Қолы жеңіл, антқа адал азамат

Хирург  Нұрқаси Абатов жайлы мөлтек сыр

          Қарағанды қаласында тұратын  досым басынан өткен бір оқиғасын баян қылды. Биылғы көктемде өтіне жиылған тастарға ота жасатыпты. Көп ұзамай сол жерде, сол дәрігердің қарамағындағы көмекшісі досымның әйеліне де ота арқылы көмегін көрсетіпті. Бастарына сынақ түсіп, ота жасатқан ерлі-зайыпты екеуі де дәрігерлік емнің сәтті өткенін, медицина мамандарына деген мың алғысын айтып отырды… Тыңдап отырған менің де қызығушылығым артып, сол кісімен сұхбаттасқым келді. Сонан досым екеуміз дәрігер-кейіпкеріміздің жұмыс жайына ат басын тіредік. Қарағанды қаласының «Пришахтинск» деп аталатын ішкі шағын ауданында орналасқан бұл ғимарат – Қарағанды медицина университетінің арнайы клиникасы екен. Ашылғанына, халыққа қызмет ете бастағанына бес жылдай уақыт болыпты.

Өнер саласында «Театр – киімілгіштен басталады» дейтін тәмсіл бар.Осынау ұшқынды ұғымды еске алып, дәрігерлік ғимаратқа кіріп келгенде бізді ерекше бір мейірім қарсы алды. Кіре берісте отырған жігіт пен қыз да жылы амандасып, діттеген жерімізге жөн сілтеді. Жолай жып-жинақы, тап-таза, тыныш дәліздерді көріп қуанып қалдым. «Барлық жерлердегі медициналық мекендерге осындай жағдай жұғысты болса екен» деп те ойлап қойдым. Әрі қарай екінші қабатқа көтеріліп, іздеген дәрігеріміздің есігін қағып ішке ендік. Жігіт ағасының жасындағы жүзі жылы басшы бізді қарсы алып, амандасты. Таныса келе, өз өмір жолынан сыр шертті. Бүгінгі медицинадан біраз жайларды тілге тиек етті…

Жалпы, медицина мамандарының өмірі де, жұмыстары да өте қарбалас, жауапкершілігі мол екені баршаға белгілі. Министрден бастап медбикеге дейінгі аралықтағы барлық медицина қызметкерлерінің күнделікті күрделі істеріне қарап, оларға қанша алғыс айтсақ та, нешеме марапат берсек те артық болмас еді. Өйткені, олар – адамдар тағдырына жауапты. Науқастарға, сырқаттарға ем іздейді, дем береді. Дәлірек айтқанда, дәрігер – ауырған жанның арашашысы. Келіп қалған ажалмен де арпалысатын қаhарман мамандық. Оларда бос уақыт жоқ, уақыттарының бәрі – ауру мен сырқауға көмекке кетеді екен. Осыны ескеріп, хирург замандасымызбен жарты сағат қана әңгімелестік. Соның өзінде үш-төрт рет науқастар есік қағып, бас дәрігерді іздеп жатты. Ал, бас дәрігер-бас хирург есік жаққа қарағыштап, біртүрлі алаңдап отырды…

«Жақсы адаммен сөйлескен жарты сағат, жарты ғұмырыңды ұзартады» демекші, сол жарты сағаттан түйген ойды ортаға салайын.

Нұрқаси Төлепбергенұлы Абатов – Торғай өңірінің тумасы. Бұрынғы Торғай облысына қарасты Амангелді Иманов ауданының Қарасу ауылында дүниеге келіп,  асық ойнап,  доп қуған қарадомалақтардың бірі. Тек бір ерекшелігі, өз қатарластарына қарағанда табиғи қабілеті мен байқағыштық сезімі ерте жетілген секілді. Сол бойда тасыған бұла күші, қабілет қарымы – туған топырағынан нәр алса керек. Топырағына дейін тебіреніп жатқан Торғай өлкесінен талай мықтылар шыққан. Басқасын айтпағанның өзінде, алғашқы ұстаздардың бірі, дала қоңырауы Ыбырай Алтынсаринді, Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлыны, халық батыры Амангелді Иманды атасақ та жеткілікті. Осы текті тұлғаларды тудырған қасиетті жер бала Нұрқасиды да шабыттандырып, қанатын ерте қақтырған. Сол бір балауса, арманшыл жастың аққанат арманы алыс жатқан Қарағандыдағы медицина оқу орнын қалайды. Кеңестер Одағы кезінде медициналық мамандықты таңдау, оған түсу, онда жұмыс істеу дегеніңіз – онның, мүмкін, жүздің бірінің қолынан келіп, бағына бұйыратын. Сондай қайсар мінезінің, озық білімінің арқасында Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түскен. Мектепті қазақша бітірген ауыл баласының ол уақыттағы орысша медицинаны игеріп әкетудің өзі оңай шаруа емес. Бірақ, арғы негізі мықты Нұрқасидың алты жыл мединститутта қалай оқығанының бір ғана дәлелін айтайын, ол – студент кезінде Витебск қаласында өткен студент-жастардың Бүкілодақтық мамандық олимпиадасында бірінші орын алыпты. Мұндай зор жетістік – оның тынымсыз ізденгіштігін, еңбекқорлығын, төзімділігін аңғартып тұрғандай. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, алғашқы еңбек жолын бастауға  туған жеріне жолдама алған. Негізі, қай оқу орны болмасын, өзінің үздік бітірген түлектерін өздерінде қалдыратыны бар. Медицинаны өте жақсы аяқтаған Нұрқасиға да сондай мүмкіндік болып тұрғанда бір жағдайлар себеп болған екен. Сонан жетекші ұстазының ақылымен Торғайға тартып кетеді. Алғашқы еңбек жолын бастауға, тәжірибе тұсауын кесуге сол өзі туып-өскен, балалық шағы қалған алтын аймақты таңдайды.

Үш жылдай сол Торғай өлкесінде аудандық емхана мен ауруханада қызмет атқарып, медицинаның қыр-сырын одан әрі тереңдеп білуге тырысады. Алғашқы баспалдақ, тұңғыш тұсауын шешкен тәжірибе алаңынан кейін, өзі оқыған оқу орнына қайта келіп, жұмысқа орналасады. «Енді еңбекпен қатар ғылымды да меңгерсем, нәтиже шығарсам» деген ой туындайды. Бұл тәуекел ойы да іске асып, орталық аймаққа өте танымал С.В. Лохвицкий деген профессор ұстазының жетекшілігімен ғылыми диссертация жазып, оны сәтімен қорғайды. «Медицина ғылымдарының кандидаты» дәрежесін алады. Осы медициналық жоғары оқу орнында бір жағы ғалым, бір жағы хирург-дәрігер болып, еселі еңбек етеді. Көп жылғы қажырлы еңбегінің бәрін қалдырмай тізіп шықсақ, ұзап кетер. Бір-екеуіне ғана тоқталсам, Нұрқаси Төлепбергенұлы Абатов – Қарағанды аймағында, тіпті кеңбайтақ республика көлемінде лапароскопиялық әдісті тұңғыш қолданып, қолданысқа енгізген мықты маман. Бұрынғы пышақ пен қайшы ұстаған дәстүрлі медицинаны заманауи технологияға бұрған бірден-бір кәсіби, жаңашыл маман десе де болады. Профессор-хирург  Н.Т. Абатовтың көптеген шәкірттері бүгінде ұстазының осы қайырлы қадамын, ізгілікті ізін әрі қарай жалғастырып жатыр. Солардың бірі – дәрігер-хирург Нұрлан Кәкенов: «Ол кісі ота жасаған кезде өте жылдам, қорықпайды. Өзіне-өзі өте сенімді қалыпта іске кіріседі. Осындай қасиеттерін біздің бойымызға сіңіре білді. Мамандығымызға қатысты көп нәрсені үйретті» деп ұстазы жайында жақсы пікірін айтыпты бір сұхбатында.

Дәрігерлік деректерді айтып отырған оташыдан бір байқағаным, жаңа дүниені мейлінше тез меңгеріп алатын сияқты. Бұл қасиет те сол баяғы табиғи қабілеті мен байқағыштық сезімінен қанат қаққандай. Қызықты бір жайт, ұстазынан бір-екі рет көрген іс-әрекетті кезекті бір отада өзі қолданып жіберген. Бұл – «көзсіз ерлігі», өзіндік батыл әрекеті үшін ұстазынан қатаң ескерту алған. Бағына қарай, жасаған отасы сәтті болып, науқас құлан-таза жазылып кеткен. Сонан бері қаншама үлкенді-кішілі hәм күрделі оталарды жасап келеді. Күніне кем дегенде 3-4 ота жасалады екен. Алпыстың асуына шығып, ел ағасы болған азаматтың ұзақ жылғы еңбек майданында қаншама адамды ауруынан арашалап, сырқатын сылып тастағаны, қанша ота жасағанын өзі ғана білетін шығар. Ол жағын тәптіштеп сұрап үлгермедік. Әйтеуір, еліне өлшеусіз еңбек еткені, халқына қыруар қызмет қылғаны – мейірімді де нұрлы жүзінен, сұрақтарға берген нақты жауабынан анық байқалды.

Бұрынғы және бүгінгі медицина. Жаңа технологияға көшу қарқыны. Екі заман, екі қоғамның өкілі өзіңізге қалай әсер етті, айырмашылықтар мен ерекшеліктер бар ма? – деген сауалдарымызға, ол:  — Мен бұрынғы медицинада оқып, тәжірибе жинақтап, бүгінгі заманауи медицинада еңбек етіп жүрген дәрігерлердің бірімін. Қазіргі медицинаның басты ерекшелігі – өте қарқынды даму үстінде. Әрине, бұрынғы мен қазіргінің айырмашылығы жер мен көктей. Медицинаға үнемі ізденіс, даму және өзгеріс қажет. Тоқтап қалмай, заманға сәйкес, уақытпен қоса алға жылжып отыру керек. Баяғы қайшы мен пышақтың заманы өтті. Жаңа технология бәрін жеңілдетіп, аурулар мен сырқат жандарға  көп көмегін  тигізіп, нәтижелі емін ұсынуда. Осы тұрғыдан келгенде, өз басым күнде ізденіп, әлемдік озық медицина үлгілерін ғаламтордан қараймын. Шетелдік мықты мамандарды шақыртып, біз оларға барып, тәжірибе алмасамыз. Онлайн дәрістерге де жиі қатысамыз. Қазіргі жастардың, оның ішінде өзімнің шәкірттерімнің талпыныстарына, ізденістеріне қуанамын.  «Ізденген  жетер – мұратқа!» дейтін халық даналығы – медицинаға аса қажет құнды бағыт деп ойлаймын, — дейді менің кейіпкерім. Ол еңбегімен еленген еңбекқор жан, білікті дәрігер, сонымен қатар өмірде бақытты жандардың бірі, дәрігерлер отбасының құрметті отағасы. Жұбайы – стоматолог, қызы – көз дәрігері, ұлы – Қарағанды медицина университетінің студенті. Бүгінде Қарағанды медицина университетінің Пришахтинск ықшам ауданында орналасқан клиникасының басшысы, бас хирургі. Жоғарғы санатты хирург. Аталмыш университеттің профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты және PhD докторы. Тәлімгер-ғалым. Күнделікті студенттерге дәріс беретін ұлағатты ұстаз.

Халықаралық съездер, симпозиум және конгрестерге үнемі қатысып жүретін зерделі ғалым, тәлімгер-ұстаз хирургия саласында жаңашыл жеті патентке ие. Жүзден астам ғылыми мақалалардың авторы, хирургия мен урология, онкология мамандықтары бойынша сертификаттары бар. Қарағанды облысы әкімінің «Үздік хирург — 2010» сыйлығының жеңімпазы, 2013 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. 2014 жылы «ҚММУ-дің үздік профессоры», осы жылдың соңында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы болған.

2014 – 2020 жылдар арасында ҚР Білім және Ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша ғылыми-зерттеу жүргізіп, көшпелі шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, өткізіп тұрған.

Міне, қысқа уақытта алынған сырлы сұхбаттың төркіні – осы. Біз жылы қоштасып, жылжи бердік. Ал, ол болса, кезекті бір отасына бара жатты… Оның алдында тағы бір тағдыр… Тағы бір ауруына ем іздеп, қиналған жан иесі… Біз де оған: «Жүрегі жылы, қолы жеңіл, дәрігерлік антқа адал  медицина маманының отасы сәтті өтсе екен, науқасқа Алланың шипасы болғай» деген тілеуімізді тіледік.

Иә, мейірімі мол, артық-ауыс сөзі жоқ, өз іс-әрекетіне мығым, «Қазақстанның жүз жаңа есімі» кітабына енген осындай мамандар аман болсын! Көпшілікке үлгі-өнеге тұтайық!

 

Әлімжан Жақан,

Қарағанды қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *