «бомба» барын хабарлайды. Дегенмен, тәртіп сақшылары кім  қоңырау шалғанын тез арада анықтайды.

Сотта бала: «Досым екеуіміз отырғанда,  мен «телефон шалсам кімдер  келеді екен, соны көрейік?» дедім», дегенді айтты.

Енді бір жыл ішінде ол өзіне қойылған шектеулердің тым болмаса біреуін бұзса, шартты жаза нақты жазаға ауыстырылады. Соынмен қатар, барлық шығынды ата-аналары төлеуге мәжбүр болады.

Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік он алты жастан басталады. Террорлық актiлер туралы көрiнеу жалған хабарлау он төрт жастан басталады. Егер қылмыскер 14 жасқа толмаған болса, ол жауапкершіліктен босатылады, ал ата-анасы нашар тәрбие үшін жазаланады. Бірақ үлкендер жасандылыққа шындап жауап беруі керек, дейді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дулат Бурабаев.

Мұндай жағдайлар жиілеп кетті, бірақ мұның жазаланатынын бәрі түсіне бермейді.

Сәуірдің 9-ы күні полицияға белгісіз біреу орталық әмбебап дүкенге жарылғыш зат қойылғаны туралы телефон шалған. «Бомба» табылмады. Сақшылар телефон бұзақысын іздестіріп жатыр.

«Сағат 10.40-та 102 нөміріне қоңырау түсті. Белгісіз біреу Орталық әмбебап дүкенге жарылғыш зат қойылғанын хабарлады. Оқиға орнына дереу барлық төтенше жағдайлар қызметі: полицейлер, құтқарушылар және дәрігерлер аттанды. Полиция қызметкерлері ғимаратты тексеріп, жарылғыш затты таппады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қоңырау шалушыны анықтау шаралары жүргізілуде», дейді Қарағанды ​​облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Қазір тәртіп сақшылары лаңкестік актісі туралы жалған қоңырау шалған адамды іздестіріп жатыр. Еріккендер телефонды ғана ермек қылмай электрондық поштаға да хабарламалар жібереді. Осындай оқиға өткен жылдың аяғында болған еді.

22 желтоқсан күні сағат 11.00-ден бастап Қарағанды қалалық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімшелеріне қаладағы бірнеше мектептерге жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарламалар түсе бастады.

Жарылғыш зат туралы хабарламалар мектептердің электрондық поштасына түскен.

Фейк ақпарат таратып, сыртынан мырс күліп отырғандар, ертеңіне жалынып, жалбарынып «Білмей қалдым, кешірім сұраймын» деп ақталып отырады.

Дегенмен, елімізде  терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінгі күні – 14,5 млн.теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделгендігін айта кетейік, – дейді Бақытжан Құдияров.

Сонымен қатар, айыпты жалған ақпаратпен келген бүкіл қызметтің шығынын да өтеп береді…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *